Еңбек министрі көпбалалы отбасыларға қандай көмек берілетінін түсіндірді

160

Келесі жылға арналған бюджетте әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды 10%-ға дейін индексациялау жоспарланған.  

Еңбек министрі көпбалалы отбасыларға қандай көмек берілетінін түсіндірді Фото: sozmedia.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова көпбалалы және мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған аналарға қандай көмек көрсетілетінін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қарастырылып отырған заңда сіздің министрлікке 6 трлн 833 млрд теңге жоспарланып отыр. Бұның 99,3 пайызы әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға бөлінеді екен. Келесі жылға арналған бюджетте төлемдер мен жәрдемақыларды 10%-ға дейін индексациялау жоспарланған. Қазір инфляцияның болжамдары туралы айтып отырмыз. Келесі жылға 9-10% болғанмен, биыл күздегі бойынша 12,6-12,9 пайыз болды. Тимур Мұратұлы азық-түлікке қатысты да болжамды айтқан болатын. Биыл 13 процент болғанмен, кейбір азық-түлік түрлеріне 20%-ға дейін өсіп кетті. Төлемдер ондай көп емес. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға 74 мың теңге төленсе, төрт бала тәрбиелеп отырған анаға 34 мың теңге шамасында жәрдемақы беріледі екен",  – деді сенатор Әсем Рахметова.

Сенат депутаты алдағы уақытта қанша қаржы үнемделетінін, ол ақша қандай бағыттарға кететінін сұрады.

Бұл сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жауап берді.

"Дұрыс айттыңыз, 6 трлн 800 млрд теңге бөлініп отыр. Оның ішінде төлемдерді атап өтсек, зейнетақылар мен жәрдемақылар. Мүгедектігі бар азаматтарға, асыраушысынан айрылғандарға, көпбалалы отбасыларға республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат. Осыған қосымша 1 трлн 700 млрд теңге әлеуметтік сақтандыру қорынан бес әлеуметтік тәуекел бойынша төленеді. Жергілікті атқарушы органдардың бюджеттерінде де әлеуметтік салаға қарастырылған қаражат бар. Сіз айтып отырған санаттағы азаматтар, мысалы, көпбалалы отбасы және сол балалардың ішінде мүгедектігі бар бала болса, төлемдер 74 мың теңгемен ғана шектелмейді. Ол мүгедектігі бар балаға күтім көрсеткені үшін анаға қосымша ай сайын 100 мың теңгеден төленетін жәрдемақы бар", – деді министр Сенаттың жалпы отырысында.

Ведомство басшысының сөзінше, бұған қоса санаторлық-курорттық бейімдеу қызметтеріне жылына 305 мың теңге бір рет беріледі.

"Техникалық құралдар отбасыға ақысыз беріледі, оңалту орталықтарындағы бейімдеу қызметтерін ақысыз алу үшін бюджеттен қосымша көмек көрсетіледі. Көпбалалы отбасыларға басқа министрліктің тарапынан да қолдау бар. Мысалы, Оқу-ағарту министрлігі тарапынан балалар мектепте оқыса, ақысыз тамақтану, қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндіктері қарастырылған", – деп түсіндірді Светлана Жақыпова.

Айта кету керек, бұған дейін Сенат жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заңды Мәжіліске қайтарғанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу