Елжан Біртанов: Зайсан ауданында карантиндік стационар ашу біздің бұйрығымыз болған

5213

Қытайдан келетін 6 азамат аудандық аурухананың бақылауына алынуы мүмкін. 

Елжан Біртанов: Зайсан ауданында карантиндік стационар ашу біздің бұйрығымыз болған

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Шығыс Қазақстанның Сарытерек, Айнабұлақ ауылдарында коронавируске қарсы карантиндік стационар ашылады деген ақпаратқа қатысты түсінік берді.

"Өкінішке қарай, ел арасында түсінбеушіліктер орын алған. Біздің карантин жүргізу бойынша белгілі бір тәжірибеміз бар. Бүгінге дейін 524 адам карантиннен өтті. Ухань қаласынан бүгін түнде бір студент келді. Ведомствоаралық мемлекеттік комиссия  Қытай мен Қазақстан шекарасында көшу бойынша арнайы шешім қабылдаған. Ол тек жолаушы тасымалы бойынша ғана. Мысалы ұшақ арқылы немесе автобус арқылы. Бірақ түрлі коммерциялық байланыс пен жүк тасымалы әлі тоқтатылған жоқ.  Себебі күнделікті жүріп жатқан тауарлар бар. Оның арасында транзиттік тауарлар, елімізге қажетті тауарлар бар. Солардың жүргізушілері ШҚО бойынша Бақты және Майқапшағай бекеттері арқылы, Алматы облысы бойынша теміржол бекеттері арқылы өтуде. Біз күнделікті мониторинг жасаймыз. Санитарлық дәрігер міндетті түрде сол жерде тұрады. Тепловизорлар бізде бар. Қосымша тепловизор алуға тырысып жатырмыз", – деген министр Майқапшағай кеден бекеті арқылы Қазақстанның 6 азаматын елге өткізу қажеттігі туғанын, сол үшін министрлік шекараға жақын маңнан карантиндік стационар құру туралы тапсырма бергенін айтты. 

"Қазір біздің ақпарат бойынша Қытайда саудамен айналысатын қазақстандық азаматтар, көлік жүргізушілері бар. Олар елге қайтқысы келеді. Біз мүмкіндік беруіміз керек. Әрине, қауіпсіздік мәселелері бойынша тәуекелдер бар. Келгеннен кейін, оларды бақылауға алуымыз керек. Ел басында дұрыс түсінбеген.  Қытай азаматтары келіп жатыр деген дұрыс емес. Өткен тәулік бойынша  Майқапшағай бекеті арқылы Шығыс Қазақстан аумағына ешкім өткен жоқ. Күнделікті  көп болса 10-15 адам өтетін. Олардың бәрі біздің азаматтар. Алматы облысы бойынша 25 адам күн сайын  өтеді. Олар пойызбен келетін адамдар, жүргізушілер, машинистер. Әрине, біздің негізгі мақсатымыз –азаматтарымыз елге келсе, басқа тұрғындармен кездесіп, инфекция таратуына жол бермеу. Сол үшін жақын жерден арнайы карантиндік стационар ашу туралы біздің бұйырығымыз болған. Азаматтар түсінбеген. Ауылдың амбулаториясы деп ұққан. Біздің шешім бойынша арнайы  стационар Зайсан ауданының орталық ауруханасының инфекциялық ауруларға арналған корпусынан ашылады. Қажеттілік болса, келген адамдарды сол жерге жатқызатын болады", – деді Елжан Біратнов.

Сондай-ақ, министр елге қайтқысы келетін аталмыш азаматтарды Алматы мен Нұр-Сұлтанға әкетсін деген жұрттың талабына қатысты пікір білдірді.

"Ол мәселе әлі қаралып жатыр. Қазір облыс әкімі халықпен кездесіп жатыр. Кездесу біткеннен кейін, біз тағы сөйлесеміз. Біздегі ақпарат бойынша қазақ елінің 6 азаматы елге кірмекші. Менің ойымша, соларды елге кіргізбей, елден қуамыз деген сөз көтерілмеуі керек. Әрине, ол азаматтар сол ауданның тұрғындары. Олардың туыстары бар, ата-аналары бар. Оларды басқа қалаға апарудың қандай қажеттілігі бар? Олар сау адамдар.  Біздің ақпаратымыз бойынша ауру адамдар жоқ", – деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу