Ел билігі жергілікті sim-карталарды пайдалану қағидаларын өзгертті.
Африкадағы осы ең танымал туристік мекенге барған қазақстандықтар әуежайда бірден жергілікті сим-картаны сатып алып, жергілікті байланыс пен интернетке қол жеткізетіні белгілі.
Алайда Мысырға келетін жатжұрттық туристер бұдан былай төл мобильді телефондарын тегін тіркете алмайтын болады. Қазан айынан бастап, жергілікті мобильді операторлардың қызметін пайдалануды жоспарлаған шетелдіктерге бұл процедура үшін қомақты ақша төлеуге тура келеді. Бұл туралы жергілікті Vetogate.com порталы хабарлады.
"Электр байланысын реттеудің ұлттық органы (NTRA) 2025 жылғы 24 қыркүйектен кейін күшіне енген жаңа нұсқаулық шығарды. Ол бойынша мобильді байланыс алымын төлеуден енді тек Египет азаматтары ғана босатылады. Ал, шетелдік туристер мен азаматтар бұл жеңілдікті ары қарай пайдалана алмайды", – деп мәлім етті мысырлық портал.
Veto басылымының Египеттің кеден қызметіндегі дереккөзі бұл өзгеріс кейбір шетелдіктердің және қос азаматтығы бар мысырлықтардың қағиданы бұзу, заңсыз жеңілдік алу талаптарынан кейін қабылданғанын жеткізді.
NTRA ұлттық органы саяхатшыларды жаңа нұсқаулықты мүлтіксіз сақтауға шақырды. Сондай-ақ кез келген сұрақ немесе шағым бойынша 15380 қауырт желісіне жүгінуді, немесе WhatsApp (01033151553 - 01152118155) пен contactus@telephony.gov.eg электронды поштасы арқылы бағыттауды өтінді.
2025 жылдың басында Египет шетелде сатып алынған смартфондардың иелері үшін арнайы төлем енгізді: оның мөлшері девайстың кедендік құнының 38,5%-ын құрайды. Ал, шетелден келетін туристердің өзімен бірге ала келетін "қалтафондарының" бәрі шетелде сатып алынғаны белгілі.
Бұл төлем ұялы телефон жергілікті коммуникациялық желіде пайдаланылса жиналады. Тиісінше, егер сіз өзіңізбен ала келген смартфоныңызды қолданбасаңыз, сонда ғана салық төлемейсіз. Бірақ ондай жағдайда смартфонды әкелуден де көп мән қалмайды: фото, виде түсіруге ғана жаратпасаңыз, әрине.
Бастапқыда бұл жаңа алымнан әрбір адамның 1 құрылғысы босатылған еді. Яғни, шетел азаматы ұшып келе сала, әуежайда елде қолданатын жалғыз бір мобильді телефонын көрсетіп, соны құжат жүзінде мәлімдеуге, бекітуге тиіс болатын.
Ресейлік мамандандырылған Tourdom порталының жазуынша, 24 қыркүйектен бастап, әлеуметтік желіде туристер енді бұл жеңілдікті пайдалану мүмкін болмай қалғаны туралы есеп бере бастады.
"Хургада мен Шарм-әл-Шейх курорттарында жиі демалатын, немесе Египетте қыстауға қалатын туристер үшін бұл жаңашылдық қиындық болмаса, еш жақсылық әкелмейін деп тұр. Жаңа талаптарға сәйкес, шетелдіктер мобильді құрылғысының IMEI-ін тіркеуден өткізіп, ол үшін 90 күн ішінде тиісті ақыны төлеуге міндетті. Егер мұны жасамаса, телефоны бұғатталып тастайды", – деп түсіндірді портал.
Мысырдан оралған саяхатшылар бұл бұғаттың қашан алып тасталатыны туралы ақпаратты еш жерден таба алмағанына, тіпті ол бұғаттың жойылатыны не жойылмайтыны белгісіз екеніне алаңдайды.
Мысалы, егер турист жарты жыл не бір жылдан кейін Египетке қайта оралса, бірақ бұл жолы алымды төлеп, жергілікті сим-картаны сатып алса, онда ескі телефонын пайдалана ала ма? Бұл сұраққа турфирмалар да әзірге жауап таппапты.
Дегенмен, туристердің үлкен бөлігі сол бұрынғыдай тек қонақүйдегі Wi-Fi-ді пайдаланумен ғана шектелген және құрылғысы бұғатқа түсіп қалмауы үшін жергілікті сим-картаны тықпаған.
Сондай-ақ егер ұстайтын болса, көрші елдердің немесе дамыған мемлекеттердің халықаралық роумингін іздеп, солардың сим-картасына тапсырыс бергізгендер де табылды. Әйтсе де, бұл лайфхак негізінен Мысырда ұзағырақ уақытқа қалған саяхатшыларға жараса керек.
Бұдан бөлек Египет дәл қазақстандықтар үшін елге келу ережелерін қатайтты. 2025 жылғы 1 қазанда күшіне енген жаңа, қатаң нормаға сәйкес, бұдан былай ата-анасынсыз бала елге жіберілмейді, деп жазады inbusiness.kz.
Тыйым 21 жасқа толмаған барлық Қазақстан азаматына қатысты болады. Египеттің Сыртқы істер министрлігінің бұйрығы бойынша 1 қазаннан бастап, 21 жастан кіші қазақстандықтар Мысырға тек әкесіне не шешесіне еріп, немесе ата-анасымен бірге ғана кіре алады. Отандық туркомпаниялар мысырлық серіктестерінен тиісті хабарлама алды.
Бұл өзгеріс балалардың атасымен, әжесімен, ағасымен, әпкесімен, туысқандарымен немесе мұғалімі бастаған шәкірттер тобымен Египетке қыдырып баруына шектеу қояды.
Егер қазақстандық жас ұрпақ өкілі жақын туған-туысымен сапарлауға ұйғарса, онда құжаттардың үлкен топтамасын жинауына тура келеді. Бұл елдің шекарасын кесіп өту үшін ата-анасының бірінің нотариалды рәсімделген келісімі міндетті түрде ұсынылуға тиіс.
Атап өтетін жайт, талап етілетін құжаттар 2 тілде – орысша және ағылшынша жазылуы керек және онда елдің нақты атауы, сапардың мерзімдері анық көрсетілуге тиіс.
Әке-шешесінің келісімі сыртында, шекаралық бақылау кезінде:
- Туу туралы куәліктің түпнұсқасы,
- Балаға ілесіп жүретін туысының паспорты талап етіледі.
Ал, егер сіздің жасыңыз 21-ден төмен болса және Египетке өз бетіңізше, жеке немесе достарыңызбен бірге саяхаттағыңыз келсе, онда бұл мемлекеттің шекарашылары сізді елге жібермей қоюы мүмкін. Тек қана ата-анасымен немесе құжаттардың толық пакетін құшақтаған ресми өкілімен (туысқанымен) ғана рұқсат.
Турфирма өкілдерінің түсіндіруінше, Мысыр тарапы бұл шараны "кәмелетке толмаған туристерді бақылауды күшейту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету" мақсатында енгізіп отыр.
Өйткені әлемде балаларды ұрлау, құлдыққа сату, жезөкшелікке салу, органдарға бөлшектеу, немесе қылмысқа тарту оқиғалары жиілеп барады. Оған жол бермеу жауапкершілігі баланың ата-анасына немесе заңды өкіліне жүктеледі.
Айтқандай, Мысыр бұл талапты Қазақстанға, Қырғызстанға және Тәжікстанға қатысты енгізіп отыр. Ал, мысалы, Өзбекстан және Ресей тұрғындарына ондай шектеу жоқ.