Елорданың әуежайына президенттің есімі берілді

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
2610

Үкіметтің қаулысымен Астананың халықаралық әуежайының атауы "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" болып өзгертілді.

Елорданың әуежайына президенттің есімі берілді

Қаулының мәтіні "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланды.

"Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

1. Астана халықаралық әуежайы "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" болып қайта аталсын.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", – делінген құжаттың мәтінінде.

Қаулыға елдің премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қол қойды.

Еске сала кетсек, Қазақстанда тұңғыш президенттің есімін қалаларға, дәлірек айтсақ, елордаға және түрлі белгілі нысандарға беру туралы ұсыныс біраз жылдан бері айтылып келеді. Мысалға, 2016 жылдың соңында тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай парламент қабылдаған декларацияда "Тұңғыш президент – ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекетімізді құруға қосқан зор үлесін ел Конституциясында атап өтіп, елбасының есімін елорда мен елдің өзге маңызды нысандарына беру туралы" ұсыныс айтылған болатын.

2017 жылдың 10 наурызында қолданысқа енген Конституцияға енгізілген түзетулерде Қазақстанның тұңғыш президенті – елбасының ерекше мәртебесі бекітілді, "Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – елбасы іргесін қалаған республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – елбасының мәртебесі өзгермейді", – делінген Ата заңның 91-бабында.

Алайда Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі елордаға оның есімін беру идеясына құптамайтынын бірнеше рет айтқан болатын. "Россия-24" телеарнасына берген сұхбатында ол осындай ұсынысқа келесідей пікір білдірген еді: "... Астананы барлық жерде біледі. Бұл бренд, сондықтан оның атауын өзгертудің қажеттілігі жоқ деп есептеймін". Ол Астанада 21 ғасырда тұңғыш рет ЕҚЫҰ саммиті, қысқы Азия ойындары өткенін еске салды, сондай-ақ алда "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесін, әлемдік және дәстүрлі дінбасылардың съезін өткізу міндет тұрғанын айтты. "Осының барлығы Қазақстанмен байланысты, бірақ жер-жерде Астананың атауы аталады. Сондықтан оны өзгертудің не қажеті бар?!", – деп Нұрсұлтан Назарбаев Астана атауын өзгерту мәселесі бойынша нүкте қойған.

Әйгерім Сүлейменова, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу