Биыл 19 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" № 318-VIII ҚРЗ заңына қол қойды. Түзетулер концерттерде фонограмманы пайдалану тәртібін де қамтиды. Жаңа ережелер ресми түрде күшіне енді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатпен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 156-бабы үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылды.
"Телевизиялық жазбаларды және концерттік ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арнайы бейімделмеген және арналмаған өзге де орындарды қоспағанда, концерттік ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде ұйымдастырушылардың, шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың дауыс (вокалды) фонограммаларын пайдалануы – жеке тұлғаларға – 100, заңды тұлғаларға 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді", – делінген заңда.
Егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде әрекет қайталанатын болса, жеке тұлғалар – 150 АЕК, заңды тұлғалар 200 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды.
Бірақ бұл талап телевизиялық жазбалар мен түсірілімдерге, концерт өткізуге арнайы бейімделмеген орындарға қолданылмайды.
Десек те, бұған дейін құзырлы орган фонограмманы толық тыйым салу мүмкін емес екенін алға тартқан болатын.