Елордадағы 40 көппәтерлі үйден ақау табылған

5337

Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған баспананың сапасы неге төмен? 

Елордадағы 40 көппәтерлі үйден ақау табылған

Нұр-Сұлтан қаласында соңғы жылдары қолданысқа берілген 40 көппәтерлі үйден ақау табылған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Технология дамып, өндірістің бәрі сапа стандарты бойынша ғана жұмыс істеп жатқан заманда тұтас бір елдің астанасында жаңа салынған үйлерден ақау табылып жатқаны біздегі ахуалдан хабары жоқ адам үшін түсініксіз болып көрінетін шығар. Бірақ бұл – Қазақстан. Біреу емес, екеу емес, 40 үйден ақау табылып отыр. Сол үйлерде тұратын 5 мың отбасының күн сайын құрылыс компаниясын қарғап-сілеп, оны қабылдау туралы құжатқа қол қойған шенеуніктерді сыбағаннан басқа амалы жоқ. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында осындай мәселе көтерілді.

Аталған үйлердің бәрі мемлекеттік бағдарлама арқылы салынғанын айту керек. Яғни онда тұрып жатқан тұрғындар баспанаға шын мәнінде мұқтаж, жылдар бойы кезекте  тұрғандар деген сөз.

Құрылыс компаниясының атынан сөз алған бірнеше депутат мемлекеттік тапсырыспен салынатын үйлердің сапасы төмен болуы заңды деген пікір айтты. Өйткені мемлекеттік бағдарламамен бой көтеретін үйлердің сметасы нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен мөлшермен белгіленетін көрінеді. Мысалы, мемлекеттік тапсырыс бойынша салынатын үйде 1 шаршы метр кірпішті қалау құны 100 теңге деп көрсетілген. Ал нарықта оның бағасы 240-260 теңгеден басталады.

"Осыны көрген соң есі дұрыс мердігер мемлекеттік бағдарлама арқылы үй салуға жоламауға тырысады" деген уәждер айтылды.

Жиында С-409 көшесіндегі №43, 45, 47 үйлердің жағдайы да сөз болды. Бұл үйлер 2015 жылы қолданысқа берілген. 2016 жылдан бастап шатырынан су ағуды шығарған. Оны салған "Номад Строй" компаниясының жетекшісі сотталып тынған. Бірақ мердігердің сотталуы ондағы тұрғындарға қайдан қамсау болсын?! У-шумен жүргенде кепілдік мерзімі өтіп кеткен.  Қазір үйдің шатырынан аққан су жертөлеге дейін жететін болған.

"Бұл үйлерге "Дружный двор" пәтер иелері кооперативі қызмет көрсетеді. Көктем мен күзде шатырдан түспейтін болдық.  Қыс бойы шатырдың қарын тазалап, жауын болса су сапсып жүруден бәрі қашады. Жұмысшы табудың өзі проблемаға айналды",– дейді ПИК өкілі.

Атышулы №47 үйдің ең үстіңгі қабатындағы пәтерлер жетімдер үйінде тәрибеленген жастарға берілген екен.

"Бүгін мына жерде тұрғындарымен кездестік, түсіндірдік деп есеп беріп жатыр ғой. Кім бізбен сөйлесіпті? Кім келіпті? Шынымен де біздің үй туралы айтып отырсыздар ма? Құрылыс басқармасының өкілі мүлде басқа үй туралы айтып отырған сияқты. Қайдағы 2018 жыл? Біздің үйлер 2014 жылы салынған", – деді ПИК өкілі.

Қалалық құрылыс басқармасының басшысы Əрсен Жаңғасқанов аталған 3 үйдің тағдырын арнайы комиссия құрып, шешуге уәде беріп құтылды.

"Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы" Әнуар Саипов аталған үйлердің кепілдік мерзімі өтіп кеткендіктен, мемлекет есебінен қаржы бөліп жөндеу қиын болатынын айтады.

"Былтыр бұл мәселе қаралған болатын. Күтіп ұстауға қаржы бөлу туралы мәселе сол кезде де көтерілген. Аталмыш үйдегі пәтерлердің жартысы жеке меншікке өтіп кеткен.  Сондықтан Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында жөндеу ұсынылған болатын. Тұрғындар ақша жинауға қарсы болды", – деп ақталды.

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов жауапты орган өкілдерінен ақаулы үйлерді мемлекет есебінен жөндеу қиын болса, кезінде осы кемшілікке жол бергендердің есебінен реттеуді талап етті.

"Кепілдік мерзімі өтіп кеткенін түсініп отырмын. Бірақ азаматтық кодекс бар емес пе? Егер үйдің шатырынан кірген су жертөледен шығып жатса, мәселе шатырда ғана емес қой? Яғни құрылыс нормалары бастан-аяқ бұзылған. Сонда бүкіл нысанды өстіп қабылдап алып, ақаудың бәрін тұрғындардың мойнына іле берейік пе? Мердігер компанияның басшысы сотталды екен деп банкрот болмаған шығар. Жоқ дегенде оны сатып алған немесе құқығын мұраға алған ұйым бар. Солармен бұл мәселені пысықтау керек",– деді ол.

Мәслихат хатшысының айтуынша, депутаттар елордада соңғы 3 жылда қолданысқа берілген үйлердің сапасына талдау жасаған екен. Нәтижесі жаға ұстатады.

"5 мың отбасы тұрып жатқан 18 тұрғын үй кешеніндегі 40 көппәтерлі тұрғын үйде ақау бар екені белгілі болды. Негізінен абаттандыру бойынша ақау көп. Екінші орында құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасыздығы тұр. Қабырғалары шатынаған, шатырынан су аққан, есік-терезелері жылу ұстамайды. Кейбір үйлердің жертөлесі судан құрғамайды.  Инфрақұрылым желілері заңды жолмен балансқа берілмеген. Көбінің иесі жоқ.  Қабырғасы көгеріп, іргесі шіри бастаған үйлер бар. Мұның бәрі 2 жыл бұрын қолданысқа берілген үйлер",– дейді Ерлан Каналимов.

Айтыса келіп комиссия мүшелері әуелі С-409 көшесіндегі №43, 45, 47 үйлерді қалпына келтіру үшін тұрғын үй инспекциясы мен құрылыс басқармасының, техникалық қадағалау қызметінің өкілдерінен комисся құрып, ақауларды жою үшін жобалық смета жасау қажет деген шешімге келді.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу