Енді әлеуметтік төлемдерді бекіту кезінде отбасы табысы емес, шығыны ескеріледі

1690

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы әлеуметтік көмектің тиімділігі мен атаулылығын арттыру қажеттілігі туралы міндет қойды. 

Енді әлеуметтік төлемдерді бекіту кезінде отбасы табысы емес, шығыны ескеріледі Фото: inbusiness.kz

Сондықтан биылдан бастап, АӘК беру жүйесі түбегейлі өзгертіліп, әлеуметтік төлемдерді бекіту кезінде отбасы табысы емес, шығыны ескерілетін болады. Жалпы әлеуметтік төлемдер тұрғысындағы түзетулер мен жаңалықтар жайлы inbusiness.kz тілшісі әлеуметтанушы мен уәкілетті органдар өкілдерімен тілдесті.

Әлеуметтанушы Төлеу Темірланның айтуынша, жалпы әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдарды үш категорияға бөліп қарастыруға болады.

Біріншісі - аз қамтылған отбасылар, әсіресе өмір сүруге керек негізгі қажеттіліктерін жаба алмайтын, балалары бар отбасылар. 

"Осы орайда кедейшілік деңгейінде өмір сүретін балаларды бөлек атап өткім келеді, аталмыш мәселеге ден қоймасақ, алдағы 20-30 жыл қатты жапа шегуіміз әбден мүмкін", — деді сарапшы.

Екінші категория ол - жұмыссыз немесе табыстары тұрақты түрде төмен азаматтар. 

"Бұған қоса тұрғын үй-коммуналдық қызметтер мен азық-түліктің соңғы жыллда едеуір қымбаттағын, ресми деректерге сәйкес, 8,4 млн азаматтың несие бойынша борышы барын ескерсек, олардың жағдайы қиындай түскенін байқауға болады", — деп нақтылады әлеуметтанушы.

Үшіншісі - зейнеткерлер, әсіресе жалғызбасты және мүгедектер, оларға негізгі күнделікті қажеттіліктерден бөлек тұрақты түрде медициналық көмек пен дәрі-дәрмек қажет.

Яғни Қазақстандағы барлық әлеуметтік төлемдер негізінен осы топтарға арналады. Сарапшының айтуынша, әлеуметтік көмек жүйесінің жалпы бағыты дұрыс болғанымен, мінсіз емес.

"Әсіресе, коронавирус кезінде, мемлекет осал топтағы жандарға 42500 теңгеден таратты, жүйедегі біраз ақауды көзіміз шалды. Ал осы проблеманың алдын алу үшін, біріншіден, шынымен көмекке мұқтаж таргетті топты анықтау керек. Екіншісі – әлеуметтік көмек көрсетуде мемлекет тарапынан оперативтілігі көтеріп, бюкратия көлемін азайтқан жөн", — деді Төлеу Темірлан.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысы Светлана Жақыпова төлемдерге қатысты биылғы өзгерістерді егжей-тегжейлі айтып берді. Бірінші кезекте АӘК жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Енді әлеуметтік төлемді бекіту кезінде отбасы табысы емес, шығыны ескерілетін болады.

"Өздеріңіз білетіндей, бізде қазір Отбасының цифрлық картасы іске қосылған. Сол арқылы біз әр отбасы табысына қатысты барлық ақпаратты алып отырдық. Енді, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік төлем жүйесі түбегейлі өзгеріп, оны есептеу табысқа емес, шығын мөлшерімен байланысты болмақ. Сондықтан АӘК алуға ниетті әр отбасы шығынына қатысты қосымша ақпарат жинауға тура келеді, қазір осыған орай уәкілетті, қызығушылық танытқан мемлекеттік органдармен бірлесе ақпарат алмасу жолдары қарастырылып жатыр", — деді Министр. 

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша АӘК 57,4 млрд теңгеге 114,1 мың отбасынан 598,4 мың адамға тағайындалғанын еске саламыз.

Ана мен баланы әлеуметтік қолдауға келер болсақ:

- 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі 1 жылдан 1,5 жасқа дейін ұзартылды;

- 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс қолданысқа енгізіліп, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері сараланды. Мәселен, "Алтын алқа" алқасымен, "Батыр ана" атағы бар I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін арттырылды.

Жалпы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ға, оның ішінде балалары бар отбасыларға да ұлғайтылды.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету

2023 жылғы 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодексті іске асыру шеңберінде халыққа әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту басталды, оның басты мақсаты – мүгедек адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру.

Жаңғырту бағыттарының бірі — өтініш берушіден АӘҚ көрсетуді проактивті форматқа көшіру. 

Сондай-ақ АӘҚ, әсіресе ауылдық жерлерде қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жеке секторды тарта отырып, ірі интернат- үйлерде қызмет көрсетуден сыйымдылығы шағын ұйымдарында әлеуметтік қызмет көрсетуге көшу көзделеді.

"Болашақта Әлеуметтік қызметкерлер тізілімін қалыптастыру көзделген. Әлеуметтік жұмысқа біліктілікті бағалаудың тәуелсіз
жүйесінен өткен сертификатталған мамандар ғана жіберіледі", — Светлана Жақыпова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу