Елордалықтарды "PeiZdes" қажытты

2618

Тұрғындар биліктің түнгі клубқа қарсы тегеурін таныта алмағанына таң.

 Елордалықтарды "PeiZdes" қажытты

Нұр-Сұлтанның тұрғындары Үкімет мүшелеріне ұжымдық шағыммен жүгінді. Олар елорданың Есіл ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының әрекетсіз отырғанына наразы. Шағым иесінің айтуынша, қалада ашылуына рұқсат етілмеген түнгі клубтар жұмысын жалғастырып, елдің мазасын алып, COVID-19 індетінің таралу қаупін тудырып жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің жергілікті уәкілетті органы тұрғындардың бұған дейінгі арызына жауап жолдаған. Меморган "PeiZdes" халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндірмейді деген шешімге келіпті.

Бірақ тұрғындар бұл байламмен келіспейді. Істің мән-жайын нұрсұлтандық Алексей Остапенко баяндап берді. Оның мәліметінше, қаланың "Шұбар" шағынауданында орналасқан осы көңіл көтеру орны ресми іске қосылмай-ақ жұмыс істеуде. Бұған қоса, мониторинг топтары оны карантин режимін бұзғаны үшін әкімшілік жазаға да тартқан. Мобильді топты "Каскад" тұрғын үй кешенінің тұрғындары шақырыпты.

"Қала әкімдігі анықтағанындай, бұл нысан заңда белгіленген тәртіппен қолданысқа берілмеген. Сондай-ақ оның қожайыны жобалауға және құрылыс жүргізуге рұқсат та алмапты. Оның үстіне осы қоғамдық тамақтану объектісін пайдалану тиісті санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жүзеге асырылуда", – дейді А.Остапенко.

Тұрғындар шағымданып қоймаған соң, қала әкімдігі ДСМ-ның Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданындағы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына шара қабылдау туралы хат жолдайды. Алайда медицина саласының шенеуніктері шара қабылдаудан бас тартты.

Нысанды іске қосу актісінің жоқтығына және карантин талаптарын бұзу фактісіне қарамастан, басқарманың пікірінше, "оған қатысты тексеріс жүргізу туралы шешім қабылдау мақсатында орталық мемлекеттік органның бірінші басшысының атына ұйғарым енгізу – орынсыз болып табылады".

"Сондықтан бұл тексеріс прокуратура органдарында тіркеле алмайды және тиісінше, тексеріс жүргізе алмаймыз", – деді СЭС мамандары.

Бірақ бұл тұжырымды тұрғындар жалтарма жауап деп санайды. Өйткені биылғы 8 ақпанда прокуратура органы Есіл ауданының төтенше жағдайлар басқармасының дәл осы түнгі клубты жоспардан тыс тексеруіне санкция берген. Ол тексерісті басқа бір орталық меморганның бірінші басшысы – Төтенше жағдайлар министрі тағайындаған екен. Себебі, 2020 жылғы 21 қарашада осы "Шұбар" шағынауданында дәмханаға айналдырылған коттеджде газ балоны жарылып, 33 адам зардап шеккені, бір әйел қаза тапқаны мәлім. ТЖ мамандары осындай оқиғаның тағы қайталануына жол бермеуге тиіс.

Осы орайда елордалықтар ДСМ-ның ТЖМ-дей тегеурін таныта алмай отырғанына қайран қалады.

"Азаматтардың денсаулығын қорғауға жауапты басқарма өзіне жүктелген және өз құзырына жататын міндетті орындаудан ат-тонын ала қашып отыр. Біз, тұрғындар, лайықты іске қосылмаған және карантин талаптарын ұдайы бұзатын осы түнгі клуб өміріміз бен денсаулығымызға күн сайын қауіп-қатер төндіреді деп санаймыз. Билік қарапайым адамдарға қырғидай тиеді, бұдан әлдеқайда шағын құқық бұзушылықтар үшін қатаң жазалайды. Басқасын айтпағанда, "PeiZdes"-те орнатылған қазандық түтінін будақтатып, ауаға өнеркәсіптік кәсіпорындарға теңесер көлемде шығарынды шығарады. Сөйтіп, айналасындағы үйлердің терезелері мен қабырғасын күл мен күйеге көмуде. Оның қазандығы жарылса, кім жауапты болатыны белгісіз. Өзімізді кепілге алынғандай сезінеміз", – деп қапаланады Алексей Остапенко.

Осыған байланысты ұжымдық шағымда тұрғындар аталған түнгі клубтың талаптарды сақтауын тексеріп, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын, су бұру, жылыту, желдету жүйелерінің жай-күйіне бақылау жүргізуді сұрайды.

Астаналықтар нысанның тіпті осындай әдепсіз атаумен ашылып, жұмыс істеуіне құзырлы органдардың қалайша жол бергеніне де таңданады.

Осының алдында, 2020 жылғы қарашада мобильді топ елордалық  өзге түнгі ойын-сауық ұйымдары қатарында "PeiZdes" лаундж-бары да карантин талаптарын бұзғанын анықтады.

"Қожайындар мен келушілер тыйымдарды елемейді, адамдардың денсаулығына қауіп төндіреді. Достарының ортасында бірнеше сағат бойы тоқтаусыз думандатқан жастар бетперде режимін ұмытады, сол арқылы өз үйіндегі отбасы мүшелерінің және басқа да айналасындағы адамдардың басын бәйгеге тігетінін түсінбейді. Карантин режимін бұзған нысандардың барлығы заң жүзінде жауапкершілікке тартылады", – дейді Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің басшысы Ержан Саденов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу