Елордалық хоккей клубы "Сочиден" басым түсті

1543

Команда қатарынан екінші мәрте жеңіске жетті.

Елордалық хоккей клубы "Сочиден" басым түсті

Желтоқсанның алғашқы күні "Барыс" өз айдынында "Сочиді" қабылдады. "Сочи" Ригадан "Динамоны" 3: 2 есебімен жеңгеннен кейін Нұр-Сұлтанға келді. Гол авторлары дубль жасаған Игорь Руденков пен Мальта Стрёмваль еді. Осы ойыннан кейін көп ұзамай Стрёмваль Санкт-Петербургтің СКА хоккей клубына ауысты.

Ал "Барыс" жексенбіде "Спартакты" жеңіп, өз айдынындағы матчтар сериясын ашқан болатын. Ол кезде біздің команда Кертис Волк пен Якоб Лилияның арқасында жеңіске жеткен. Биылғы маусымда қазан айының соңында екі команда арсында өткен матчта "Сочи" "Барысты" 3:0 есебімен жеңген болатын. Бірақ, бұл жолы "Барыс" қарсыластарын 2:0 есебімен жеңді.

Айдын иелері алғашқы айналымда-ақ басымдылықтарын көрсетті. Кездесудің 11 минутында Роман Старченко есеп ашты. Араға бір минут салып Фил Вароненің шығарған пасын Якоб Лилия голға айналдырды. Осылайша есеп еселене түсті.

Екінші айналымда екі команда да таблодағы көрсеткішті өзгертуге қанша тырысқандарымен, есеп финалдық сиренаға дейін өзгере қоймады. Бүгінгі ойынның басты қаһарманы "Барыс" қақпашысы Хенрик Карлссон болд ы. Ол қақпаға бағытталған 29 соққының барлығын да қайтарды.

Ойыннан кейін өткен баспасөз жиынында екі команданың бас бапкерлері кездесуге қатысты өз пікірлерімен бөлісті.

"Менің ойымша бүгін өте жақсы ойын болды. Кездесудің басында екі ойыншымыз алаңнан қуылғандықтан, бұл бізге кері әсерін тигізді. Содан кейін жігіттер бой түзеп, қайта ойынға кірісті. Бір өкініштісі біз гол соға алмадық. Дегенмен, бүгін өте жақсы ойнадық деп ойлаймын", - деді "Сочи" хоккей клубының бас жаттықтырушысы Евгений Ставровский.

"Мен бүгін тең ойын болды деп айта аламын. Екі ойыншының алаңнан кеткені бізге көмектесті. Содан кейін екі жақ та тең ойнады. Екінші кезеңде қарсылас жақсы шабуылдады. Бүгін Карлссон керемет ойнады. Команда да тамаша ойын өрнегін көрсетіп, қорғаныста жақсы болды. Қателіктер де аз емес. Әрине, оларды түзетуге тырысамыз. Рахмет!", - деді "Барыс" ХК бас бапкері Юрий Михайлис.

Келесі кездесуді Юрий Михайлис шәкірттері 4-желтоқсан өткізеді. Олар өз айдынында "Локомативке" қарсы ойнайтын болады.

Ермұхамед Мәулен

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу