Елордалық клуб жарысты ерте аяқтады

1303

Жаттығу жиынындағы интернет байланысының нашарлығына байланысты "Астана Про Тим" виртуалды "Тур де Франс" додасын үш кезеңнен кейін, мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр.

Елордалық клуб жарысты ерте аяқтады

"Команда 2020 жылғы маусым алдында Сьерра-Невадада жаттығу жиынын өткізуде. Кеше, үшінші кезең барысында біз интернеттің дұрыс істемеуіне байланысты біраз қиындықтарға тап болдық. Жарысты ұйымдастырушылармен бірге мәселені шешуге тырыссақ та, тауда байланыс онша емес. Біз Испанияда да, Италияда да жарысты жалғастыра алмаймыз. Өйткені ол жақта да техникалық жағдайлар шектеулі. Сол себепті біздің спортшылар кешегі кезеңді аяқтауға мәжбүр болды. Дегенмен, осы күнге дейін қолдау көрсеткені үшін және спорттық іс-шараға қатысуға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз. Әрі қарай маусым дайындығын жалғастыруға тырысамыз. Ниццада, нағыз "Тур де Франста" кездескенше",- деп жазды "Астана Про Тимнің" спорттық менеджері Дмитрий Фофонов. 

Виртуалды "Тур де Франс" алты кезеңнен тұрады. Осыған дейін жарыстың үш кезеңі өткен болатын. Велошабандоздар 19 шілдеге дейін өзара мықтыны анықтайды. Жарыс ережесі бойынша бір кезеңге әр командадан 4 спортшыдан қатысуда. Енді сайыста тау классификациясы, спринтерлік классификация бойынша үздік шабандоздар анықталып, ал жалпы жеңіс командалық есепте ең жоғарғы нәтиже көрсеткен велоклубқа бұйырады.

Естеріңізге сала кетсек, нағыз "Тур-де Франс" Гранд-туры 2020 жылдың 29 тамыз – 20 қыркүйек аралығында өтеді деп жоспарланған. "Астана" үшін бұл осы маусымдағы екінші виртуалды көпкүндік болатын. Мамыр айында елордалық велоклуб Giro d'Italia-да жеңіске жеткен. Ал нағыз Джиро 9-31 мамырға жоспарланғанмен, коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерілді. Енді италиялық суперкөпкүндік 20-27 қыркүйек Швейцарияда тас жолдағы велоспорттан өтетін Әлем чемпионатынан кейін ұйымдастырылады.  

Жалпы виртуалды "Тур де Франсқа" барлығы 39 команда тіркелген. Енді елордалық "Астана Про Тим" командасы жарысты мерзімінен бұрын аяқтап отыр. Ал қалған командалар сайысты одан әрі жалғастырып, өзара мықтыны анықтайтын болады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу