"Біріккен Араб Әмірліктері турының" 5-ші кезеңі жаппай спринтпен аяқталды. Бұл кезеңде XDS Astana Team сапындағы италиялық велошабандоз Маттео Малучелли мәре сызығын 3-ші болып кесті.
Жарыстан кейін Маттео Малучелли командасының жұмысына жоғары баға берді. Оның айтуынша, кезең бойы ұжым алдыңғы шепте болып, үлкен еңбек атқарған.
Финалда Алессандро Ромеле мен Глеб Сырица тактикалық жоспарды мінсіз орындаған. Маттео Малучелли спринтті Джонатан Миланның соңынан бастап, жоспар бойынша әрекет еткенін айтты. Алайда қарсы желге шыққан сәтте қарсыласының бүгін әлдеқайда мықты екенін түсінген.
Соған қарамастан, спортшы команданың нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді және алдағы шешуші кезеңге үміт артатынын атап өтті.
Жалпы есепте айтарлықтай өзгеріс тіркелген жоқ. XDS Astana Team шабандозы Харольд Техада жалпы классификацияда 3-орнын сақтап қалды. Алда спортшыларды шешуші таулы кезең күтіп тұр – велошабандоздар мәреге Джебель Хафит асуы арқылы жетеді.