Елжан Біртанов қарамағындағылардың қамауға алынуына қатысты пікір білдірді

2319

Денсаулық сақтау министрі ұсталғандар "СК-Фармациямен" дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша байланыс жасағанын растады.

Елжан Біртанов қарамағындағылардың қамауға алынуына қатысты пікір білдірді

Елжан Біртановтың айтуынша, ұсталған ҚР денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитеті төрағасының міндетін атқарушы Лариса Пактың мекемеде жұмыс істеп жүргеніне көп уақыт болған және ол өзін кәсіби маман ретінде көрсеткен.

"Қазіргі кезде тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр, мүмкіндік болған жағдайда, оның ішінде сот тыңдалымы аясындағы жария талқылау барысында толық ақпаратты алғаннан соң мәлімдеме жасайтын боламыз. Себебі бүгінгі күні жиналған іс материалдарының қай-қайсысы бойынша пікір білдіруге әзір ертерек.

Бұл іске қатысы туралы айтсақ, әрине, оны жасырғанның мәні жоқ.  Фармация комитеті төрағасының міндетін атқарушы және лауазымды қызметкер ретінде бұл қызметшілер дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін, оның ішінде "СК-Фармация" компаниясының күнделікті жұмысына қатысы болды. Себебі біз "СК-Фармация" жүзеге асыратын сатып алу мәселелері бойынша тығыз қарым-қатынас жасаймыз.  Оны фармация комитеті әзірлейтін нормативтік база реттейді, яғни бұл күнделікті қарым-қатынас жасауды білдіреді", – деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрі.

Еске сала кетсек, биылғы жылдың 3 шілдесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жалпы сомасы 10 млн-нан астам теңге мөлшерінде бірнеше рет пара алды деген күдікпен денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитеті төрағасының міндетін атқарушы Лариса Пак, Павлодар облысы бойынша фармация департаментінің басшысы Зәуре Қажынова, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша фармация комитетінің бас маманы Полат Имамходжаев, фармация комитетінің бас маманы Данелия Ыбыреваны ұстаған болатын.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның хабары бойынша, аталған тұлғалар тиісті өндірістік және дистрибьюторлық тәжірибенің сертификаттарын бергені үшін заңсыз сыйақы алған. Сонымен қатар оларға кепілдендірілген медициналық көмек көлемі аясында сатып алынатын медициналық препараттардың құнын қымбаттату арқылы бюджет қаражатын ұрлады деген күдік келтіріліп отыр.

Сондай-ақ пара бергені үшін "Зерде" ЖШС-ның атқарушы директоры Эльмира Жүзбаева да қамауға алынды.

Сот шешімі бойынша Лариса Пак, Зәуре Қажынова, Полат Имамходжаев және Эльмира Жүзбаева қамауға алынса, Данелия Ыбыраева үй қамаққа алынды.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын ҚР ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитеті тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және сатып алу жөніндегі жалғыз дистрибьютор болып табылатын "СК-Фармация" ЖШС-ның жағдайды асыра пайдаланған фактілерін анықтады.

"СК-Фармация" ЖШС-на қатысты заң бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама шығарылды. Ұйым сатып алу жүйесін өзгертіп, кворталарды өңірлер мен қызмет түрлері бойынша бөлуге тиіс еді, ал қолданыстағы келісімшарттарды жаңа сатып алу жүйесі бойынша қайта жасасуға міндетті болды.

Әйгерім Сүлейменова, Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу