"Еңбек" парадоксы: ақшасы көбейді, көрсеткіштері нашарлады

5949

Шәпкенов Нұрымбетовтың ауыр мұрасынан арылуға тырыспай ма? 

"Еңбек" парадоксы: ақшасы көбейді, көрсеткіштері нашарлады

Халықты жұмыспен қамтуға арналған мембағдарламаның былықтары енді ашылуда. Оның бір парасын 26 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттің өзі айтып берген болатын.

Нақтылай кетсек, Біржан Нұрымбетов басқарған тұста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асырған "Жұмыспен қамтудың жол картасына" 1 трлн теңге бөлінді. Бұл қаржының 98,2%-ы игеріліп кеткен. Нәтиже жоқтың қасы.

Президенттің тапсырмасымен, министрліктің және әкімдердің "осы қаражатқа жүздеген мың жұмыс орны ашылғаны" туралы ақпараты тексерілген. Нәтижесінде, бұл ақпаратты зейнетақы және салық төлемдері жоққа шығарыпты.

"Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қайта-қайта енгізіле берген. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелді. "Жұмысқа орналасты" делінген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты. Мұндай жағдай әсіресе, Түркістан (79%), Қызылорда (43%) және Жамбыл облыстарында (36%) анықталуда. Жалпы, еңбекпен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы "көлеңкеде" қалып қойды!" – деді Мемлекет басшысы.

Бұл салада шенеуніктер жаппай саботаж жасап жатқан секілді. Мемлекет басшысы осындай есептерді автоматты түрде қайта тексеру тәсілдерін енгізу туралы тапсырма берген-тін. Алайда Мемлекеттік кірістер комитеті мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұл тапсырманы әлі күнге орындамай келеді.

Тағы бір дерек: "Жұмыспен қамту жол картасына" бөлінген 1 триллионнан небәрі 5,5 млрд теңге салық төленді. Бұл – 0,5% деген сөз! Яғни, еңбек министрлігімен, әкімдіктермен бірге осы триллионды игерген компаниялар мемлекетке салық төлемеген. Мемкірістер комитетіне осы салаға тексеріс жүргізу жүктелді. Алда бұл тексеріске өзге де құзырлы органдар жұмылдырылуы мүмкін.

Халықты жұмыспен қамтудың негізгі құралына айналуға тиісті "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында оқудан өткен адамдардың небары 10%-ы несиеге, 19% ғана грантқа ие болды. Оқудан өткен 100 мыңнан астам адам мазақ етілгендей, тиесілі мемлекет қолдауынан тыс қалды.

Әсіресе, бағдарламаның ауылдағы түлектеріне қаржы жетпей жатыр. Себебі, ауылда банктер мен даму институттарының бөлімшелері жоқ. Үкіметке бағдарламаның қаржы көлемін ғана емес, оны жүзеге асыру ұстанымдары мен тетіктерін қайта қарауға тапсырма берілді.

Осы орайда еңбек ведомствосы "Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған "Еңбек" мембағдарламасын бекіту туралы" ел Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы №746 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа қаулы жобасын әзірледі.

Құжат таңданыс туғызады. Біріншіден, оған шығындалатын миллиардтар күрт ұлғайтылатын болды. Әйтпесе, экономистер триллионның босқа кеткені туралы Президенттің қатаң сынынан кейін министрлік ақша жұмсау ісінде аяғын тарта басатын шығар деп болжаған. Екіншіден, көрсеткіштер төмендетілмек.

Жаңа министр айыптыны тапты

Сонымен, "Еңбек" бағдарламасына 2017 жылы – 40 миллиард 348 миллион теңге, 2018 жылы – 66 миллиард 364,4 миллион теңге, 2019 жылы – 130 миллиард 661 миллион теңге, 2020 жылы – 126 миллиард теңге бағытталыпты. Бұдан бөлек, осы мембағдарламаға жергілікті бюджеттерден үш жыл бойы 45 миллиард теңгеден жұмсалып келген. Ұлттық қордан да 49,2 миллиард теңге шығындалыпты.

Бұған дейін 2021 жылы тек 69 миллиард 41 миллион теңге бөлу жоспарланған екен. Ал министрлік әзірлеген жаңа Үкімет қаулысында биылғы жылға одан әлдеқайда көп сома: 104 миллиард 203,1 миллион теңге бөлу көзделіп отыр.

Қаржыны өсіру туралы шешім қабылданып қойылған: жоба тек ескі қаулыны Республикалық бюджеттік комиссияның 2020 жылғы 29 желтоқсандағы шешіміне сәйкес келтіретіні айтылды.

Демек, бұл бағдарлама жетістіктері мен көрсеткіштерін одан әрі жақсарту үшін жасалған болар? Жоқ. Молайған қаражатқа қол жеткізілетін нысаналы индикаторлары теріс жаққа қарай өзгертілуде.

Құжатта бағдарламада қойылған міндеттерді орындау арқылы 2021 жылға қарай мынадай нысаналы индикаторларға қол жеткізу белгіленген: егер бұрын "жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ден аспайды" делінсе, жаңа қаулы жобасында ол 4,9%-ға дейін нашарлатылды.

"Жұмыспен қамтылған халықтың басқа да санаттары құрамындағы нәтижесіз жұмыспен қамтылғандардың үлесі" бұған дейін 10,2%-дан аспайды делінсе, жаңа қаулы жобасында ол 11%-ға дейін арттылған.

Өзге көрсеткіштерінің де оңып тұрғаны шамалы. Мәселен, "Жастар практикасы" арқылы жұмысқа орналастырылған адамдар саны 2020 жылы 34,4 мың болса, биыл 21 мың ғана болмақ.

Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа тұратын адамдар саны былтыр 19,3 мың адамды құраса, 2021 жылы 12,1 мың болады деген меже белгіленді. Қоғамдық жұмыстарға орналастырылатындар саны 2020 жылы 82,8 мың адамға жетсе, осы жылы 57,2 мың адам деген көрсеткіш жазылған.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алған адамдардың саны 2020 жылы 42,8 мың адам болса, биылғы жылы 19,9 мың адам болады деп жоспарлануда.

Ол ол ма, қолданыстағы "Еңбек" бағдарламасында 2021 жылы 6,5 мың көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелеріне, жастарына және еңбекке қабілетті мүгедектерге жұмыс тауып беру міндеті қойылған. Жаңа қаулы жобасы осы міндетті түп-тамырымен жұлып, алып тастамақ.

"COVID-19 індетінің таралуына және карантин шараларының енгізілуіне байланысты экономиканың әртүрлі секторларында жұмыс орындары шектелді. Бірқатар өндіріс орындарында жұмыстар тоқтатылды. Өзге кәсіпорындар өз жұмысшыларын қысқартты, өндірісі дағдарды. Осы факторлардың бәрі еңбек нарығындағы ахуалға кері ықпал етуде", – деген түсініктеме берді Үкімет қаулысының жобасына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.

Солтүстікті қазақыландыру ісі кенже қалды

"Еңбек" мембағдарламасының өзге бағыттарының да көрсеткіштері нашарлай түспек. Мысалға, қолданыстағысында "Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған оралмандар мен қоныс аударушылардың саны" 2020 жылы – 6 мың, ал 2021 жылы 6,3 мың болады деп көрсетілген-тін. Былтырғысы орындалмаған: 2020 жылы 5,4 мың адам ғана оңтүстіктен солтүстікке көшіпті. Рас, биыл бұл санды 7,5 мыңға көтеру көзделіпті.

Әйткенмен, осы қоныс аударғандардың үлкен бөлігі артынша кері көшіп кетіп жатқаны көп айтылуда. Негізсіз емес.

Шенеуніктер көп дәріптеген "Еңбек" бағдарламасына сеніп, өз отбасымен түскейден теріскейге қоныстанғандардың бірі Айжан Райымбекова өмір шындығы күткендей болмағанын жеткізді. Ол Тайынша қаласының жаңа шағынауданының тұрғындары атынан облыс әкіміне хат жазыпты.

"Біз "Еңбек" бағдарламасы ұсынған мүмкіндіктерден өзіміз, балаларымыз және туыстарымыз үшін мол перспектива көрдік, сендік. Содан Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласына көштік. Бірақ келген соң көптеген проблемаға жолықтық. Біріншіден, шағынауданға орталық жылу жүйесі тартылмаған. Жылу құбырлары шеткі үйлерден 150–200 метр қашықтықта жатыр. Яғни, өз күшімізбен оған қосыла алмаймыз. Екіншіден, "Қазақтелеком" сым бойымен интернет жүргізіп берсе дейміз. Бұл пандемия кезінде балаларымыздың онлайн оқуы үшін керек. Үшіншіден, қайта қоныстанушыларға берілетін субсидия-үстеме тым аз. Берілген ақшаны біз көшіп келуге шығындап қойдық. Азық-түлік бағасы болса, шығандап барады", – дейді ол.

Қоныстанушылардың үйлер сапасына да, сонымен бірге оның жанында ең құрығанда отын мен көмірді сақтайтын сарайдың жоқтығына да көңілдері толмайды.

"Берілген үй оған мемлекет шығындаған ақшаға тұрмайды. Құрылыс компаниясына айтар шағымымыз көп. Баспана жылу ұстамайды. Биылғы қыста қар шатырдың ішіне дейін кіріп кетті. Қабырға мен төбесі жарыққа толы. Жел гулеп тұрады. Еден де мұздай суық. Терезеден де қыс бойы жел саулады. Терезелер ауыстыруды қажет етеді. Бұл үйлердің салынып біткеніне 1,5–2 жыл болыпты. Алайда әлі күнге құжаттары жоқ. Салдарынан тұрғындар өз баспаналарында "пропискаға" тұра алмай жатыр. Көрші Ресей осы өңірлерге көз тігіп отырғанда, бұл аймақты қазақыландыруды жылдамдатып жүргізу керек емес пе?" – дейді А.Райымбекова.

Бұған қоса, қоныстанушылар көлік және жүргіншілер жүретін жол, тротуар төсеуді сұрайды. Егер бұл шағын аудан абаттандырып, көгалға көміліп, гүлдей жайнап тұрса, қонаққа келген өзге өңірлердің тұрғындары қатты қызығып, "Еңбек" бағдарламасымен осы жаққа үдере көшер еді. Әзірше олай емес. Қорқа қашатын күйде. Тіпті үйлер жанына қоқыс контейнерлерін қою және тұрмыстық қалдықты шығару жүйелі жолға қойылмағандықтан аудан қоқысқа бөгіп жатады екен.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу