Елордалық мамандандырылған ХҚКО былығы ашылды

2078

Мекеме жұмысы қайтадан дағдаруда, ал оның қызметкері автокөлікті заңсыз сату алаяқтығына қатысы бар деген күдікке ілінді.

Елордалық мамандандырылған ХҚКО былығы ашылды

Көлігі сына беретін орталық

Таяуда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин аймақ түгіл, елорданың өзінде жүргізуші куәлігін емтихан тапсырусыз-ақ сатып ала алғаны туралы мәлімет жариялаған болатын. Осы видеодан кейін астаналық мамандандырылған ХҚКО басшысы жұмысынан қуылды. Министр арнайы комиссия жұмыс істеп жатқанын да жеткізді.

Дегенмен бұл мекемеде басқа да былықтар жетіп артылатыны анықталуда. Ең басты бір проблемасы – жүргізуші куәлігін адал жолмен алу үшін емтихан тапсыруға көлік жетіспейді.

"Міне, екі апта болды, D1 категориясын алу үшін көлік жүргізу бойынша емтихан тапсыра алмай жүрмін. Себебі Нұр-Сұлтанның спеццонында микроавтобус сынып қалыпты. Ол машинаның қашан жөнделетінін орталық мамандарының ешқайсысы айта алмады. Нұр-Сұлтан атағына ұят емес пе? Салдарынан, мен сияқты көптеген адам жиналып қалды. Елді сергелдеңге салып қойды. Біздің жұмысымызға кедергі", – дейді Дәурен есімді Нұр-Сұлтан тұрғыны.

Елордалық қоғам белсендісі Татьяна Син елордалық осы орталықтағы проблемаларға шағымданды. Себебі жүргізуші куәлігін алуға практикалық емтихан тапсыру үшін қажетті жабдық жоқ.

"Қазіргі жағдай күрделі. Қаламыздың, қала маңының және Ақмола облысының жақын орналасқан елді мекендерінің, тіпті өзге өңірлердің тұрғындары көлік жүргізу бойынша практикалық емтиханнан өту үшін осында ағылады. Ал мұнда небәрі 2 машина бар, бірі – автоматты, екіншісі – механикалық беріліс қорабы бар автомобиль. Олар ұдайы сынады, істен шығады. Практикалық емтихан тапсырамын деп орталыққа қаншама рет баруыма тура келді. Жұртпен сөйлесе жүріп, ұққаным, басты проблема – емтихандық машиналардың тым аздығы. Бұл МХҚКО жұмысының тиімділігін құлдыратады, сыбайлас жемқорлықтың туындауына алғышарт жасайды", – деді ол.

Оның айтуынша, соңғы айдың өзінде ондағы автоматты емтихандық машина кем дегенде 2 рет сынып қалған.

"18 қазанда барсам, автоматты беріліс қорабы бар автомобиль кезекті рет істен шыққан екен. Көлік болмаған соң менің практикалық емтиханым 25 қазанға ысырылды. АвтоХҚКО қызметкерлері оны жөндеу бір аптаға созылатынын айтты. Содан белгіленген күні, 25 қазанда іскерлік кездесуін кейінге ысырып, уақыт бөлген жаттықтырушымды ертіп, орталыққа бардым. Оның қызметкерлері "машина әлі жоқ!" дейді беті бүлк етпестен. Қашан дайын болатыны – белгісіз, нақты ақпаратты кімнен білуге болатыны – белгісіз, көліктің жоқтығына кім жауапты екені – белгісіз", – дейді Татьяна Син.

Содан келесі жолы машинаның сынып қалғаны туралы ақпаратты ертерек білу мақсатында қоярда-қоймай жүріп, қызметкердің жеке телефон нөмірін алады. 1 қарашада 3,5 сағат кезек күтіп, ақыры автодромға дейін жете алады. Бірақ бірінші талабы сәтсіз болып, емтиханнан өте алмай қалған. Екінші талап 8 қарашаға белгіленген.

8 қараша күні таңғы 8-де әлгі қызметкерге қоңырау шалып, машинаның жұмыс істеп тұрғанын білген ол авто-ХҚКО-ға құстай ұшады. Алайда 9:15-те "автоматты" машинаның қайтадан сынып қалғанын және белгісіз уақытқа жөндеуге тұрғанын білген. Осы екі ортада қайтадан жөндеуді қажетсінетіндей ол көлікке не болғанын ешкім түсіндіре алмаған.

"Бұрын жексенбіде тестілік жүргізулер болатын, қазір оны да жойды. Бірақ машина бәрібір бұзыла береді. Салдарынан, қазақстандықтардың уақыты мен ақшасы заяға кетеді. Осыдан қажыған адамдар жүргізуші куәлігін сатып алмағанда қайтеді?! Мамандандырылған ХҚКО қызметкерлеріне де обал, олар жұмыс істеу орнына ашулы кандидаттардың айғайын тыңдап, қайталана беретін сұрақтарға жауап таба алмай қиналуға мәжбүр. Машиналардың ақаулылығы кесірінен практикалық емтиханын апталап тапсыра алмай жүрген болашақ жүргізушілер көп. Орталыққа бірнеше рет босқа келіп-кеткен адам куәлікті сатып алу не кезектен тыс өту үшін жауапты қызметкердің қолына ақша қыстыру қажет деген ойға келері сөзсіз", – дейді Т. Син.

Дегенмен алда авто ХҚКО-лардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту шарасы күтілуде. Нәтижесінде, бұл проблема шешілуге тиіс.

"Автоцон" қызметкері ұрланған көлікті сатқан ба?

Жемқорлыққа қарсы қызмет нұрсұлтандық авто ХҚКО-ға қатысты мәселені қарастырып жатқаны белгілі болды. Себебі оның қызметкерлерінің бірі қылмыс жасаған деген сезік туындапты. Оның мән-жайын зардап шегуші Лола Абдурауфқызы баяндады. Ол биылғы 11 қазанда "Колеса" сайтынан көріп, Hyundai Elantra-ны сатып алады.

"Сатушы Әлия машинаның иесі екенін жеткізді. Хабарласқан күні "Әнуар" сауда үйінің тұрағында кездесіп, көлікті қарап шықтым. Сөйлесе келе, 5,9 миллион теңге бағаға келістік. Kaspi.kz қосымшасы арқылы сатып алу-сату мәмілесін жасастық. Көлік "таза" болып шықты, оған қатысты ешқандай айыппұл да, шектеулер де жоқ. Машинама отырып, кешке үйдегі автопаркингке апарып қойдым", – дейді жәбірленуші.

Ертесіне, 12 қазанда таңғы 09:30-да автомобильдің құжаттары мен мемнөмірі дайын екені туралы sms-хабарлама келеді. Қуанышы қойнына сыймаған ол тікелей Нұр-Сұлтанның мамандандырылған ХҚКО-сына тартады. Мемлекеттік нөмірі де, машинамның құжаттары да шынымен әзір екен, соны алып, үйіне қайтады. Билік органдарының бұқараға бұлайша жылдам қызмет көрсетуіне тек қуануға ғана болатындай. Бірақ оның ар жағында алаяқтық жасырынғаны әшкереленген.

"Көлігімді паркингке кіргізіп қойғанмын. Тапа-талтүсте паркингке түссем, автомобилімнің жанында полиция наряды және бөтен екі ер адам тұр. Серік деген кісі жаңа сатып алған машинамның шын мәнінде өзіне тиесілі екенін, оны әлдекімдердің "Нұр авто" автосалоны арқылы заңсыз сатып жібергенін түсіндірді. Тәртіп сақшылары Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментіне ере жүруімді талап етті. Ал машинаны айыппұл тұрағына алып кетті. Бүгінде ол сонда тұр. Полиция департаментінде білгенім аталған автокөлік алаяқтық мақсатында қолданылған және қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме болып табылады. Мен сол күні Әлия тарапынан алаяқтық жасалғаны туралы шағым жаздым. Әлия автокөлігінің қылмысқа қатысы барын біле тұра, оны алдау жолымен сатып жіберіп, құтыла салған. Осы арқылы маған ірі көлемде шығын келтірді", – дейді Лола.

Оның шағымы Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген материалдарға қосылды.

Зерттеу барысында Әлияның Нұр-Сұлтан қаласының авто ХҚКО-сында жұмыс істейтіні белгілі болды. 2021 жылғы 11 қазанда көліктің заңды иесі Серік орталыққа барып, оның бастығының – бөлім басшысының көзінше Әлиямен сөйлеседі және оның мініп жүрген көлігі іздеуде екенін және оны сатуға жол берілмейтінін ескертеді.

"Осыны ести сала, Әлия тездетіп автомобилін сатады және авто ХҚКО қызметкері ретінде өзіне берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, көлігін маған қайта рәсімдей қойған. Соның кесірінен қазіргі кезде мен ақшасыз және автокөліксіз қалдым", – деп қапаланады жәбірленуші.

Ол тергеушінің аталған автомашинаға неге дереу шектеу қоймағанына қайран қалады. Әйтпесе, оның заңды иесі Серік Полиция департаментіне өз мүлкіне қатысты қылмыс жасалғаны туралы өтінішін биылғы 7 қазанда жазған. Сол кезде бұл көлікті сатуға бұғат қойылғанда басқа адамдар зардап шекпейтін еді.

Сондай-ақ жәбірленуші құзырлы органдарға жүгініп, Әлияға қатысты істі жеке өндіріске бөлуді және бөлек тергеуді сұрады. Өйткені мамандандырылған ХҚКО қызметкері әрекетінің "Нұр авто" автосалонының қылмыстық әрекетіне қатысты жоқ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің заңға қайшы әрекеттері және автокөлікті заңсыз қайта тіркеуге қатыстылығы жөніндегі Лола Абдурауфқызынан түскен өтінішті қарағандарын хабарлады.

"Өтініште көрсетілген жағдайларды тексеру үшін шағым Ақпаратты есепке алу кітабында тіркелді. Сондай-ақ ол аумақтылығы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне бағытталды. Тексеру қорытындысында қылмыстық жауапкершілікке соқтыратын заңбұзушылықтар анықталса, процессуалдық шешім қабылданатын болады", – деп мәлім етті Антикор.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу