Ең бірінші болып Корея мен Жапониядағы қазақстандықтар референдумда дауыс беруді бастады

127

Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары жаңа Конституция жобасына қатысты республикалық референдумда дауыс беруді бастады.

Ең бірінші болып Корея мен Жапониядағы қазақстандықтар референдумда дауыс беруді бастады Фото: СІМ

Алғаш болып Қазақстанның Сеул мен Токио қалаларындағы елшіліктері жанындағы сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де ашылды, деп жазады inbusiness.kz сайты Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Жапонияда Токио қаласындағы учаскеде алғашқылардың бірі болып "Нихон" университетінің 3-курс студенті Жібек Айдын дауыс берді.

"Қарастырылып отырған мәселе еліміздің алдағы даму бағыты үшін маңызды. Референдум өткізу ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғам пікірін жан-жақты ескеруге мүмкіндік береді. Мемлекет әрбір азаматтың өз таңдауын жасауына қажетті жағдай жасап отыр, ал біз үшін белсенді азаматтық ұстаным таныту – маңызды міндет", – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, шетелде тұратын отандастарымыз Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінің қолдауымен референдумға қатысу мүмкіндігіне ие болғанын айтты.

"Бұл – еліміздің болашағына қатысты жауапты шешім қабылдауға берілген ортақ мүмкіндік. Қабылданатын шешім Қазақстанның орнықты әрі серпінді дамуына оң ықпал етеді деп сенемін", – деп түйіндеді Жібек Айдын.

Ал Сеул қаласындағы учаскеде алғашқылардың бірі болып Азия орман ынтымақтастығы ұйымының (AFoCO) қызметкері, Қазақстан азаматы Ернар Сәрсенбаев дауыс берді.

Ол шетелде жүрген азаматтар үшін осындай маңызды саяси процеске қатысу мүмкіндігі жасалғанын жоғары бағалап, референдумға қатысу әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігінің көрінісі екенін атап өтті.

"Мұндай маңызды ұлттық мәселелер бойынша өз пікіріңді білдіру – әр азаматтың парызы. Референдум еліміздің дамуы мен болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға мүмкіндік береді", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу