Енді ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі бастапқы жарнаға байланысты болуы мүмкін

405

Әзірге бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылданбады. 

Енді ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі бастапқы жарнаға байланысты болуы мүмкін Фото: rus.baq.kz

Қазақстанда несие бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлеменің шекті мөлшерлемесін айқындайтын қаулыға өзгерістер енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Расында да, қазіргі таңда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесе несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлеменің шекті мөлшерлемесін айқындайтын қаулыға өзгерістер енгізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Ипотека бойынша бастапқы жарна 30% және одан жоғары болған жағдайда жылдық тиімді мөлшерлемені 20% деңгейінде белгілеу мүмкіндігі пысықталуда. Ал бастапқы жарна 30%-дан төмен несиелер үшін мөлшерлеме бұдан да жоғары болуы мүмкін", – деді Мәдина Әбілқасымова Мәжіліс кулуарында.

Оның айтуынша, нарық бұл шараның халыққа ипотеканың қолжетімділігіне қалай әсер етуі мүмкін деген мәселе көтеріп отыр. 

"Сол себепті қаржы нарығының қатысушылары елдегі ақша-несие жағдайы біршама тұрақтанғанша бұл бастаманы кейінге қалдыру немесе ұзарту қажеттігін көтеріп отыр. Осы тұста базалық мөлшерлеменің төмендеуі туралы айтып отырмын", – деп атап өтті спикер.

Агенттік төрағасы бүгінде елдегі базалық мөлшерлеме 18% деңгейінде қалыптасқанын айтты.

"Бұл мәселе әлі де қаралып жатыр. Қандай да бір шешім қабылданған жағдайда міндетті түрде хабардар етеміз. Талдау нәтижелері нарықтағы ипотеканың орташа мөлшерлемесі қазір 20-22% маңайында екенін көрсетіп отыр", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу