Еңбек өтілі 500 жылдан асатын әулет құрметке бөленді

2888

Республикалық "Еңбек жолы" байқауы мәресіне жетті.  

Еңбек өтілі 500 жылдан асатын әулет құрметке бөленді

Еліміздегі еңбекшілер династиялары мен өндіріс жұмыскерлері арасында жыл сайын өткізілетін "Еңбек жолы" конкурсы аяқталып, жеңімпаздар анықталды. Бірінші орынға 1 млн теңге, екінші орын үшін 500 мың теңге, ал үшінші орын алғандарға 200 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Еңсебаевтар отбасының өкілі Қарлығаш Жүнісова "Үздік еңбек әулеті" номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Ол теміржолшылар династиясының үшінші ұрпағы.

"Теміржол саласында еңбек ететін Еңсебаевтар әулетінің жалпы еңбек өтілі 500 жылды құрайды. Осы салада жұмыс істеуді бастаған менің атам еді. Одан кейін әке-шешем атамның ізін басты. Енді міне мен де теміржолда бухгалтер болып қызмет атқарып жатырмын. Жалпы, біздің әулеттен теміржол саласында жиырмашақты адам жұмыс істейді. Біздің ұрпақтарымыз да теміржол саласында қызмет етуді жалғастыра береді деп үміттенемін. Бүгін еңбегімізді елеп жатқан барша халыққа, Елбасына алғысымды айтамын!", –  деп қуанышымен бөлісті Қарлығаш Жүнісова.

Салтанатты шара барысында ҚР премьер -министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев меценаттар мен кәсіпкерлерге "Шапағат" медалін, ҚР Президенті мен ҚР премьер-министрі атынан алғыс хат табыс етті. Ал ҚР парламенті мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова ардагерлерге "Еңбек ардагері" медалін табыстады.

Бердібек Сапарбаев меценаттар мен қоғамдық қорлардың әлеуметтік салада атқарып жатқан еңбектерін жоғары бағалайтынын айтты.

"Еңбек адамына құрмет көрсетуге міндеттіміз. Әр адамның, әр мемлекеттің дамуы еңбек етуіне байланысты. Заман талабына сай идеяларды, технологияларды енізе отырып жұмыс істесек, дамыған 50 елге тезірек қосыламыз. Елбасы "Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру" идеясын жариялаған болатын. Қазақстанның әр азаматы өз мүмкіндігі мен денсаулығына қарай еңбектенуі керек. Ең бастысы әркім өз отбасын асырап, ел экономикасына да үлесін қосуы тиіс. Әсіресе ірі кәсіпкерлер көп салық төлеуімен қатар әлеуметтік нысандар да салып жатыр", – деді ол.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов "Еңбек жолы" байқауының жеңімпаздарын құттықтай отырып, еңбек адамының қоғамдағы орнын айырықша атап өтті.

"Еңбек ардагерлері мен еңбек әулеттерінің баға жетпес еңбегін ерекше айтқым келеді. Сіздер жастармен кәсіби және адамгершілік тұрғысында тәжірибелеріңізбен бөлісесіздер. Еңбекке сүйіспеншілігін арттырасыздар. Ал жастар нәтижелі еңбек етіп, мемлекеттің қарқынды дамуының локомотиві ретінде әлеуетін көрсетуі тиіс. Бүгінгі марапатқа ие болған адамдар құрметті атақты абыроймен алып жүреді деп сенемін", – деді Біржан Нұрымбетов.

Естеріңізге сала кетейік, республикалық "Еңбек жолы" байқауын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру" идеясын жүзеге асыру мақсатында 2016 жылдан бері өткізіп келеді.

Нұржан Көшкін

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу