Енді ауылдағы әрбір адам кәсіпкер атана алады

160

Агротуризм – әлемдегі мол табыс әкелетін салалардың бірі ғана емес, туристерді молдап тартуға мүмкіндігі бар бағыт. 

Енді ауылдағы әрбір адам кәсіпкер атана алады Фото: ЖИ

Мәселен, саланы дұрыс жолға қойса, елдің табиғи, мәдени, тарихи және ауыл шаруашылығындағы жетістіктерін шетелдік туристерге танытуға, ел экономикасын қарқынды дамытуға болады.

Осы тұста Премьер-министр Олжас Бектенов жыл басындағы Үкімет отырысында туристік аймақтарға қатысты бірнеше мәселе барын қозғап, жауапты ұйымдарға Туризмді дамыту тұжырымдамасының іс-шаралар жоспарын жаңарту қажет деп тапсырма бергені еске түседі. Ал оның нәтижесі қалай болып жатыр?

Қазір ауылдарда туристерге қызмет көрсету бойынша ауыл тұрғындарын оқыту іс-шараларын өткізу, агротуризм субъектілерінің тізілімін жүргізу және инвестициялар тартуға бағытталған бірқатар шара қолға алыныпты. Әуелі бұл саланың қай мемлекеттерде жақсы дамығанын қарайық. Агротуризм Еуропа елдерінде, соның ішінде Испания, Италия, Франция және Беларусь елінде жақсы дамыған. Елімізде де жағымды жаңалық жоқ емес, кейінгі кезде ауылдық туризмнің дамуына бағытталған қолдау шаралары, арнайы жобалар іске асып жатыр. Сарапшылар да Қазақстанның агротуризмге сұранып-ақ тұрған ел екенін айтады.

Біз "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасына қарасты Туризм департаментінің басқарушы директоры Дамиля Құнановадан агротуризмді дамытуға арналған шаралар жайында сұрап білген едік. Оның айтуынша, кейінгі жылдары ауылдық аймақтарда қонақ күту үйлері ерекше маңызға ие бола бастаған.

– Бұл тәсіл қонақүй салуға қомақты қаражат жұмсамай-ақ, қолда бар ресурсты пайдалануға мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындары қонақжайға орналастыру қызметінен бөлек, тамақтандыру, экскурсиялар, дегустациялар, шеберлік сабағы, фермалар мен омарта шаруашылығына бару, балық аулау, жидек теру, бау-бақша өнімдерін жинау және басқа да қызметтерден табыс таба алады. Қазақстан туристік қауымдастығы қоғамдастыққа негізделген туризмді 2005 жылдан бері дамытып келеді. Қоғамдастықтың дерегіне сәйкес, қазір 200 қонақ күту үйі нақты жұмыс істеп тұр, алайда қонақ күту үйлерінің жеке мемлекеттік есебі әзірге жүргізілмейді, – дейді Дамиля Құнанова.

Қоғамдастық бүгінде сертификатталған қонақ күту үйлерінің тізілімін жүргізіп, сапаны 1-ден 5-ке дейінгі "қызғалдақ" жүйесі бойынша бағалауды енгізген екен. Мұндай ерекше қонақ күту үйлері еліміздің туристік аймақтарына жақын орналасқан ауылдарда еш қиындықсыз жұмыс істеп жатыр, тіпті белсенді ауыл тұрғындары ағылшын тілін меңгеріп, шетелдік туристерге қазақ мәдениетін насихаттап жүргенге ұқсайды.  

Алайда тәуекелге бел буып, жаңа бағытта өзін сынап көретін тұрғындар көп деп айта алмаймыз, себебі көбі шаруашылық немесе кәсіпкер ретінде тіркеліп,  жұмыс істеуден қорқады. Ауыл тұрғыны үйін қонақ күтуге арналған үй ретінде тіркесе, салық төлеуге міндеттеледі. Ал істің басын енді бастап, аяққа тұра алмай жатқанда, мемлекет тарапынан өзге қолдаудың болмауы қиындық келтірмей қоймасы анық. Сол себепті де қарапайым ауыл тұрғындары агротуризмге жеңілдік беретін бағдарлама болғанын қалайды. Дамиля Құнанованың айтуынша, қазір елімізде дәл қонақ күту үйлеріне арналған жеке салық режимі жоқ.

– Егер адам туристерді орналастыру қызметтерін жүйелі түрде көрсететін болса, ең түсінікті нұсқа – жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тиісті салық режимін таңдау. 2026 жылдан бастап белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолдана алады. Базалық мөлшерлеме табыстың 4%-ын құрайды, бұл ретте мәслихаттар оны белгіленген шектерде өзгерте алады. Егер сөз тұрғын үйді бір рет немесе әдеттегі тәртіппен жалға беру туралы болса, алынған табыс та салық салуға жатады, – дейді маман.

Оның айтуынша, қызметтерді тұрақты түрде көрсету, оларды Booking, Airbnb және басқа да платформалар арқылы жарнамалау қызметтің кәсіпкерлік сипатта екенін және тиісінше жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажетін көрсетуі мүмкін.

Өкінішке қарай, қазір қонақ күту үйлеріне арналған салықтық немесе қаржылық жеңілдіктер қарастырылмаған. Біз маманнан ауыл тұрғындарына берілетін жеңілдіктер жөнінде де сұраған едік. Туризмді дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жоспарында әзірге ауыл тұрғындары үшін агротуризм және экотуризм, оның ішінде қонақ күту үйлерді жүргізу бойынша практикалық сабақтар өткізу қарастырылыпты.

Маман жалпы туризм саласында инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, қызмет көрсету сапасы, кәсіби даярлықтың жетіспеуі, қаржыландыруға қолжетімділік, нысандарды ілгерілету сынды бірқатар мәселенің барын да жоққа шығармады.

– Біздің ойымызша, бұл бағытта жұмыстарды жалғастырып, кеңейту қажет. Басты міндет – агротуризмді туристке жаңа тәжірибе, ал ауыл халқына қосымша табыс пен даму мүмкіндігін беретін толыққанды туристік өнімге айналдыру үшін жағдай жасау. "Атамекен" ҰКП тарапынан статистикалық есеп пен заңнамалық базаны жетілдіруді, туристерді қабылдағысы келетін фермерлер үшін тиімді жағдай жасауды, ауыл тұрғындарын оқытуды жалғастыруды, инфрақұрылымды жақсартуды және қонақ күту үйлер мен ауылдық жерлердегі басқа да нысандарды туристік маршруттарға белсендірек енгізуді маңызды деп санаймыз, – дейді Д.Құнанова.

Дегенмен де, саладағы кемшіліктер де біртіндеп реттеліп келеді. Жақында ғана Олжас Бектенов өңірлердегі туристік инфрақұрылымды реттеуді жеделдету қажетін айтып, әкімдерге тапсырма берген еді.

2023-2029 жылдарға арналған туристік саланы дамыту тұжырымдамасына сәйкес, өңірлердегі фермерлік шаруашылықтарға, омарталар мен марал фермаларына бару, бал және сүт өнімдерінің дәмін тату, ірімшік, қымыз және шұбат өндірумен танысу, шарап және гастрономиялық турлар өткізу, егін жинауға қатысу, ұлттық тағамдар, жылқы шаруашылығы және қолөнер бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастыру шаралары қолға алынып келеді. Елордада жыл сайын ұлттық мәдениетке және қазақтың ұлттық тағамдарына арналған халықаралық BaiQymyz гастрономиялық фестивалін ұйымдастыру дәстүрге айналып жатыр.  Ал 29 тамызында Ақтау қаласындағы Амфитеатр алаңында "SHUBAT FEST-2026" республикалық ұлттық гастрономиялық фестивалі өтпек. Бұл іс-шара шұбатты ұлттық бренд ретінде дәріптеуге, түйе шаруашылығын қолдауға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталып отыр. Демек, агроөнімдерді насихаттауға арналған түрлі жоба халық көңілінен орын тауып отыр.

Кейінгі жылдары ауылдық туризмді дамытуға жаңа туристік өнімдер құруға, салт-дәстүрді сақтауға, инфрақұрылымды дамытуға "Үздік туристік ауыл" ұлттық байқауының да оң әсері тиіп жатыр. Бұл байқауды "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы жыл сайын өткізіп келеді. Биыл Басши (Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы), Торайғыр (Павлодар облысы, Баянауыл ауданы), Берел (Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы), Коробиха (Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы) және Имантау (Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы) ауылдары еліміздің ең үздік туристік ауылдарының қатарына енген. Ал былтыр бұл байқауда Лепсі, Нағи Ілиясов, Хан Ордасы, Поперечное және Шабанбай би ауылдары жеңімпаз атанған еді. Қазақстанның ауылдық туризмі халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып келеді. Мысалы, 2023 жылы Алматы облысының Саты ауылы БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының беделді  Best Tourism Villages by UN Tourism  марапатына ие болып, әлемдегі ең үздік туристік ауылдардың қатарына кірген.

Еліміздің агротуризм саласында мол табысқа жетуіне толықтай әлеуеті бар, бұған қоса ел туризмін жарнамалауда әлеуметтік желідегі белсенділер мен блогерлердің ықпалы да бар. Ендігі кезекте туристік инфрақұрылымдарды дамыту, туристерге жайлы жағдай туғызу, ауыл туризмін дамытуға атсалысқысы келетін тұрғындарға қолдау ғана қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу