Еңбек кітапшасы болмайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6144

Келесі жылдан бастап еңбек шарты электронды түрде түзіледі.  

Еңбек кітапшасы болмайды

Жыл соңына дейін Қазақстан қолданыстағы еңбек кітапшасынан бас тартады. Осыған дейін жұмыс істейтін адамдардың еңбек өтілін растау үшін бірыңғай үлгіде толтырылған қағаз құжат 2019 жылдан бастап электронды форматқа ауыстырылады.

"Қазіргі заманда жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы іскерлік байланысты дәл осылай заңдастыру аса маңызды, себебі бүгінгі таңда  қашықтықтан жұмыс істеу үдерісі белең алып келеді. Болашақта жұмысқа тұру үшін жеке басты куәландыратын құжат қана қажет болады, диплом, медициналық анықтама сияқты құжаттар бірыңғай ақпараттық жүйеде сақталады", – деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұл бастама 2017 жылы көтерілді. Сол жылы қазан айында бірыңғай электронды еңбек биржасы қызмет көрсете бастады. Бүгінгі таңда электронды биржаға тіркелген адамдар мамандықтары мен тәжірибелеріне сай қызмет тауып, еңбек етіп жүр.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, электронды форматтағы еңбек шарттары бірыңғай электронды еңбек биржасының базасына жинақталады. Жұмыс берушілер қызметкердің жеке іс парағын бірыңғай электронды еңбек биржасы арқылы электронды түрде жүргізеді. Жұмысқа қабылданатын кезде адамдар бірыңғай электронды еңбек биржасының базасына жеке сәйкестендіру нөмірін жолдайды. Ол бірыңғай электронды еңбек биржасының дерекқорына енгізіледі. Бұдан кейін жұмыс беруші электронды еңбек биржасы бекіткен электронды мәліметті, яғни жеке іс парағын алады. Ары қарай жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек шартына қатысты мәселелер онлайн-режимде реттеліп отырады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышевтың мәлімдеуінше, бұл тәсіл қағазбастылықтан құтақарады және дәстүрлі еңбек кітапшасынан бас тарту мүмкіндігін береді.

"Еңбек шартын электронды форматта түзу жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы құжат айналымын жеңілдетеді сонымен қатар министрлікке жұмысқа тұрғандар мен жұмыстан шыққандар туралы деректі үздіксіз бақылап отыруға мүмкіндік береді. Министрлік азаматтардың әлеуметтік құқығын қамтамасыз ету үшін мониторинг жүргізеді және қажет болған жағдайда тиісті шешім қабылдап, жұмыссыз қалған адам жайлы мәліметті автоматты түрде электронды еңбек биржасына орнатады. Бұл шешім жұмыссыз қалған адамның басқа қызметке орналасуына ықпал етуі мүмкін. Жыл соңына дейін бұрынғы еңбек кітапшаларынан бас тартуды ілкі жоба ретінде қолданысқа енгіземіз. 2019 жылдан бастап еңбек шарттары электронды түрде толтырылатын болады. Бұған қоса enbek.kz сайтында өзін-өзін жұмыспен қамтығандарды есепке алу жүйесін енгізу жоспарланып отыр", – деді Нариман Мұқышев.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу