Бұл қайталама нарықтағы көлікті сатып алуға арналған Қазақстандағы 100% цифрландырылған алғашқы несие бағдарламасы.
Freedom Holding Corp. негізін қалаушы және бас директоры Тимур Турловтың айтуынша темір тұлпар сатып алу процесінің әр қадамы онлайн режимінде рәсімделеді. Оның ішінде өтініш беру, көлікті бағалау, алу және есепке қою, нөмірді таңдау, кепілді тіркеу және шартқа қол қою бар.
"Қысқаша айтқанда қазақстандықтарға бұдан былай құжаттар жинап, банк пен ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ. Банк сайтында телефон нөмірі, ЖСН және машинаның мемлекеттік нөмірін жазу жеткілікті. Бұл ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлескен жұмыстың арқасында жүзеге асырылып отыр. Мұндай жоба әлемнің басқа бірде бір мемлекетінде жоқ. Себебі өзге елдерде цифрлық үкімет Қазақстандағыдай дамымаған", – деді холдингтің бас директоры.
Жаңа жоба 10 мемлекеттік органның және 38 сервис пен қызметтердің деректер қорымен интеграцияланған. Осы арқылы жүйе сатушыны тексеріп, машинаны бірнеше минут ішінде тегін бағалайды. Көлік туралы барлық ақпаратты, атап айтқанда сату тарихын, ЖКО-ға қатысу мүмкіндігін және басқаларын арнайы цифрлық жүйе саралайды. Оған мүлде адами фактордың қатысы болмайды.
"Жүйе кепілзатты үш сатылы бағалайды. Ол авто, сатушы және сатып алушы бойынша қауіп-қатер. Тек содан кейін автонесие мақұлданады", – деп атап өтті Freedom Bank директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі Айдос Жұмағұлов.
Несиені 21 мен 63 жас аралығындағы кез келген қазақстандық рәсімдей алады.
Бұл ретте цифрлық автонесие бойынша мөлшерлеме 19%-дан 29%-ға дейінгі аралықта. Ал несие рәсімдеу мерзімі 7 жылға дейін, бастапқы жарна-20%-дан басталады.
Осылайша құны 1 млн-нан 25 млн теңгеге дейінгі автоларды алуға болады. Бұл ретте көлік маркаларына қатысты арнайы талаптар бар. Сондай-ақ, тізгінделгеніне (Еуропа, Жапония) 15 жылдан және ТМД елдері мен ҚХР-да өндірілген машиналарға 3 жылдан аспаған автокөліктер рәсімделеді.
"Бұрын Freedom Bank ең күрделі бөлшек өнімді ‒ ипотеканы цифрландырды және нарыққа GovTech-тің мүмкіндігін көрсетті. Цифрландыру министрлігінің халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ұсынуды монополиясыздандыруға мүдделілігі сервисті жақсартуға және клиент үшін ең қолайлы шешімдерді ұсынуға мүмкіндік береді. Интернеттегі автонесиелендіруді іске қосу-бұл нарыққа жаңа стандарттар әкелетін қажетті цифрлық қадам. Біздің банк онлайн-шешімдер, кепілдікті алу және есепке қою, тіркеу мүмкіндіктерінен басқа автомобильдің бірегей онлайн-бағасын әзірледі. Біз ЭЦҚ-ны жүктеместен, клиенттің беті-бейнесі, яғни, биометрия арқылы келісім-шарттарға қол қою мүмкіндігін іске қостық. Цифрлық автонесие ‒ бұл жаңа талаптар, жаңа тәсілдер мен нарық мүмкіндіктері", ‒ Айдос Жұмағұлов.
Аталған жүйе бойынша несиені өтеудің бірнеше нұсқалары ұсынылған. Мәселен, клиент мөлшерлеме бойынша және мерзімі бойынша қолайлы нұсқаны таңдай алады. Бастапқы жарнаны онлайн төлеген кезде мөлшерлеме 0,5%-ға төмендейді.
Қазақстандықтар цифрлық несие арқылы деректер базасында ұсынылған нөмір немесе VIP нөмір таңдай алады.
Ең оңтайлысы несиені сәтті рәсімдегендерге көліктің мемлекеттік нөмірі курьер арқылы жеткізіледі.
Құралай Құдайберген