Елорданың шағын бизнесі тұрақ мәселесінен тұралап қалды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2803

ШОБ кәсіпкерлері "Нұрсая" ТК жанындағы көлік тұрағын қайтаруды сұрап отыр.

Елорданың шағын бизнесі тұрақ мәселесінен тұралап қалды

Жиырма шақты ЖШС пен ЖК өкілдерінің (дәмхана, мейрамхана,  кеңсе) Астана қаласы әкімінің атына жазған өтініші abctv.kz қарауына түсті.

Кәсіпкерлер осы жылдың 2 мамырынан бастап Достық көшесіндегі "Нұрсая-1" және "Нұрсая-2" тұрғын үй кешенінде орналасқан коммерциялық ғимараттар жанындағы арнайы тұрақтардан басқа жол бойында көлік тұрағына тыйым салынғанын айтып отыр.

"Жол бойындағы арнайы тұрақтар жұмыс уақытында үнемі бос болмайды, бұл жерге Министрліктер үйінің қызметкерлері немесе осы тұрғын үйде тұратындар көліктерін қояды. Бұл тыйым салуды енгізгеннен кейін клиенттеріміз келмей қойды. Біздің ғимараттарымыздың жанына көлігін қойғысы келгендердің бәріне ЖКП қызметкерлері бірден айыппұл салады", – деп жазылған өтініште.

"Осының салдарынан біздің жұмысымыз жүрмей қойды, ал бізге жалға алынған ғимараттың ақысын, қызметкерлердің жалақысын төлеу керек. Мұның барлығы клиенттердің келуімен іске асады. Өздеріңіз білетіндей, шағын және орта бизнестің жағдайы, әсіресе, қызмет көрсету саласындағы бизнес теңге екі рет құнсызданған соң құлдырап кетті. Ал клиенттерден айырылып қалсақ, онда бұл жығылған үстіне жұдырық болады. Мұның барлығы айналып келгенде, жұмысымызды тоқтатуға, қызметкерлер санын қысқартуға әкеп соғады", – деп шағымданды кәсіпкерлер.

Осыған байланысты бизнес өкілдері, ғимарат иелері мен жалға алушылар қала әкімінен көмек сұрап отыр. Олар Астана қаласының ІІД ЖПБ, көлік басқармасына клиенттер үшін қосымша арнайы тұрақ пен көліктерді қысқа мерзімге кедергісіз қояюды қарастыруға тапсырма беруді сұрап отыр. 

"Icloud-consult" ЖШС өкілі Андрей Поповтың abctv.kz-ке хабарлауы бойынша, кәсіпкерлер қосымша көлік тұрағы тегін емес, ақылы болса да келісетінін айтты.

"Ақылы болса бола берсін, тек орын көп болса болғаны. Тіпті болмаса, уақытша аялдамаға рұқсат берсін. Бұл бизнес болғандықтан, келген адам көлігін қойып, ғимаратқа кіруі керек қой. Ал қазіргі жағдай мүлдем ақылға сыйымсыз", – деді ол.

"Сары жолақты қойды. Көлік қоюға тыйым салынған. Осыдан кейін клиент қалай келеді. Шындығына келсек, біз клиентсіз қалдық. Ал жол-көлік партуль қызметкерлері әрбір 10 метр сайын тұр. Кәсібімізді жабамыз ба, не істерімізді білмей отырмыз", – деді Андрей Попов.

Сонымен бірге ол "Нұрсая" тұрғын үй кешенінен үш орам жерде көлік қою мүмкін емес екенін де айтты.

27 мамырдан бастап қалада алғашқы 24 ақылы көлік орны енгізіледі деген болатын. Оның ішінде "Нұрлы жол" желек жолы мен "Нұрсая" ТК бар.  Көлік тұрағы алғашқы 20 минутта тегін, бастапқы бір сағаты 100 теңге болады деп жоспарланып отыр. Қала бойынша барлығы 9 мың ақылы көлік орнын енгізу жоспарланып отыр.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу