Елжас Алтынбеков: "Қайсардың" намысын абыроймен қорғауға дайынмын"

1887

Алтынбеков бұл маусымда төрт кездесуге қатысып, бір голмен көзге түсті.

Елжас Алтынбеков: "Қайсардың" намысын абыроймен қорғауға дайынмын"

Қызылордалық "Қайсар" жаңа маусымда жергілікті футболшыларға иек артады. Бұл жергілікті ойыншылар үшін зор мүмкіндік. Бүгінде "Қайсар" екінші оқу-жаттығу жұмысына кірісуге дайын. Дайындық алдында команданың шабуылшысы Елжас Алтынбековпен әңгімелестік.

- Елжас, өткен маусым оңайға соқпады. Пандемия салдарынан Премьер-лига желтоқсан айына дейін созылып, суық ауа-райында доп тебуге мәжбүр болдық. Жалпы чемпионат жайлы аз-кем тоқталсаң...

- Әрине, өткен маусымды қиын болады деп ешкім күтпеді. Барлығы ойдағыдай басталғанымен, 5 айға біріншілік тоқтап қалды. Соның салдарынан көп футболшы бабын жоғалтып алды. Оның арасында өзім де бармын. Тамыз айында жалғасқан соң ойындардың кестесі тығыз болды. Бір аптада 3 ойын өткізген кезіміз де болды. Бұл футболшылар үшін қиынға соқты.

- Өткен маусым сіз үшін сәтті болды деп айта алмаймыз...

- Иә, көп жағдайда қосалқы құрамда қалдым. Оның түрлі себептері бар. Жалпы командада әр позицияда бәсеке жоғары болды. Жаттығу барысында жарақат алып, біршама ойындардан тыс қалдым. Бар-жоғы 4 кездесуге шығып, бір мәрте көзге түстім. Бұл – шабуылшы үшін жақсы нәтиже деп айтуға келмейді. Алдағы маусымда көрсеткішті жақсартып, гол соғу үшін жұмыс істейтін боламын.

- Командаға жергілікті жаттықтырушы Сұлтан Әбілдаевтың қайта оралғаны көпшілікті қуантты. Ойыншылар жаңа бапкерді қалай қабылдады?

- Команда Сұлтан Тоқатайұлының бапкерлік қызметке тағайындалғанына қуанды. Ол футболды дамытуда зор еңбек етіп жүрген жаттықтырушы. 2016 жылы оның қол астында жаттығып, бірінші лигада бақ сынадық. Сұлтан Тоқатайұлының арқасында жеңімпаз болып, Премьер-лигаға жолдама алдық. Білікті бапкер. Жаңа бапкермен ел клубтары арасында алғаш болып дайындықты бастадық. Ол жергілікті футболшыларға көңіл бөлуді қалайды. Бұл біз үшін жақсы жаңалық.

- БАҚ беттерінде өзіңді "Жетісу" мен "Атырауға" ауысады деген ақпарат тарады. Бұл ақпарат қаншалықты рас?

- Қазір елде трансфер терезесі ашылып, командалар өздеріне қажетті ойыншыларды іріктеуде. Премьер-лигадағы 2-3 командадан ұсыныстар түсті. Бірақ, әлі де нақтыланған жоқ. Сондықтан мына командаға ауысам деп айта алмаймын. Әзірге "Қайсардамын". Өзім түлеп ұшқан командада барлығы жақсы болса, аймақтың намысын қорғауға дайынмын.

- Жаңа жыл қарсаңында жанкүйерлерге жеткізер жылы лебізің...

- Барша қазақстандықтарды, футболшыларды, жанкүйерлерді жаңа жылмен құттықтаймын! Бастысы, деніміз сау болсын! Жаңа маусымда жанкүйерлермен стадионда көрісетін күнге жетейік!

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу