Енді бес ойыншы алмастыруға болады

1560

Қазақ футболы карантиннен мамыр айының соңында шығуы ықтимал.         

Енді бес ойыншы алмастыруға болады

Дәл осылай болжам жасап айтқан мамандар пікірі расқа айналатын секілді. Алайда, әлі де ештеңе нақты емес. Біріншілік маусым айының басында бір-ақ жалғасуы да мүмкін. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының басшысы Олжас Абраев бізге берген сұқбатында ешқандай нақты уақытты айта алмайтынын жеткізді. Оның барлығы елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Айтылған мерзімдердің барлығы бір күнде өзгере кетуі ықтимал. Демек, жағдай жақсарды деген күннің өзінде мамыр айының соңын күтеміз, ал егер індеттің беті қайтпаса онда маусым айының ортасына дейін күтіп қалуымыз ғажап емес. 4 мамыр күні Қазақстан клубтары жаттығу жұмыстарына кірісуі тиіс еді. Бірақ, тек "Ақтөбе" клубы ғана жаттығуға кірісті. Қалған клубтар әзірге тыныштық сақтап отыр. Облыстардағы жағдай әртүрлі болғандықтан, жаттығулар да әртүрлі жағдайда өтіп жатқаны түсінікті.

Мұндай жағдайда жарыс күнтізбесі өзгеріп, біріншілік 2 айналымнан ғана тұратын болады. Маусым айында бірінші лиганың да матчтары басталуы тиіс. Командалар бір аптада екі ойын өткізіп, келесі аптада тек бір ғана матч ойнайды. Ал екінші лигаға биыл 22 команда қатысқалы отыр. Олар "Оңтүстік-Батыс", "Солтүстік-Шығыс" деген екі конференцияға бөлінді. Жеңімпаздар бірінші лигаға жолдама алады. Қазақстан кубогы біршама өзгеріске ұшырады. "Астана", "Қайрат", "Ордабасы", "Қайсар" секілді еурокубокке қатысатын клубтар жарысты бірден ширек финалдан бастайды. Бұл жағдай өзге клубтарға ауыр тимей ме деген заңды сауал туындайды.

Футболдың тәртібіне өзгерістер енді. ФИФА әлемдегі барлық футбол матчы кезінде 5 ойыншы алмаса берсін деп қаулы шығарды. Әлбетте бұл уақытша құбылыс. Заң Қазақ лигасына да қатысы бар. Тәртіптің күші осы жылдың 31 желтоқсанына дейін ғана есептелген. Бұл уақыт созудың алдын-алуға байланысты жасалынған қадам. Сонымен қатар ойыншыларды үзіліс кезінде де алмастыруға болады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан премьер-лигасы 16-наурыз күні тоқтап қалды. Командалар небәрі 2-тур ғана ойнап үлгерді. Сосын індеттің күшеюіне байланысты жарыс кейінге шегерілген еді. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу