Елордалық команда өз айдынында "Тракторға" жеңілді

1409

"Барыс" пен "Трактор" арасындағы кездесуде Челябинскіден келген ұжым қосымша уақытта 4:5 есебімен жеңісті жұлып әкетті.

Елордалық команда өз айдынында "Тракторға" жеңілді

"Барыс" ойынды жақсы бастады және құрамаға қайта оралған Мэттью Фрэттин алғашқы болып есеп ашты. Алайда айдын қожайындары кезеңнің соңғы минутына дейін басымдықтарын сақтап қала алмады. Альберт Яруллин көк сызықтан дәл соққы жасап, көзге түсті. Ал 13 секундтан кейін Виталий Кравцов гол соқты. Челябинск командасы үзіліске көшбасшы ретінде кетті.

Екінші жиырма минутта "Барыс" толассыз шабуылдар ұйымдастырды. Бұл кезеңде Роман Вилланы екі рет қапы қалдырған Никита Михайлис қаһарманға айналды. Алдымен айдын иелерінің үздік шабуылшысы қақпашымен бетпе-бет шықса, сәлден соң айдынның сол жақ шеңберінен допты қақпаға дәл бағыттады.

Қорытынды кезеңде қазақстандықтардың 10-шы нөмірлі ойыншысы тағы да басымдық танытып, хет-трик жасады. Осылайша, Никита Михайлистің биылғы маусымда жинаған ұпайы 30-ға жетті. Бірақ, "Трактор" қарап қалмады. Сергей Калинин мен Сергей Телегин таблодағы көрсеткішті теңестіріп, ойын овертаймға жалғасты. Қосымша уақыттағы Кравцовтың дәл соққысы қонақтарға жеңіс әкелді. Қорытынды есеп 4:5.

Осы кездесумен "Барыс" Құрлықтық Хоккей Лигасының тұрақты чемпионатының бірінші кезеңін қорытындылады. Халықаралық үзілістен кейін қазақстандық команда сырт алаңдағы кездесулерін өткізеді. 16 қараша күні Юрий Михайлис шәкірттері "Сочиге" қарсы ойнайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу