Елорданың жаңа автовокзалдары 1 маусымнан бастап жұмысын бастайды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
5112

Жаңа автовокзалдар "Алай" және "Кеңмарт" сауда орталықтарының жанында орналасқан.

Елорданың жаңа автовокзалдары 1 маусымнан бастап жұмысын бастайды

ҚР инвестиция және даму вице-министрі Роман Скляр халықаралық ЕХРО-2017 көрмесіне 2 млн 450 мың адам келетінін, оның ішінде 1 млн 800 мың адам еліміздің өңірлерінен келетінін айтты.

"Елордаға теміржол көлігімен шамамен 1 млн 100 мың, әуе көлігімен 161 мыңдай, тұрақты автобус рейстерімен 350 мыңдай адам келеді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ жеке автокөлікпен шамамен 200 мыңдай азамат келеді. Осы аталған үш көлік түрімен қалаға күн сайын 20 мыңға жуық адам келеді деп күтілуде", – деді ол 19 мамыр күнгі брифингте.

Жолаушылардың осыншалықты легін тасымалдауды қамтамасыз ету үшін министрлік "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ, Астана, Алматы қаласының  және облыс әкімдіктермен  ынтымақтастық туралы тиісті меморандумға қол қойды.

Жолаушылар легіне қызмет көрсету үшін қосымша екі автовокзал ашылғалы отыр.

Осы жылдың 1 маусымынан бастап "Алай" ("Шанхай" базары жанындағы, Софиев тас жолындағы) автостансасы жұмысын бастайды, бұл жерден күніне қосымша құрылған 31 рейс жүріп, солтүстік және батыс өңірлерден (Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Павлодар, Талдықорған, Орал, Ақтөбе, Өскемен) күніне 1395 жолаушы тасымалдайтын болады.

"Алай" автостансасының филиалы – "Кеңмарт" автовокзалы да ("Кеңмарт" сауда орталығының жанында, Қарағанды тас жолында) 1 маусым күні ашылып, оңтүстік және орталық (Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Қарағанда) өңірден күніне 34 рейс қабылдауға дайын.

ҚР ИДМ көлік комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев елордалық "Сапаржай Астана" автовокзалының өткізу қабілеті шектеулі болғандықтан, жаңа автовокзалдарды ашу туралы шешім қабылданғанын айтты.

"Автобустар жылдам, кедергісіз жүру үшін "Шанхай" ауданынан арнайы белгіленген жолақ бар. Ол солтүстік, батыс, шығыс бағытқа қызмет көрсететін болады. "Алай" – 80-90%-ға дайын, ал "Кеңмарт" енді салынып жатыр. Бірақ 1 маусымға дейін барлығын істеп үлгереді, өйткені негізгі құрылымдары дайын тұр. Қазір ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деді ол.

Жаңа автовокзалдарға ресми атау беріледі.

"Бұл ресми автовокзалдар. "Алай" автовокзалы қазір келісімшарт жасап қойған. Келісімшарт жасағаннан кейін оны тізімге қосады, қазір хабарлама жасалып жатыр. Барлық процесс толық аяқталғаннан кейін өтініш беріп, жұмысын бастайды. Қазірдің өзін де өтініш беріліп қойған", –деді ол.

Оның айтуынша, "Кеңмарт" автовокзалы келісімшарт жасалып жатыр.

"Сондықтан мұны ресми түрде айта аламыз. "Сапаржай" қолданыстағы  53 тұрақты бағдарға қызмет көрсетеді. Тұрақты жолаушы тасымалына қосымша резервтік автобустар қосылады. Оның өту қабілеті шектеулі", – деді Әсет Асаубаев.

Сонымен бірге "Астана Сапаржай" автовокзалы қазіргі 53 рейске қызмет көрсете береді. Барлық қосымша рейстер жаңа автовокзалда жұмыс істейді.

Жолаушыларды Астанаға авто көлікпен тасымалдау үшін автобустар рейсінің саны  екі есе, яғни 53-тен 118 рейске дейін артады. Қазіргі жүріп жүрген 148 автобусқа қосымша 251 автобус шығатын болады.

Осылайша көрме қонақтарын күн сайын 400 автобус тасымалдайтын болады. 

Жаңа автобус бағдарларының жүру бағыттары 

Жаңа вокзал Астанаға келетін және Астанадан шығатын пойыздарға қызмет көрсетеді

Жаңадан салынған "Нұрлы жол" теміржол вокзалы жайлы айтар болсақ, ол 1 маусымда ашылады деп белгіленіп отыр. Жаңа вокзал Астанадан шығатын және соңғы тоқтайтын жері елорда болатын пойыздарға қызмет көрсететінін болады.

Астанаға келетін көрме қонақтарының көпшілігі теміржол көлігі арқылы келеді деп жоспарлануда. Сондықтан маусым айына дейін Астана стансасы бойынша жүретін бағдарлар саны 44-тен 58-ге дейін арттады. 14 жолаушы және қала маңына қатынайтын пойыздар іске қосылады. Оның ішінде 4 пойыз "Тұлпар-Тальго" вагондарынан тұрады.

"Тальго" пойыздары Астана – Шымкент, Астана – Маңғышлақ, Астана – Атырау және  Астана – Орал.  Басқа пойыздар: Астана – Шымкент, Астана – Маңғышлақ,  Астана – Орал, Астана – Қостанай, Астана – Жамбыл, Алматы – Астана,   Қарағанды – Астана ( қала маңында), Көкшетау – Астана (қала маңында), Атбасар – Астана (қала маңында) бағытында қатынайтын болады.  

Сонымен бірге қолданыстағы бар пойыздарға қосымша 150 вагон тіркеледі. Осыған байланысты қазіргі жолаушылар вагоны паркінде 2 мың вагон жасақталған.

Жаңа "Нұрлы жол" теміржол вокзалы 58 пойыздан 27 жұп пойызын қабылдап, тәулігіне 35 мың жолаушыны өткізеді. Екі вокзалдың біріккен өткізу қабілеті тәулігіне 47 мың жолаушы болмақ.

"Маусым айнынан бастап жаңа автовокзал 20 бағдарға қызмет көрсетеді. Қазір бағдар кестесі қайта қаралып бекітілді. Жаңа вокзал пайдалануға берілгеннен кейін екі вокзалға арналған жаңа кесте бұқаралық ақпарат құралында жарияланатын болады. Қазір билет сатып алған кезде пойыздың жаңа вокзалға келетіні ескертіледі. Сондай-ақ ол жерден әкімдіктің сатып алған жаңа автобустары жаңа бағдар бойынша жүреді", – деп хабарлады abctv.kz-ке Әсет Асаубаев.

Ол жаңа вокзал Астанадан шығатын және соңғы тоқтайтын жері елорда болатын пойыздарға қызмет көрсететінін айтты. Осылайша жаңа автовокзалдың ашылуы мен бұрынғы автовокзалдың жұмыс істеуін есепке алар болсақ, жолаушылар мен күтіп алушылар осы немесе басқа автобус/пойыздың қай теміржол немесе автовокзалға келетінін, жүретінін алдын ала білгені жөн.

Дәл қазіргі уақытта көлікпен тасымалдауды ұйымдастыру процесін шұғыл реттеу мақсатында ҚР ИДМ көлік комитеті автобустардың тізімін жасап жатыр. Тізімде автобустардың мемлекеттік нөмірі, иесі, сыйымдылығы және шыққан жылы көрсетіледі.

Астанаға кіретін алты жерден тәулік бойы көлік бақылауын қамтамасыз ету үшін бір тұрақты және бес жылжымалы бекет жұмыс істейтін болады.

"Қызылжар" тұрақты бекетінде Астана- Қарағанды бағытында және жылжымалы бекеттерде Астана-Қосшы, Астана-Қорғалжын, Астана-Атбасар, Астана-Көкшетау және Астана-Павлодар бағыттары бойынша бақылау жүргізіледі.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Автовокзал Вокзал Алай СО Кенмарт Роман Скляр ЕХРО-2017 Әсет Асавбаев Көлік Сапаржай Астана  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу