Бүгін, 16 қыркүйек күні Астана халықаралық әуежайында Ливерпуль қаласында өткен жаһандық доданың жеңімпаздарын салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
2025 жылы көпшілік асыға күткен бокстан World Boxing ұйымының ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Ливерпуль төрінде 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль олжалап, жалпы командалық есепте топ жарған болатын.
"Қазақстан боксшылары 1993 жылдан бері жаһандық додаға қатысып келе жатса да, әлі күнге дейін аса ауыр салмақта чемпион шықпапты. Міне, сол межеге бірінші болып жеткеніме өте қуаныштымын. Бұйырса, алдағы уақытта тарихты одан әрі жаңғыртсам деген ниетім бар. Өздеріңіз білетіндей, Париж Олимпиадасын сәтсіз өткіздім. Енді 2028 жылы сол кеткен есемді қайтарсам деймін. Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Ал әлем чемпионатына келетін болсам, менің финалдық жекпе-жегімнің алдында Қазақстан мен Өзбекстан 6 алтынмен теңесіп тұрған еді. Сондықтан соңғы секундқа барымды салып жеңісті жұлып алдым. Жалпы командалық есепте топ жару – қазақ жанкүйерлеріне үлкен қуаныш сыйлағаны сөзсіз", – деді ерлер құрамасының капитаны Айбек Оралбай.
Айта кетейік, 2023 жылы Ташкент төрінде Нұрбек Оралбай топ жарып еді. Енді егіз Оралбайлардың да еншісінде әлем чемпионатының алтын жүлдесі бар.
"Әлем чемпионаты алдындағы оқу-жаттығу жиынында жеке бапкеріммен басты қарсыластарымды зерттеп, арнайы тактика түзгенбіз. Басты назарды солақай боксшыларға аудардық. Дәл солай болды да... Шынымды айтсам, Ливерпульде қазақтардың тарапынан дәл осындай жалынды қолдау болады деп күтпедім. Бұл да қосымша жігер болып, сенімділік берді", – деп ең жеңіл 50 келідегі Санжар Тәшкенбай өз эмоциясымен бөлісті.
Осы орайда Санжар Тәшкенбай (50 келі) мен Махмұд Сабырханның (55 келі) араға 18 жыл салып, 2 дүркін чемпион атанған санаулы боксшылардың қатарына кіргенін атап өткеніміз жөн.
Чемпионатқа 68 елден 540 спортшы қатысты. Ал Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы өз тарихындағы үздік үшінші нәтижесін тіркеді.
Қазақстан ерлер құрамасы әлем чемпионатында 32 жекпе-жек (14-Азия, 14-Еуропа, 3-Америка, 1 - Африка) өткізіп, оның 26-ында жеңіске жетті. Ал Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатында 30 жекпе-жек (11-Азия, 15-Еуропа, 1-Америка, 3-Океания) өткізіп, оның 23-інде жеңісті тойлады.
Енді боксшылардың алдарында әлем кубогының финалдық кезеңі, Азия чемпионаты, 2026 жылы Аичи-Нагояда өтетін жазғы Азия ойындары сынды ірі додалар күтіп тұр.