Елордадағы коронавирустық инфекция бойынша қазіргі жағдай

1975

Елордада күн сайын 3 мың тест жүргізіледі.  

Елордадағы коронавирустық инфекция бойынша қазіргі жағдай

 

11 мамырда өткен онлайн баспасөз мәслихатында Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен осындай мәлімдеме жасады.

Соңғы мәлімет бойынша қалада вирус жұқтырғандардың саны 1074-ке жеткен.

"Қалада коронавирус инфекциясының 1074 жағдайы тіркелді. 1134 науқас стационарда жатыр. 404 адам емделіп шықты. Үйдегі карантинде 3539 адам бар. Өкінішке орай, індеттен 3 адам қайтыс болды. Қазіргі уақытта жалпы 40 мың лабораториялық тест жүргізілді. 24 мың адам экпресс тестілеуден өтті. Күн сайын 3 мың тест жүргізіледі", – деді ол.

Оның айтуынша, 22 наурыздан бастап 11 мамырға дейін елімізге халықаралық рейспен келген 2500 жолаушы оқшаулануға алынған. Ал 30 мамырда Орталық жол ауруханасына пульмонологиялық профильдегі 150 жататын орын бөлінеді.

Сонымен қатар ол Елордадағы автобустардың 12 мамырда жүре бастайтынын мәлім етті. Дегенмен тұрғындар санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қоғамдық көлікте де сақтауы тиіс екенін алға тартты.

 "Бүгін мемлекет басшысы қоғамдық көліктер жұмысының басталуына тоқталған болатын. Ертеңнен бастап біз қаладағы қоғамдық көліктің жұмысын толығымен бастатамыз. Қозғалыс бағыты туралы ақпарат БАҚ өкілдеріне хабарлаймыз. Ең бастысы барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды тек қоғамдық орындарда емес, сонымен қатар қоғамдық көліктерде сақтау керек. Тұрғындар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автобус парктерінің басшылығы жұмыс атқарып жатыр", – деді Мәкен.

Ескере кететін жайт, 11 мамырдан бастап қаладағы саябақтар ашылған болатын. Қала әкімінің орынбасары тұрғындарға санитарлық нормаларды сақтай отырып серуендеу керектігін ескертті.

"Нұр-Сұлтанда шағын және орта бизнестің кәсіпорындары сауда және қызмет көрсетумен айналысады. Бұл салада жұмыспен қамтылған халықтың 60 пайызы еңбек етеді. Елорда кәсіпкерлері салық төлеуден босатылды. Ондағы салықтың мөлшері 31 млрд теңге. Эпидемиологиялық жағдай реттелсе, сауда орталықтары, мейрамханалар мен қонақүйлер біртіндеп жұмысқа кірісе бастайды", – деді өз сөзінде Бақтияр Мәкен.

Оның айтуынша, алдағы "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында 15 мың жұмыс орны ашылмақ. Осы мақсаттта бюджеттен 61 млрд теңге бөлінген.

Қала әкімінің орынбасары Нұр-Сұлтанда әлі де вирус жұқтыру қаупі сақталуда екенін жариялады.

 "Бүгін ел аумағында ТЖ режимі тоқтатылды. Бірақ Нұр-Сұлтан қаласында әлі де вирус жұқтыру қаупі сақталуда. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де залалын тигізуі мүмкін. Сондықтан бұған дейін енгізілген карантиндік шектеулер сол қалпында қалады. Спорт шаралары және отбасылық шаралардың өткізілуіне рұқсат берілмейді. Сауда-ойын сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлардың жұмысына салынған тыйым сол күйі қалады, көрмелер мен басқа да адам көп жиналатын шараларды өткізуге болмайды. Сонымен қатар діни нысандар да жұмысына кірісе алмайды", – деді Мәкен.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу