Елжан Біртанов: Мені Тоқаевтың алдында қаралағандарын білемін

1490

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бүгін аппеляция сотында сөз сөйледі. Экс-министр тосылған жоқ – ұзақ айтты. Өзі айыпты деп танылған платформа, бұрынғы орынбасары Әбішевтің азапталуы, құқық қорғау органдарының жұмысы, Тоқаевқа өзі жайлы қандай ақпарат жеткенін де жасырған жоқ.

Елжан Біртанов: Мені Тоқаевтың алдында қаралағандарын білемін Фото: ашық дереккөз

Айта кетсек, Елжан Біртанов пен Олжас Әбішев Астана қаласының Сарыарқа аудандық №2 шығарған үкімге наразылық білдіріп, аппеляциялық шағым берген. Үш судьядан тұратын аппеляциялық сот алдында бүгін Біртановтың өзі сөйледі.

"Ericsson Nicola Tesla компаниясымен жұмыс аяқталды. Қаржы министрлігі де, қазынашылық мекемесі де растады. Жауапта бәрі бар. Қызметтік жазбалар да. Ол жерде тек жобаны аяқтау, іске қосу мәселесі ғана қалған. Ericsson бізге "біз бүкіл жұмысты аяқтадық, біз жасаған "теледидар" құралды – қосыңыздар да көре беріңіздер" деді. Ол жерде 19 млн адамға арналған интерфейстер де бар. Біздің жігіттер жобаны тесттен өткізіп, олардың сөзін растайды. Ericsson бүкіл есепті өткізеді, оны Денсаулық сақтау министрлігі қабылдайды. Пилоттық пайдалану басталды. Куәгерлер сотта оны да көрсетті", - дейді Елжан Біртанов.

Экс-министр 2017-2019 жылдар аралығында аталған жоба бойынша қаражат 99,9 пайыз игерілгенін айтады. 

"Қаражаттың осылай игерілуіне байланысты бізге сын болған емес, тіпті мақтады. "Біртанов қаражатты игере алмай қалыпты" деген үрей болған емес. Бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ. Бәрі сандырақ. Судья Әлкеновке бүкіл дәлел-дәйек келтірілген болатын", - дейді ол.

Әбішевтің азапталуы жайлы

Экс-министр өз сөзінде қылмыстық іс қозғалғаннан кейін платформада жұмыс істеген қызметкерлердің бәрі де жұмыстан шығып кеткенін айтады. Біртановтың сөзінше, 8 информ-жүйе ол жобамен интеграциялануға келмейді деп ешбір маман айта алмаған. 

"Мен сотта да айттым. Неліктен сот пен прокурор сот отырысы барысында бір мәселеге назар аудармады: Ericsson тарапынан бүкіл жұмыстың атқарылғанын бәрі растады. Цойдың өзі де (бұрынғы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой). Жобадан қандай кем-кетік шыққанын өзімнің анықтауыма, сұрақ қоюыма тура келді", - дейді ол.

Сонымен қатар, Елжан Біртанов өзінің бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевтің тергеу кезінде азапталуы жайлы сөз қозғады.

"Уақытша оқшаулағышта жай ғана жылы су болмаса, ол да – азаптау. Медициналық, гигиеналық тұрғыдан мұның өзі дұрыс емес. Қиын жағдайда болған ғылым докторы жайлы не деуге болады? Олжас Амангелдіұлының интимді мәселесі шығар. Өз қалауына қарай ол басынан не өткергенін айта ма, жоқ па – өзі біледі. Бірақ тиісті арызды ол жазды. Оның адвокаты да оған қысым жасалғанын жазды. Тергеуде көрген теперішті бастан өткерген жас жігіттер "біз елден кетуге мәжбүрміз" деп айтып жатыр. Құрметті сот, бұл қалыпты құбылыс па?".

Мені қаралау үшін Тоқаевқа жалған ақпарат берген

"Бәрі бұрын да білді, қазір де біледі. Жобаны жасаушы тарапынан еш кемшілік жоқ. Ешқашан болмаған. Барлық жұмысты олар атқарды. Оларға төлемнің бәрі заңды түрде жүргізілді. Бір ғана проблема – бізге осы жобаны соңына дейін іске қосуға мүмкіндік бермеді. Сотқа дейінгі тергеу органы жол бермеді. Бізді алып тастады. Жарайды делік. Олардан кейін бізді сүйрей бастады. Бір куәгер "бәріміз жұмыстан шығып кеттік" деп ағынан жарылды. Оларға "платформаға жақындамаңдар" депті", - дейді Біртанов.

Экс-министр өз сөзінде Ericsson компаниясын Қазақстанға шақыру үшін 2021 жылдың маусымында Денсаулық сақтау министрлігі Ведомствоаралық комиссияға жүгінгенін айтады. Бұл кезде тергеу аяқталып қойған. Бір аптадан кейін хорваттар Қазақстанға келген. Біртановтың болжауынша, компания өкілдерінің тергеу аяқталғаннан кейін шақырылуының себебі – олар тергеуге кедергі келтіреді деген сақтық болған.

"Тіпті президентке де Біртанов жүйелі түрде "алады" деп есеп беріпті. Мен ол туралы білмедім де. Интернетте Жақсыбек Құлекеевтен естідім. Мені қаралау үшін сондай әңгіме болыпты. Жарайды делік. Құрметті, құқық қорғау органдары! Егер сіздер әр министр парақор деп ойласаңыздар, оны дәлелдеңіздер", - дейді ол.

Елжан Біртанов өзіне тағылған айып, шыққан үкім ешбір фактімен дәлелденбейтінін баса айтты. 

"Бірде-бір жауаппен, бірде-бір жазбамен, құжатпен дәлелденген жоқ. Істе менің кінәлі болуымның болжамы ғана қолданылған. Тергеу тобының бастығының болжамымен, оның қиялымен! Істе фантазия көп болды. Айыптау актісінде бізде небір вилла мен мүлік бары айтылған. Бірақ соның бәрі қайда?" - дейді ол.

Экс-министрге шыққан үкім жайлы

Еске салсақ, былтыр сот Біртановты 5 жылға, ал оның орынбасары Олжас Әбішевті 4 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарған еді. Елжан Біртанов "санавиацияны заңсыз пайдаланды" деген айып бойынша ақталғанымен "лауазымын асыра пайдаланды" деген бап бойынша айыпты деп танылды. Екеуі сот үкімі бойынша "келтірілген" 1 млрд 350 млн теңге шығынды өтеуге міндеттелді. 

Елжан Біртановтың адвокаттары жоғары тұрған сот сатысына №2 Сарыарқа сотының үкіміне апелляциялық шағым түсірген. Экс-министрдің қорғаушылары сот үкімінің оны лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп тапқан бөлігіне наразы.

Іс барысында Елжан Біртанов өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін айтты. Ал прокурорлар бұрынғы министрді алты жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Айта кетсек, 2016 жылы Хорватияның Ericsson Nikola Tesla байланыс операторы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен медициналық ақпарат порталы туралы келісімге келген болатын. Келісім құны 20 миллион еуроны құрады. "Ericsson" Қазақстанға денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесін ұлттық деңгейге жеткізуге көмектесуді міндетіне алған. Тапсырманы орындау үшін бір жыл қажет болды, сонымен қатар пайдаланушылар үшін жеткізушінің қосымша үш жылдық қолдауы қажет еді.

Жоба 2018 жылы аяқталып, оны сол кездегі Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бекіткен. Ол 2020 жылдың маусымында отставкаға кетті. Бірақ сол жылдың соңында "цифрландыру қорынан 445 мың еуро жымқырды" деген күдікпен қамауға алынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу