Еңбек инспекциясының бастығы мамандардан ақша жинаған

2468

Қарағанды облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма бастығы үш жылда 462 мың теңгені заңсыз алып отырған.

Еңбек инспекциясының бастығы мамандардан ақша жинаған

Әдеп жөніндегі кеңесте облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бастығы Қанат Балсариевке қатысты іс қаралды. Оған қарамағындағы мамандардан  2016 жылдан 2018 жылға дейінгі аралықта заңсыз ақша жинады деген айып тағылуда. Сот бухгалтерлік сараптама қорытындысының есебі бойынша заңсыз  жиналған қаражаттың жалпы сомасы 462 мың теңгені құрап отыр.

"Қанат Балсариевтің заңсыз ақша жинау фактісі тексеру кезінде толығымен нақтыланды. Зардап шеккендердің тікелей көрсетуімен және инспекцияның басқа бөлімдердің куәгерлерінің  көрсетуімен бұл іс айғақталды",– деп мәлімдеді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл агенттігі департаменті басқармасының бас маманы Айдын Смағұлов.

Айта кету керек Қанат Балсариевтің заңсыз ақша жинағанынан шаршаған қол астындағы бірнеше еңбек инспекторлары құзырлы орындарға хат жазған. Осыдан кейін тергеу басталған болатын. Сонымен қатар әдеп жөніндегі кеңесте бұған дейін бір рет  Қанат Балсариевтің ісін қарап, өзін сынның астына алмақ болған еді. Алайда ол жолы Қанат Балсариев сырқаттануына байланысты келмей қалған. Ісі май шаммен қаралғалы отырған бастық осы жолы да әдеп кеңесінде қара көрсетпеді.Тек ол әдеп кеңесі мүшелеріне хат жазып жіберіпті. Хатында мамандардың ақшаны өз еріктерімен жинағанын әрі бұл қаражаттың кейбір әріптестерге материалдық көмек ретінде және ұжымдық шараларды ұйымдастыруға кеткенін түсіндіріпті. Хаттың соңында Қанат Балсариев ұлы Абайдың адамзаттың бір-біріне дос бауыр екендігі жөнінде айтылған сөзін ескеріп мысал келтіріпті.

Дегенмен әдеп жөніндегі  кеңеске келген еңбек инспекторлары бастықтарына қарсы пікір білдірді.

"Осы еңбек инспекциясында жұмыс жасап келе жатқаныма он жыл болды. Бұл – мәселе шындық. 2018 жылдың желтоқсанына дейін біздің бастығымыз ақша жинап келді. Біз тиісті органдарға шағым түсіргеннен кейін,тексеру келетінін біліп, ол соңғы уақытта ғана жиналған ақшадан біздің атымыздан деп қайтыс болған әріптесіміздің отбасына берді. Сондықтан оның бүгінгі жазған хаты жалғандыққа толы деуге болады. Балсариев өзіне қарсы хат жазғандарды қазіргі уақытта қудалап отыр",– дейді мемлекеттік еңбек инспекторы Хамит Каренов.

Тергеу мәліметінше, Қанат Балсариев қарамағындағы мамандарға сыйақы жазғызып, соның есебінен екі мың теңге ұстап отырған. Сондай-ақ ол бұл соманы бухгалтер мамандар арқылы жинатқызған. Ал ақша жинаудан бас тартқандармен бөлім бастықтарының "жақсылап" сөйлесуін тапсырып отырған.

Ақыр-соңында әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Еңбек инспекциясы басқармасының бастығын жұмыстан шығаруға қатысты жазаға бір ауыздан тоқталып, мұны кеңес ретінде облыс әкіміне жіберетін болды.

Арайлым Еркебаева

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу