Енді қар жауғаны үшін де кешірім сұрайтын болдық па? (Видео)

3552

Баянауылда қалыңдығы жарты метрге жететін қар жауды. 

Енді қар жауғаны үшін де кешірім сұрайтын болдық па? (Видео)

Биылғы ауа райы "тосын сыйларымен" таңырқатып тұр. Қазан айының басында-ақ Павлодар облысындағы Баянауыл ауданындағы кейбір ауылдар қардың астында қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Қазгидрометтің" хабарлауынша, 5 қазаннан 6 қазанға қараған түні Баянауылда бір жарым айлық норманың қары жауды. Соның салдарынан адамдар сыртқа шыға алмай қалды. Төрт түлік те қораға қамалды. Жергілікті билік қар тазалайтын техникаларды көшелерге шығарды.

Ал облыстың өзге аудандарында мұндай жағдай байқалған жоқ. Сондықтан жұрт әдеттегі әдетінше "Баянауылда осынша қар жауды" деп әлеуметтік желілер арқылы жарыса бөлісті.

Солардың бірі - Егіндібұлақ ауылының тұрғыны.

"Ақпан мен қаңтар сияқты. Қардың биіктігі екі метрге дейін жетеді. Түк көрінбейтін боран. Үйден шыға алмай жатырмыз", - деп зейнеткер түсірген видео Инстаграм желісіндегі жергілікті топтарда тарап кетті.

Ал екінші күні Егіндібұлақ ауылының әкімдігі апаның үйіне келіп, оның өзін видеоға түсірді. Зейнеткер қардың жауғаны туралы хабарлағаны үшін шенеуніктерден кешірім сұрады.

"Таңертең немеремді мектепке жіберейін десем, қар басып қалып, есік ашылмайды. Бұл уақытта туыстарым "Павлодарда қар жоқ" деген хабарламалар жібере бастады. Соларға жауап ретінде түсірген видео еді. Кейін қайным басқа топтарға жіберген көрінеді. Енді мұндай видеолар түсірмеймін, кешіріңіздер", - дейді апа.

Бұл жазбаның ар жағындағы дауыс "Сол үшін әдейі келген едік. Мен бізге ешқандай шағым түскен жоқ деп айттым. Енді олай түсірмеңіз" деп, әлгі бейнені "Новости Баянаула" WhatsApp тобына есеп бергендей жібереді. Шенеуніктердің мұндай әрекеті жұртшылықтың ашу-ызасы мен наразылығын туғызды.

Мәселен, Айбат Ыдырысов есімді Facebook қолданушысы былай деп жазған екен:

"Қалың қар жауғанын жариялағаны үшін қариялар кінәлі ме? Әкімдік немен айналысып отырсыздар? Сіздер халықтың мәселесін шешуді қолға алыңыздар. Ұят тірлік. Керсінше көмектесіңіздер. Бүгін мен көрген видео масқаралық. Дінмұхамед Қонаев:"Ақылды билік халықтың мәселесімен айналысады, ақымақ билік халықтың өзімен алысады", -деген. Сіздер бүкіл ел алдында өз абройларыңызды күн өткен сайын түсіріп жатсыздар. Айтарға сөз жоқ. Қарияға көмектесудің орнына видеоға түсіріп, "Баянауыл жаңалықтары" тобында "Аким" деген атаулы тұлға ел алдында масқаралап отыр. Оны әкеліп, бүкіл елге мақтанышпен жариялау ақымақтық. Ертең апа сотқа беруге құқылы. Осыны жариялаған саяси тұлғалар лауазымын асыра пайдаланғаны үшін мемлекеттік қызметке лайықты емес деп танылуы тиіс".

Ал Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов қоластындағы қызметкердің тапсырманы дұрыс түсінбегенін айтып, ақталып отыр.

"Қардың күрт әрі көп көлемде жаууы салдарынан ауданда төтенше жағдай жарияланды. Жұрт үйден шыға алмай жатқанын, жұмысқа жету қиын болғанын айтып, өтініштерін білдірді. Барлық ауылдық округ әкімдеріне мәселені тез арада реттеуге тапсырма бердім. Арнайы техника жалдап, жұмысшыларды ұйымдастырып, қар тазалау керек екенін айттым. Барлық ауыл әкімдері осы бағыттағы жұмыстарды жүргізді. Өкінішке қарай, Егіндібұлақ ауылының әкімдігі тапсырманы теріс түсіндіріп, зейнеткердің өзінен түсінік алуға барған. Бұл ыңғайсыз жағдай үшін өзім де зейнеткерге барып, кешірім сұрадым. Ауласы қардан тазартылды", - дейді Қанат Кәрімов.

Ал құрамына Егіндібұлақ елдімекені кіретін Құндыкөл ауылдық округінің әкімі Самат Ибраев зейнеткердің үйіне кешірім сұрайтын видео жазу үшін емес, қандай көмектің керек екенін білмекке барғанынан айтады.

"Сосын осы мәселеге қатысты түсініктеме беріп жіберсеңіз деген өтініш білдіріп, сөзін есеп үшін видеоға жазуды сұрадым. Апамыз келісті. Кейін оны WhatsApp-тағы жұмыс тобына жібердім. Оның әрі қарай қалай тарап кеткенін білмеймін", - дейді ауыл әкімі.

Иә, о заман да, бұ заман қараша халықтың қар жауғаны үшін шенеуніктерден кешірім сұрауы - ақылға қонымсыз дүние. Мұндайда бюджеттің ақшасын жымқырған атқамінерлердің өзі халықтан осылай кешірім сұраса екен дейсің. Бір кем дүние...

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу