Еңбек нарығының тұрақтылығына қауіп төніп тұр

8434

Азаматтарды жұмыспен қамтуға 123 млрд теңге бөлінеді.  

Еңбек нарығының тұрақтылығына қауіп төніп тұр

Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов сөз сөйледі. Ол еңбек нарығындағы жаңа Жол картасы туралы баяндады. 

"Осы күнге дейінгі еңбек нарығының жағдайы тұрақты болғанымен, сыртқы нарықта қалыптасып жатқан факторларға байланысты еңбек нарығының тұрақтылығына қауіп туу тәуекелі болжанады. Оның ішінде жұмыскерлердің босатылу мүмкіндігі, жаңа құрылатын жұмыс орындарының азаюы, жұмыссыздық деңгейінің өсуі бар. Елімізде осындай кері әсерлерді болдырмау мақсатында жаппай жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған дағдарысқа қарсы жаңа шараларды қамтитын Жол картасы әзірленіп жатыр",
– деді министр.

Оның сөзінше, жол картасы әлеуметтік инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды көздейді. 

"Біріншіден, әлеуметтік-мәдени нысандарды, яғни, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ойын-сауық және демалыс нысандарын қайта құрылымдау, күрделі және ағымдағы жөндеу. Екіншіден, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу. Бұл - сумен қамту, кәріз нысандары, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері. Үшіншіден, инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғырту, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жобалары қолға алынады. Оған қалалық автомобиль жолдары, кентішілік және ауылішілік жолдар, кірме жолдар, аудандық маңызы бар жолдар, тротуарлар, бөгеттер, дамба мен көпір жөндеу кіреді. Төртіншіден, елдімекендерді абаттандыру жүргізілед", – деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің мәлімдеуінше, биыл "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы арқылы 735 мың адам жұмыспен қамтылады. 

"Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен 123 млрд теңге бөлінеді. Бағдарламаны жетілдіру мақсатында әлеуметтің осал топтарына қосымша шағын несие беру және өз микробизнесін ашуға арналған грант тағайындау тәртібі жеңілдетілді. Қосымша қаражат бөлінген жағдайда "Еңбек" бағдарламасы арқылы тағы 46 мың азаматты жұмысқа орналастыруға болады", – деді министр.

Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және жұмыспен қамтылу деңгейі үнемі бақылауда болады.

"Кәсіпорындармен жұмыскерлердің ағыны жөніндегі жол карталарын, сондай-ақ жұмыс орындарын сақтау бойынша меморандум жасау жұмысы жалғаса береді. Елдегі тәуекел аясында жүрген барлық кәсіпорындар, бірінші кезекте жалақы берешегіне жол бермеу мақсатында алдын алу шараларымен қамтылады", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу