Нұр-Сұлтанда Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшысы Тимур Құлыбаевтың бастамасымен күрес түрлерінен лицензиялық әлем чемпионатын ұйымдастыру комитетінің бірлескен жиыны өтті, деп хабарлайды Ұлттық Олимпиада Комитетінің баспасөз қызметі. Басқосуға ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов және күрес түрлерінен қазақстандық федерация президенті Сауат Мыңбаев қатысты.
14-22 қыркүйек аралығында әлемнің білекті балуандары Қазақстанға ат басын бұрады. Күрес түрлерінен 2019 жылғы әлем чемпионатында Олимпиада ойындарының лицензиясы таратылмақ. 2020 жылғы Токио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алу үшін әлемнің мыңға жуық балуаны кілемге шығады деп күтілуде. Әлем чемпионатында 1-ші орын мен 6-шы орын аралығында жайғасқан қазақстандық спортшылар төртжылдық додасына тікелей жолдама алады. Нұр-Сұлтандағы әлемдік сында күрестің үш түрінен жалпы есебі 108 олимпиада жолдамасы өз иесін таппақ.
"Өткен аптада біз Біріккен күрес әлемінің президенті Лалович мырзамен кездесіп, әлем чемпионатына дайындық барысын талқыладық. Дайындық кезеңіне көп уақыт қалған жоқ, сондықтан, олимпиада әлеміндегі ірі спорттық оқиғаға үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Қазақстандық спортшыларды дайындау бапкерлердің міндеті, ал ұйымдастыру комитеті әлем біріншілігін жоғары деңгейде өткізуге бар күшін салса деймін. Бәріміз күш біріктірсек, әлемдік доданы абыроймен атқаратынымыз сөзсіз. Лицензиялық әлем чемпионатын өткізудің өзі үлкен мәртебе. Өз жеріміздегі бәсекеде балуандарымыз жанкүйерлерді қуантады деген үміттеміз", - деді Қазақстан ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев.
Қазақстан ҰОК президентінің айтуынша, біздің еліміздің әлем чемпионаттарын ұйымдастырудағы тәжірибесі мол. Оның үстіне, елордада бірнеше рет әлемдік деңгейдегі ірі жарыстар өтті.
"Бізде ауқымды спорттық бәсекелерді өткізу тәжірибесі бар. Жақында ғана Нұр-Сұлтанда шайбалы хоккейден әлем чемпионаты жоғары деңгейде өткізілді. "Барыс-Аренаға" қарап, инфрақұрылымның да дайын екенін айтуға болады. Нақты тапсырмалар берілді", - деді жиында сөз алған астана әкімі Бақыт Сұлтанов.
Әлем чемпионатын ұйымдастыру комитетінің жиыны жүйелі түрде өтіп тұрады. Маусым айында Біріккен күрес әлемінің өкілдері дайындық барысымен тереңірек танысу үшін Нұр-Сұлтанға келеді деп күтілуде.
"Бұл өте үлкен және маңызды оқиға. Біз UWW-мен бірлесе жұмыс істеуге ниеттіміз. Егер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе жұмыс істесек, әлем чемпионатын өте жоғары деңгейде өткіземіз", - деді Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Еске сала кетейік, жақында Қазақстан ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев UWW президенті, Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі Ненад Лаловичпен кездесіп, күрес түрлерінен елімізде өтетін әлем чемпионатына дайындық барысын талқылады. Кездесуде UWW президенті Қазақстанның әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізетініне сенім білдірді.
Сондай-ақ, Қазақстан ҰОК басшысы мен UWW президенті арасындағы кездесу барысында Qazaq Kuresi Халықаралық федерациясын UWW қатарына енгізу мәселесі оң шешімін тапты.
Айта кетелік, лицензиялық әлем чемпионатын өткізу құқығын Қазақстан былтырғы қыркүйек айында жеңіп алды. Әлемдік сынды қабылдауға Стамбул қаласы да үміткер атанған болатын.