XDS Astana Team велошабандозы Грекиядағы жарыста көш бастады

402

Бұған дейін, Грекия турының бірінші кезеңінде жаппай спринтте Глеб Сырица 3-орын иеленген болатын.

XDS Astana Team велошабандозы Грекиядағы жарыста көш бастады Фото: XDS Astana Team

"Грекия Туры" көпкүндік жарысының шешуші таулы кезеңдерінің бірі шабандоздардың 20 шақырымдық Арахова асуына көтерілумен мәресіне жетті. 

XDS Astana Team командасының велошабандозы Харольд Мартин Лопес кезеңде 2-орынға ие болып, жалпы есепте көшбасшылықты қолына алды.

Харольд Мартин Лопес мәреге бірнеше шақырым қалғанда қарсы шабуыл жасап, аустралиялық Люк Плапптың шабуылына ілесті.

Ол Плаппты мәреге 1,5 шақырым қалғанда қуып жетті. Спринтте Лопес Плаппқа жол бергенімен, жалпы классификацияда көшбасшыға айналды.

"Каталония Вуэльтасы" жарысынан кейін мен тамаша бабымда екенімді сезіндім. Сондықтан үлкен дайындықпен келдім. Бүкіл команда керемет жұмыс атқарды. Бұл – нағыз фантастика. Алдымен Алессио (Делле Ведове) өте мықты ауысым жасап, бізді алдыңғы қатарға алып шықты. Кейін біз жарысты өз қолымызға алып, топтан алшақ кеткендерді қуып жеттік, одан кейін пелотонда жылдамдықты арттырдық. Глеб Сырица алдыңғы шепте көп жұмыс атқарды. Ал өрлеуде Симоне (Занини) мен Пьер-Анри (Бассе) тамаша шабуыл жасады. Диего Улисси бүгін ерекше мықты болды. Ол қарсыластардың барлық шабуылдарын бақылап отырды. Мәреге бірнеше шақырым қалғанда шабуылдадым. Бірақ нәтиже бермеді, содан кейін Плапптың шабуылына жауап қаттым. Әрине, кезеңде жеңіске жеткім келді. Бірақ спринтте Люк Плапп менен мықтырақ болды. Дегенмен, көшбасшы жейдесін алғаныма қуаныштымын. Енді оны сақтап қалу үшін келесі кезеңдерде күресуге дайындаламын", – деді Харольд Мартин Лопес.

XDS Astana Team командасының тағы бір өкілі Диего Улисси кезеңді бесінші болып аяқтады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу