Өткен турда Боб Хартлидің командасы ригалық "Динамоны" сенімді түрде жеңді - 5:1. Дубльдермен команданың үздік бомбардирі болып табылатын Рид Буше (45 ұпай, 22+23) және Клим Костин көзге түсіп, Сергей Толчинский де өз есебіне бір шайба қосты.
Ал "Барыс" сырт алаңда өткен ойында "Металлургке" 2:3 есебімен есе жіберіп алды. Филип Вароне қарсыластар қақпасынан екі гол соқты. Қақпашы Хенрик Карлссон 33 шайбаға тойтарыс берді. Ағымдағы маусымда қарсыластар екі рет кездескен. Қараша айында Нұр – Сұлтанда ресейлік ұжым 5:2 есебімен жеңіске жетсе, желтоқсанда "Барыстың" сапары сәтті аяқталған болатын - 3:1.
Бұл жолы "Барыс" "Авангардты" 3: 2 есебімен жеңіп, өз айдынындағы матчтар сериясының алғашқы кездесуін сәтті бастады. Алаң иелері "5-те 3" форматта ойнап, есеп ашты. Әлихан Әсетов Кирилл Панюковтың шығарған пасынан кейін ептілік танытып, алғашқы голды соқты. "Авангард" бұған жылдам жауап берді. Бұл жолы Рид Баучер көзге түсті. Екінші кезеңнің ортасында Никита Михайлис "Барысты" алға шығарды. Үшінші кезеңнің аяқталуына небәрі бес секунд қалғанда Боб Хартли шәкірттері жеңілістен құтылып, ойынды қосымша уақытқа ауыстырды. Корбан Найт 6-да 4 форматта өткен ойында гол соқты. Қосымша уақытта Нұр-Сұлтандық командаға Никита Михайлистің голы жеңіс сыйлады.
Екі команда да плей-офф кезеңіне өтті және осы матчтан кейін турнирлік кестедегі позицияларын өзгерткен жоқ. 56 кездесуде 77 ұпай жинаған "Авангард" Шығыс конференциясында екінші орында келеді. Ал "Барыс" 64 ұпаймен сегізінші сатыда қалды. Дегенмен елордалық клуб "Авангардпен" салыстырғанда бір ойын кем өткізген. Енді 18 ақпанда Юрий Михайлис шәкірттері өз алаңында "Автомобилисті" қабылдайды.
"Барыс" – "Авангард" 3:2 ОТ (1:1, 1:0, 0:1, 1:0)
1:0 – 06:34 – Әсетов (Панюков, Вароне) ГБ +2
1:1 – 09:25 – Буше (Найт, Толчинский) ГБ
2:1 – 30:44 – Михайлис (Волк)
2:2 – 59:55 – Найт (Буше, Каски) ГБ
3:2 – 62:54 – Михайлис (Старченко, Диц) ГБ
Қақпашылар: Карлссон – Бобков
Ермұхамед Мәулен