Енді Азия елдері НАТО-ға кіре бастауы мүмкін бе?

5163

Егер Украинаны, Финляндияны, Швецияны Солтүстікатлантикалық Альянсқа кіруге Ресейдің басқыншылық саясаты итермелесе, Азия елдерін Қытайдың державалық өктемдігінің артуы үрейлендіріп отырған көрінеді.

Енді Азия елдері НАТО-ға кіре бастауы мүмкін бе?

30 мүшесі бар НАТО-ға қатысушы елдер көшбасшыларының таяудағы саммитіне тарихта тұңғыш рет Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия және Жаңа Зеландия лидерлерінің қатысуы халықаралық сарапшылардың таңданысын туғызды. Өйткені бұл елдер ұйымның дәстүрлі қамту аймағынан мүлдем тыс жатқаны мәлім. Әйткенмен географияға жүйрік адамдар осы мемлекеттердің барлығы Тынық мұхиттың солтүстік және оңтүстік бөлігі арқылы Қытай халық республикасының қарсы алдынан кәдімідей төніп тұрғанын біледі. 

Кейбір саясаттанушылардың, әскери сарапшылардың топшылауынша, жабық өткен жиында егер шың елі Тайландқа немесе Азия-Тынық мұхит елдерінің басқа елдеріне шапқыншылық жасаса, оған қалай қарсы тұрып, тойтарыс беру мәселелері талқылануы мүмкін. Оның үстіне НАТО Альянстың алдағы онжылдыққа арналған жаңа стратегиялық тұжырымдамасында Қытайды тарихта тұңғыш рет "жүйелі сын-қатер" деп атады. Бұған Бейжің бұлқан-талқан ашуланды.

Bloomberg-тің байламынша, Бейжің Кремлдің кебін кигісі келмейді. Әйтпесе, Мәскеу Еуропа жаққа, яғни Украинаға баса-көктей кірген шақты пайдаланып, ҚХР өзін "бүкіл Қытайдың заңды билігімін" деп санайтын Қытай Республикасын, яғни Тайланд аралдарын күштеп бағындыруды бастап кететін еді.

"Қытай НАТО-ны Азия-Тынық мұхит өңірімен альянс құруға ұмтылып отыр деп айыптайды. Ал Мадридтегі саммитке осы өңірдегі 4 ел лидерінің қатысуы Бейжіңнің паранойясын күшейте түсті", – деп жазады Bloomberg.

Батыстық сарапшылар бұған ҚХР-дің өзін айыптайды. Жаһандық геосаяси ландшафтты өзгертіп, қайта пішу үшін Си Цзиньпин Путинмен бірігіп, әлемдік демократияға қарсы оппозиция құруда-мыс.

Бірақ Бейжіңнің Мәскеуді ашықтан ашық қолдамай отырғанын да байқауға болады. Оның Батыстың санкцияларын толыққанды айналып өтуіне көмектескен жоқ.

Өз кезегінде Financial Times: "Қытайдың көтерілуі Азия-Тынық мұхит елдерін НАТО-ға мүше болуға итермелеп отыр" деп айғайлап тұрған тақырыппен сараптама жариялады. Беделді басылым Жапония Премьер-Министрі Фумио Кисиданың мәлімдемесін келтірді. Ол осы аймақтың көшбасшылары Еуропа мен Үнді-Тынық мұхит өңірінің қауіпсіздігін бұдан былай бөле-жарып қарамайтынын айтты.

"Украинадағыдай дағдарыс Шығыс Азияда да қайталануы мүмкін деген сезігіміз бар және ол күшейе түсті. Сондықтан Азия-Тынық мұхиттық серіктестер НАТО саммиттеріне ұдайы қатысып тұруға тиіс", – деді жапондардың көшбасшысы.  

Құпия жағдайда ҚХР қарсыластарының НАТО-мен қандай уағдаластыққа қол жеткізгені белгісіз қалды. Бір анығы, аймақ елдері теңіздегі қауіпсіздік пен киберқорғаныс саласында НАТО-мен тығыз ынтымақтасуға келіскен.

Financial Times  тұжырымдауынша, бұл жиынды жұңғо сарапшылары НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюі ретінде қабылдап, дабыл қаққан. Мұндай қадам Бейжіңнің алаңдаушылығын туғызды.

"Енді НАТО тырнақтарын Азия-Тынық мұхит өңіріне батыра бастады. Бірақ аймағымыздағы бейбітшілік пен тұрақтылықты бұзуға бағытталған кез келген талаптың жарға жығылатынын ескерткіміз келеді", – деді ҚХР сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Чжао Лицзянь.

Бұған дейін Бейжің Азияның осы бөлігінде қандай да бір әскери блок құруға, соның ішінде оған НАТО-ның келуіне түбегейлі қарсы екенін жариялап келді. Бұл ретте ҚХР-дың өзі Ресеймен бірге әскери салада ықпалдастықты қарастыратын Шанхай ынтымақтастығы ұйымына кіреді. 

Бірақ батыстық сарапшылардың пайымдауынша, Азия-Тынық мұхит елдерінің НАТО-ға мүше болуы неғайбыл. Себебі біріншіден, өңірдегі елдердің өзара бірауыздылығы да жоқ. Екіншіден, түрлі мәселеде, мысалы, әскери салада мүдделері қабыспайтын тұстар жетерлік. Мәселен, Жапония мен Корея бірін-бірі онша жақтыра бермейді, тіпті бірін-бірі атажау санаған кездері тарихта көп кездеседі. Үшіншіден, олардың бәрінің ҚХР-мен экономикалық байланыстары берік. Демек шың елі территориялық дауларды сылтауратып, көршілеріне қарулы шабуыл жасамаса, сауда-экономикалық қарым-қатынастар әрі қарай дами бермек.

Өңірдегі бірде-бір ел НАТО-ға кіріп, ҚХР-мен қатынасын қасақана ушықтыруға бармайды.

Ал аймақтағы елдің осы Альянспен ықпалдастықты тереңдетуге тырысуы, Financial Times сарапшыларының пікірінше, болашақта қажет болуы мүмкін қорған мен пана іздеген түрі. Себебі бұған дейін олардың бәрі Қытайды тежеп келген АҚШ-қа ғана сүйенді. Алайда бүкіл өңірдің қауіпсіздігін және тұрақтылығын жалғыз бір державаға тәуелді ету – тәуекелді іс. Мысалы, "бірінші кезекте Америка" деген патерналистік саясатты ұстанған Президент Дональд Трамп америкалық әскерлер мен қару-жарақты Жапониядан және Оңтүстік Кореядан алып кететінін айтып та доқ көрсеткен болатын.

Қазіргі АҚШ лидері Джо Байден НАТО-мен ықпалдастықты күшейтуде. Әйтсе де ертең оның орнына Трамптың өзі немесе сондай көзқарастағы адам келмесіне кім кепіл? Онда басты тірегінен айырылған аймақ елдері күш-қуаты асып-тасыған алпауыт Қытайға жем болуы ғажап емес. Сондықтан олар Кремлдің Украинаны қалай қанға бөгіп жатқанын көріп-біле отырып, алдын ала бүкіл НАТО-дан араша іздеудің қамын жасауда, деген тоқтам жасады америкалық басылым.

"Аймақ елдері Альянспен ықпалдастығын арттыру арқылы біраз көршісін жұтып қойған Қытайды тежеуді күшейтідің қосымша тетіктерін іске қосуда. Бұл Бейжіңнің есеп-қисабын күрделендірді. Өйткені бұған дейін ол АҚШ-пен ғана тайталасу жайын ойласа, енді оған НАТО-ға кіретін 30 мықты мемлекетке қатысты да бас қатыруға тура келеді", – дейді Жапонияның Ұлттық қорғаныс академиясының НАТО бойынша сарапшысы Йошиказу Хиросе.

Америкалық ақпарат құралдары дереккөздеріне сілтеме жасап, Вашингтон Жапонияның және басқа 3 елдің НАТО-ға мүше болып кіруін табанды түрде ұсынған деп хабарлады. Бұл Президент Джо Байден әкімшілігінің Қытайға қарсы тұру үшін одақтастар коалициясын кеңейту стратегиясына сәйкес келеді екен.

Бәлкім, әзірге бұл беймүмкін көрінгенімен, болашақта ол да шындыққа айналуы ықтимал.  

Мысалы, ақпарат құралдары жариялағандай, жапондық Премьер-Министр Фумио Кисида қауіпсіздік мәселесінде бір елге тәуелділіктен кетіп, бұл бағыттағы қарым-қатынастарды диверсификациялауға ынтығып отыр. Сондықтан ол Күншығыс елінде АҚШ әскері сыртында, британдық және германиялық әскери-теңіз күштерінің орын теуіп, өрістеуін ынталандырмақ. Егер жағдай соған дейін жетсе, онда НАТО Ресейдің тағы бір тұсынан таяп келетін болады.  

Айтпақшы, Альянстың мадридтік саммитінде дебюті болған Оңтүстік Кореяның Президенті Юн Сок Ёль өз елі мен НАТО-ның тығыз ынтымақтастығын дамытуға баса мән беретінін жариялады. Олай болса, Ресейдің тағы бір авторитарлық көршісі – Солтүстік Корея да Альянстың алып аранының алдынан бір-ақ шығуы мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу