Елжан Біртанов жаңа холдинг құрмақ

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3188

Қазақстанда медициналық салада жаңа ұлттық басқарушы холдинг құрылатын болды.

Елжан Біртанов жаңа холдинг құрмақ Фото: ortcom.kz

Бұл қадам осы саладағы реформа мен қайта құруларға түрткі болғалы тұр.

Қарапайым халық холдингтерді "дөкейлердің балалары мен туған-туыстарын жоғары жалақылы жұмысқа тұрғызатын орын" дейді. Холдингтер жұмысы жұртшылықтың ғана емес, сонымен қатар Парламент депутаттарының, тіпті ел басшылығының да қатаң сынына ілігіп жүр. Бірақ бұл олардың жаңаларын "төлдетуге" кедергі бола алмайтынға ұқсайды.

Қазір ауыл шаруашылығы секторы "ҚазАгро" холдингіне ие. "Электронды Үкіметті" дамыту және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ендіру үшін "Зерде" ұлттық инфокоммуникация холдингі дүниеге келді. Мемлекеттің тұрғын үй салу, кәсіпкерлікті дамыту және отандық экспортты ілгерілету саясатын жүзеге асыру үшін 11 компанияны біріктіретін "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі әрекет етуге тырмысуда. Кезінде мемлекетке қарасты ұлттық компанияларды тиімді басқару үшін "Самұрық" және "Қазына" холдингтері құрылып, кейін ол "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына бірікті. Енді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та төл холдингіне қол жеткізуге жақын қалды.

Осы мақсатта Үкіметтің тиісті қаулысының жобасы әзірленіп отыр.

Оған сәйкес, біріншіден, жаңа құрылым – "DARU" ұлттық басқарушы холдингі" деп аталмақ.

Бұл "Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы" акционерлік қоғамы негізінде және оны қайта атау жолымен жүзеге асырылады деп күтілуде.

Екіншіден, "жабық сайлау" жүреді: Денсаулық сақтау министрлігі қоғамның директорлар кеңесі құрамына мемлекеттік органдардың өкілдерін сайлауды қамтамасыз етуге кіріспек.

Бұл ретте министрлік "DARU" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің құрамына сайлау үшін "мемлекеттік органдардың өкілдері" ретінде Үкімет басшысының бірінші орынбасары-қаржы министрі Әлихан Смайыловтың, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың, индустрия және инфрақұрылымдық дамыту министрі Роман Склярдың кандидатурасын ұсынбақ.

Үшіншіден, қаулы бойынша елордадағы "Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны "Ұлттық травматология және ортопедия орталығы" ЖШС болып, қайта құрылады деп күтілуде. Әдетте, бұлай қайта ұйымдастыру жекешелендіру жолындағы іс-қимыл саналады. Дегенмен, министрлік орталықтың 100 пайыз мемлекеттік кәсіпорын болып қалатынына сендіреді. Енді серіктестіктің жарғысы бекітіліп, ол әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтуге тиіс.

Жаңа "Дәру" холдингі тек осы екі орталықтан ғана құралмайды.

Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлiк және жекешелендіру комитетіне, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, әлгінде айтылған шаралар іске асырылып болғаннан кейін "Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы" мен "Ұлттық нейрохирургия орталығының" мемлекеттік акциялар пакетін де жаңа холдингке беру жүктеледі.

Бұдан бөлек, "Ұлттық ғылыми онкология орталығы және Ұлттық травматология және ортопедия орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мемлекеттік қатысу үлесін "DARU" жарғылық капиталын төлеу үшін соған тапсыру жоспарланған.

Құрылғалы тұрған холдингтің бірінші басшылары Премьер-министрдің ұсынысы немесе оның келісімі бойынша қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады деп күтілуде.

Қаулы жобасына түсіндірмесінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаңа ұлттық басқарушы холдин құру "медициналық қызметтер сапасын жақсарту" үшін жасалып отырғанын айтады.

"Нақты мақсат – "Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықты" құру. Онкологиялық орталықты құру ұлттық және халықаралық талаптарға сәйкес келуге, денсаулық жағдайын жақсартуға бағытталған жоғарғы білікті, жоғарғы технологиялық медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді", – дейді ведомство басшысы.

Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағында 1 ЖШС – "СК-Фармация" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қалады.

Аталған қаулының өзге де жаңалықтары бар. Мәселен, ол "Акциялардың мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінен" бір топ мемлекеттік медұйымдарды шығарып тастайды.

Ол жайында тиісті кестеден біле аласыз.

21-187. "Ұлттық ғылыми онкология орталығы" ЖШС

Алып тасталсын

Негіздеме: "DARU"Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ның акцияларын төлеу үшін "Ұлттық ғылыми онкология орталығы" ЖШС-ін беруге сәйкес

21-189. "Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы" АҚ

Жаңа мәртебесі: 21-189. "DARU" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ

Қайта атауға және "Ұлттық басқарушы холдинг" мәртебесін алуына сәйкес

"123-126. "Құрмет белгісі" орденді Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты" АҚ

Алып тасталсын

"Құрмет белгісі" орденді Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты" АҚ-ын 2018 жылы жекешелендіруге байланысты оны республикалық меншіктегі ұйымдардан шығару қажет

123-127. "Академик Б.О.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы" АҚ

Алып тасталсын

"Академик Б.О.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы" АҚ-ын 2018 жылы жекешелендіруге байланысты оны республикалық меншіктегі ұйымдардан шығару қажет

123-128. "А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ұлттық ғылыми орталығы" АҚ.

Алып тасталсын

"А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ұлттық ғылыми орталығы" АҚ-ын "С.Д.Асфендиярв атындағы ҚазҰМУ" КеАҚ-ның жарғылық капиталына беруге байланысты

302. "Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясы" АҚ

Алып тасталсын

"Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясы" АҚ-ын 2018 жылы жекешелендіруге байланысты оны Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағындағы ұйымдардан шығару қажет

227-9. "ҚазМедТех" АҚ

Алып тасталсын

2018 жылы "ҚазМедТех" АҚ-ның 100% пакеттерін сенімгерлік басқаруға беруге байланысты оны Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына жататын ұйымдардан шығару қажет

227-18 "Ұлттық кардиохирургия орталығы" АҚ

Алып тасталсын

"DARU" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ның акцияларын төлеуге "Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы" АҚ-ын беруге сәйкес

227-19 "Ұлттық нейрохирургия орталығы" АҚ

Алып тасталсын

"DARU" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ның акцияларын төлеуге "Ұлттық ғылыми нейрохирургия орталығы" АҚ-ын беруге сәйкес

 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу