Елордада зәулім үйлерді зиратқа тақап салуға рұқсат етілмек

2056

Құжатқа жаңа денсаулық сақтау министрі қол қояды деп күтілуде. 

Елордада зәулім үйлерді зиратқа тақап салуға рұқсат етілмек

Ұлт денсаулығына жауапты ведомствоның тізгінін өз қолына алған Алексей Цой Елжан Біртанов тұсында қабылданған бірқатар бұйрықты жедел өзгертуге кірісті. Осы мақсатта "ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және Ұлттық экономика министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жиынтықты топтама әзірленіп отыр. Жаңа бұйрық жобасына денсаулық сақтау министрі А.Цойдың қол қоятыны, ал бұйрықтың орындалуын бақылау денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабековаға жүктелетіні атап көрсетілген.

Жоба аясында "Зираттарға және жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" қолданыстағы №138 бұйрық өзгертілмек. Бұл құжатқа осыдан 5 жыл бұрын, 2015 жылғы 26 ақпанда сол кездегі ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев қолтаңбасын басып, бекітіп кеткен болатын.

Ұзын сөздің ырғасы: Досаевтың құжаты зираттар мен тұрғын үй, әлеуметтік және басқа да нысандардың арасын алшақтатады. Яғни, адам мүрдесі көмілетін орындарға жақын жерде құрылыс жүргізуге тыйым салады.

Оған сәйкес, қоршауынан бастап санағанда зираттар біріншіден, алғашқы тұрғын үйлерден және қоғамдық ғимараттардан, спорттық-сауықтыру және санаторлық-курортты аймақтардан – кемінде 300 метр қашықтықта орналасуға тиіс. 

Екіншіден, халықты ауыз сумен жабдықтау көзі зираттан – кемінде 1 шақырым қашық жатуы міндетті.

Цойдың жаңа бұйрығы, егер қабылданса, бұл ара-қашықтықты "минимумге" дейін азайтады. Нақтылай кетсек, "жабық зираттар үшін – кемінде 100 метр" деген толықтыруды енгізу ұсынылған. Сәйкесінше, адам жерлеу тоқтатылған молаларға қала құрылысы 100 метр жерге дейін төніп келмек.

Бұл не үшін жасалуда?

"Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ақпараты бойынша қала аумағында 24 зират бар. Олар 678,5 гектар аумақты алып жатыр. Бұл ретте жалпы алаңы 180,3 гектар болатын 23 зират тұрғын аудандарда орналасқан. Оның ішінде 14-і – жабық (қолданылмайтын) зират. Барлық 23 зират қазіргі тұрғын үй және әкімшілік ғимараттар салынып жатқан аймақта орын тепкен. Олардың айналасында 300 метр санитарлық-қорғау аймағы бекітілді. Осыған байланысты 1 мың 72,7 гектар жалпы аумақта құрылыс жүргізуге тыйым салынып отыр", – деген түсініктеме берді салыстырмалы кестеде вице-министр Людмила Бюрабекова.

Осыған қарағанда Цой мырзаның алғашқы бұйрықтарының бірі құрылыс компанияларын жарылқау үшін қабылданатын сияқты. Бұдан бөлек, осыны сұрап отырған нақты кәсіпорындардың аты да аталды.

ДСМ сендіруінше, бұл өзгеріс "қала аумағын тиімді пайдалануды, елді мекендер мен астананың ықшам дамуын қамтамасыз етеді". Тиісінше, бұйрық жобасы 2019–2023 жылдарға арналған "Астана қаласының ықшам дамуының кешенді жоспарын бекіту туралы" ел Үкіметінің 2018 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысына сүйенеді.  

"Сонымен қатар, дәл осы ұсыныстарды жабық, белсенді емес зираттардың санитарлық-қорғау аймағында орналасқан қолданыстағы ғимараттарға реконструкция жүргізіп жатқан кәсіпкерлік нысандары енгізіп отыр. Бұлар – "Отан соғысының мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталь" РМК-сі және "Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорация ғылыми-зерттеу институты" ЖШС-і. Қолданыстағы талап (300 метрлік) оларға жобалық құжаттамасын мемлекеттік сараптама рәсімінен өткізу кезінде проблемалар туғызады", – дейді министрлік.

Статистика комитетінің дерегінше, Қазақстанда 2020 жылғы қаңтарда – 11 867 адам, ақпанда – 10 842 адам, наурызда – 8 511 адам қайтыс болған. Коронавирус өршіген кейінгі айларда қанша азаматтың өлгені туралы статистиканы мемлекет әзірге жариялаған жоқ.

Қазақстан жан басына шаққанда COVID-19 жұқтыру қарқыны жөнінен әлемдегі алдыңғы орынға шықты. Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған ақпарат бойынша бұл індеттен 264 қазақстандық қаза тапты.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу