Елордалық велошабандоз Қытай чемпионатында екі күміс медаль жеңіп алды

107

XDS Astana Team командасында өнер көрсететін Хаоюй Су тас жолдағы велоспорттан өткен Қытай чемпионатында екі мәрте күміс медаль жеңіп алып, керемет нәтиже көрсетті.

Елордалық велошабандоз Қытай чемпионатында екі күміс медаль жеңіп алды

26 маусымда мәресіне жеткен ұлттық біріншіліктің элита санатындағы топтық жарыста Су асқан табандылық пен шеберлік танытып, екінші орынға ие болды. Жарыс басынан-ақ ол көшбасшылар қатарына қосылып, бүкіл қашықтық бойы белсенді әрекет етті. Бірнеше мәрте шабуыл жасаған елордалық велошабандоз жеңіс жолында аянбай тер төкті.

Жарыстың шешуші сәттері де тартысқа толы болды. Соңғы шақырымдарда алты велошабандоздан тұратын жаңа көшбасшылар тобы құрылып, олардың қатарынан Су да табылды. Ақырында ол мәреге екінші болып келіп, чемпионаттағы екінші күміс жүлдесін жеңіп алды.

Бүгінгі жарыс өте қарқынды өтті. Алаңда тоқтаусыз шабуылдар орын алды. Мен де белсенді болуға тырыстым. Аяқта күш болды, көп уақыт алдыңғы топта жүрдім. Алайда әр шабуылға жауап беру көп энергияны талап етті. Соңғы шешуші сәтте қарымта шабуыл жасауға күшім жетпей қалды. Соған қарамастан, биыл өзім үшін үлкен қадам жасадым деп ойлаймын. Алға ұмтылып, үздік нәтиже көрсету үшін әрі қарай да еңбек етемін, деді спортшы жарыстан кейінгі сұхбатында.

Айта кету керек, бұған дейін Хаоюй Су жекелей жарыста да екінші орын иеленген еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу