Енді футзалды YouTube-тан тамашалауға болады

1614

Футзалдан Қазақстан чемпионатының келесі жылғы ойындарын ғаламтордан тамашалауға болады. Ал биылғы жылғы чемпионат тамыз айында жалғасын таппақ.

Енді футзалды YouTube-тан тамашалауға болады

22 сәуір күні Қазақстан футбол федерациясының Футзал департаментінің директоры Асқар Әбілдаев Instagram әлеуметтік желісінде өткен конференция барысында осы спорт түрінен ұлттық чемпионаттың қашан басталатынын жариялады. Оның айтуынша Қазақстанда футзал тамыз айында жалғасын табады. "Қазіргі уақытта чемпионаттар тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде тоқтатылды. Тек Беларусияда ғана ойындар өтіп жатыр. Алайда, мұның соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. Футзалдан Қазақстан чемпионаты белгісіз мерзімге шегерілді. Мен бұл туралы клуб басшыларына хабарлағанмын", - деді Асқар Әбілдаев. "Иә, бұған дейін бізде маусымды жалғастырудың үш нұсқасы бар болатын. Бірақ, карантин уақыты ұзартылды. Енді тамыз айына екі нұсқа дайындап жатырмыз. Ол уақытқа дейін жағдай тынышталып, спорттық шаралар басталады деп ойлаймын. Біз чемпионатты міндетті түрде аяқтаймыз. Чемпиондар лигасына кімнің қатысатынын білуіміз керек. Футзалдан өтетін жарыстарды мерзімінен бұрын аяқтау туралы мәселе мүлде көтерілген жоқ", - деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, қазіргі таңда 2019/2020 жылғы Қазақстан чемпионатының турнирлік кестесінде еліміздің былтырғы чемпионы "Қайрат" командасы көш бастап тұр. Алматылық команда 16 ойында 44 ұпай жинады. "Қайраттың" басты қарсыласы қазіргі таңда "Ақтөбе" командасы. 20 ойында ақтөбеліктер 36 ұпай жинады. Ал, 18 ойында 35 ұпай жинаған "Аят" командасы турнирлік кестенің үшінші сатысына жайғасты. Чемпионатта жалпы саны 28 тур бар. Бастапқы жоспар бойынша 14-турда "Атырау" мен "Қайрат" арасында ойынмен жарыстың алғашқы айналымы бітуі тиіс еді.

Сонымен қатар, келесі маусымнан бастап футзал жанкүйкерлері Қазақстан чемпионатын тікелей эфирден тамашалайтын болады дейді Асқар Әбілдаев. Оның айтуы бойынша биыл Қазақстан футбол федерациясы чемпионаттың 17 матчын қазақстандық телеарналардан трансляциялауды жоспарлаған. Бірақ, спорттық кешендерде ойындарды телеарналардан көрсетуге жағдай жоқ екені белгілі болды.

"2020/21 жылғы маусымда барлық командаларға өз матчтарын YouTube платформасында көрсетуді міндеттейміз. Біз мұны чемпионаттың регламентіне бекітеміз", - деп уәде берді ҚФФ Футзал департаментінің директоры.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу