Елордада Tartyl Fest турнирі өтті

1080

Гранд-финалдың жалпы жүлде қоры 54 млн теңгені құрады.

Елордада Tartyl Fest турнирі өтті

Елордадағы Конгресс орталықта өткен Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалы өтті. Спорттық сайысқа 9 жас және салмақ дәрежесі бойынша 170 қазақстандық қатысты. Финалдың қорытындысы бойынша жеңімпаздар

18 жасқа толмаған 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Мансұр Уәлиев топ жарды. Сонымен қатар 18 жасқа толмаған 55-70 келі салмақ  дәрежесінде Егор Ногин (Өскемен қ.), 18 жастағылар арасында 70 келі салмақ дәрежесінде Ілияс Мұқышев (Семей қ.), 18-30 жас аралығында 65-70 келі салмақ дәрежесінде  Руслан Фатахов (Петропавл қ.), 30 жастан жоғары 80 келіге дейінгі салмақ  дәрежесінде Евгений Нам (Тараз қ.), 18-30 жас аралығында 80 келіден жоғары салмақ  дәрежесінде Евгений Созончук (Өскемен қ.), 30 жастан жоғары 80-90 келі салмақ  дәрежесінде Руслан Касманов (Петропавл қ.), 30 жастан жоғары 90 келі салмақ  дәрежесінде Виталий Бибиков (Қарағанды қ.) жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар 3 млн теңгеден сыйақы алды.

Екінші орын мен 2 млн теңгелік сыйақыға ие болғандар: Айдос Сүйіндік, Нұрхат Тілеулиев, Радмир Темірболат, Никита Олейник, Ислам Береханов, Рамиль Әбішев, Андрей Антонянц, Илья Иванов және Валентин Жуков.

Үшінші орын мен 1 млн теңгелік сыйақыны Данил Ещенко, Аслан Баубеков, Наиль Иминов, Ерхан Майоров, Алмас Сапар, Тимур Андреев, Дамир Нәбиев, Олег Гурский және Арман Жамалиев алды.

Марапаттау рәсімінде сөз алған Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов турнир жыл сайын өтетін дәстүрлі жобаға айналатынын айтты.

"Бұқаралық спорт түрлерін дамыту – біздің негізгі мақсатымыз, міндетіміз. Мемлекет басышсы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен елімізде тұңғыш рет, елорданың төрінде Tartyl Fest атты спорт мерекесі өтті. Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырушы комитетпен бірлесіп бұл жобаны міндетті түрде жыл сайын өткізіп, дәстүрге айналдырады деген ұсыныс білдіргім келіп отыр. Болашақта бұл жобаны қолдай отырып, бұқаралық спорт түріне мыңдаған жасөпірім келеді деп сенеміз", - деді министр.

80 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасқан 30 жастан асқан атлеттер арасында үздік өнер көрсеткен Евгений Намның жетістігі турнир рекорды болып тіркелді. Ол белтемірге 52 рет тартылды. 

"Мақсатым өз рекордымды жаңарту еді. Өйткені, бұл гранд-финалға ұзақ дайындалдым. Әрине, әр спортшы өз рекордын жаңарту үшін тер төгеді. Менің бүгінгі мақсатым сол болды, яғни өз-өзіммен жарыстым", - дейді атлет.

Бұл гранд-финалда чемпион атанғандар Street Workout бойынша әлем чемпионатында Қазақстан атынан сайысқа түсе алады. Естеріңізге сала кетейік, белтемірге тартылу жарысы былтыр Қазақстанның 20 қаласында өтті. Онда 7 мыңнан астам қазақстандық 9 салмақ дәрежесінде сайысқа түсіп, 33 жастағы тараздық Евгений Нам 50 рет көрсеткішпен турнир рекордын орнатқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу