Ең төменгі күнкөріс деңгейі 62 896 болуы керек

5506

Біз жері бай, елі кедей халықпыз.  

Ең төменгі күнкөріс деңгейі 62 896 болуы керек

Ортақ Отанымыз –Қазақстанымыз және оның халқы, яғни сіз бен біз жайлы осылай деп айтуға мәжбүрміз. Бұған макроэкономикалық көрсеткіштер мен халықтың қазіргі әлеуметтік жағдайы негіз болып отыр, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі.

Еліміздегі кедейшілік деңгейі 5,7%-ға жетті. Бұл 2 млн-нан астам азамат ішер ас пен киер киімге жарымай жүр деген сөз. Дүниежүзілік банктің дерегінше, Қазақстанда кедейшілік деңгейі алдын ала болжанған 8,3%-дан 12,7%-ға артуы мүмкін.

Халықаралық ұйым былтыр жасаған осы мәлімдемесін табысы күніне 5,5 долларды немесе айына 70 мың теңгені құрайтын адамдарды кедей деп санау қажет деп дәйектеді.

Өздеріңіз білетіндей, біздің елде кедейшілік деңгейі ең төменгі күнкөріс  деңгейімен есептелінеді. Биыл бұл көрсеткіш 34 302 теңгені құрап отыр. 

Ел азаматтары жалақының 54 %-ын азық-түлікке жұмсайды. Ал  еуропалықтар бір ай тамақтануға  табысының 10-12%-ын ғана шығындайды.

Осы турасында экономиканың жазылмаған заңында: "Халықтың тұрмыс деңгейі төмендеген сайын азық-түлік шығыны артады, керісінше табыс деңгейі артқан сайын демалыс шығыны артады",  деп нақтыланған.

Қазір еліміздің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 10 мың долларға жетпейді. 2013 жылы бұл көрсеткіш 13 600  долларды құраған. 2015 жылдан бастап теңгенің құнсыздануы салдарынан, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 7 мың долларға дейін құлдырады. Содан бері жағдай жақсарған жоқ.

GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 20 мың доллардан жоғары ел бай, 10 мың доллардан жоғары болса орташа өмір сүретін, 10 мың доллардан төмен болса кедей ел саналады. 2 мың доллардан төмен болса, өте кедей ел деп танылады.

Бұдан дәл қазір Қазақстан кедей елдер қатарында деген қорытынды шығады.

"Тұтынушылық себетте соңғы өзгеріс 2006 жылы болды. Содан бері себеттегі 43 тұтыну тауарының құрамы өзгермеді. Ресейде тұтыну себеті 150-ден астам, Еуропада 250-ден басталып, 700 түрлі тұтыну тауарына дейін жетеді", – деді экономист.

Оның сөзінше, Ресейде биылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі тұтыну себетіне байланысты болмайды деген шешім қабылданды.

"Ресейдің еңбек министрлігі күнкөрістің ең төменгі деңгейін шартты тұтыну себетіне байланыстырудан бас тартуды және бұл көрсеткішті жан басына шаққандағы орташа медиандық табыстың 44,2% көлемінде  есептеуді қолға алып жатыр. Бұл ұсынысты біздің елге де қолдануға болады", – дейді Мақсат Халық.

Ұлттық статистика бюросының зерттеуінше, былтыр ел азаматтарының орташа медиандық жалақысы 142,3 мың теңгені құрады. Экономистің пікірінше, осыған сәйкес еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 62 896 болуға тиіс. Ең төменгі жалақы күнкөріс шегінен жоғары тұруы тиіс екенін ескерсек, онда оның мөлшері 71 150 теңге болуы керек.

Өкінішке қарай, бізде статистикадағы сандар мен шынайы өмірдегі сандар сәйкес келмейді. Сәйкес келсе, бүгінгі таңда елімізде ең төменгі жалақы 42 500 теңге болмас еді.

Қанат Махамбет
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу