Саланың астаң-кестеңін шығаруы, МҚҰ-лар санын күрт азайтуы мүмкін бұл бетбұрысқа 2026 жылғы 19 наурызда күшіне енген "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы іргетас қалады.
Микроқаржы секторының жөнсіз кеткен кейбір ойыншыларын тәртіпке келтіруді көздейтін осы құжаттың біраз баптары 1 шілдеден бастап ресми түрде қолданысқа енді.
"Сұр" ұйымдар дәуірі келмеске кете ме?
Бұл заңның ең басты бір жаңашылдығы – реттеушінің қадағалау аясынан тыс қалып, жұмысын жалғастыра бергісі келетін арам ниетті ойыншыларды жауапкершілік аясына оралтуда. Бұған дейін қалыптасқан тәжірибе нарықтағы қауіпті шикіліктің, сорақы саңылаудың бетін ашқан еді: егер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) қандай да бір компанияның лицензиясын тартып алса, ол МҚҰ сол бойда ресми түрде ведомствоның бақылауынан шығып қалатын.
Салдарынан, егер зардап шеккен адам агенттікке арызбен жүгінсе, "ол ұйымның лицензиясы жойылған, сондықтан бұдан былай біздің реттеуімізге жатпайды" деген сыңайдағы жауап алып, тауы шағылатын, қорғансыз қалатын.
Осы құқықтық вакуумды шебер пайдаланған лицензиясыз ұйымдар көлеңкеде отырып алып, заңсыз микронесие таратуды тоқтатпайтын. Ашықтан-ашық халықты қанайтын "жыртқыштарға" айналатын. Зар илеген халықтың шағымдарына сәйкес, кейбір безбүйрек МҚҰ-лар сыйақы мөлшерлемесін тіпті 2 000%-ға дейін шарықтатып жіберіп, клиентіне суыт хабар жолдайды: барлық қалған берешекті тез әрі толық көлемде қайтаруды талап етеді екен.
Борышкерлерде бағынудан басқа таңдау да, амал да қалмайтын: өйткені мұндай "құлдық" схемалар мен қулыққа толы талаптар келісімшарттарға басынан жымдастырылады. Салдарынан клиент қанша қипақтаса да, лицензиясыз МҚҰ қалағанын сот арқылы мәжбүрлеп өндіріп алады. Оның үстіне жеке сот орындаушысының 25% сыйақысын қоса төлеттіреді.
Осыған байланысты агенттік микроқаржы ұйымы жабылған жағдайда берешектің тағдыры не болатынын түсіндірді. Қарыз алушылар арасында "егер МҚҰ өз қызметін тоқтатса, қарызым кешіріледі екен" деген жаңсақ үміт туындайтыны жасырын емес. Бірақ компанияның банкрот болуы қарыздардың есептен шығарылатынын білдірмейді.
"Азаматтық кодекске сәйкес, егер шартта өзгеше көзделмесе, қарыз алушы алынған қаражатты есептелген пайыздарымен бірге толық көлемде қайтаруға міндетті. МҚҰ-ны лицензиясынан айыру берешекті жоймайды. Ұйымның өзіне немесе шарт бойынша талап ету құқығы берілген жаңа несие берушінің алдында қарыз алушының микронесие бойынша міндеттемелері қала береді", – деп қатаң ескертті реттеуші.
Бірақ енді бассыз кеткен несие берушілер де өздерінің тонаушылық шарттарын ешкімге таңа алмайды. Ойын ережелері қатаң реттелуде.
ҚНРДА Банктік емес ұйымдарды реттеу департаментінің директоры Нұржан Бидайбектің түсіндіруінше, жаңа заң агенттіктің қадағалау орбитасынан шығып кеткен микроқаржыландыру нарығы субъектілерінің жауапкершілігін заң жүзінде күшейтті.
"Бұған дейін қаржылық мәртебесінен айырылған ұйымдардың азаматтарға түсетін борыш жүктемесін шамадан тыс арттырып, қиянат жасау жағдайларын тіркеген болатынбыз. Қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін, бұдан былай лицензиясынан айырылған микроқаржыландыру нарығының субъектілері де, олардың заңды құқықтық мұрагерлері де қарыз алушылармен жұмыс істеу кезінде Қазақстанның микроқаржы қызметі туралы заңнамасында қойылатын барлық талаптар мен шектеулерді қатаң сақтауға міндетті болады", – деп мәлімдеді Бидайбек.
Тағы бір жаңалық: енді лицензиясыз МҚҰ-лар тұтынушылық микронесие бойынша қарыздарды өндіріп алуды немесе олар бойынша талап ету құқығын басқаға, мысалы, коллекторларға сатуды лицензиясынан айырылған күнінен бастап тек 24 айдың ішінде ғана жүзеге асыра алады. Осы мерзім өтті ме – бітті, талап ету құқығы тек агенттіктің тікелей қадағалауындағы заңды субъектілерге тапсырылады.
Ұйымның қарызды сатуына болатын тұлғалардың тізбесі де айтарлықтай тарылды. Сонымен қатар, азаматтарға тағы бір көмек ұсынылды: МҚҰ-лардың жеке тұлғалардың тұтынушылық микронесие бойынша қарыздарын коллекторларға сатуына тыйым салатын мораторий 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылды.
Нарықты алақол ойыншылардан тазарту жұмыстары қазірдің өзінде қарқынды жүріп жатыр: 2026 жылдың басынан бері Қазақстанда 7 микроқаржы ұйымы өз лицензиясын ерікті түрде агенттікке кері өткізуге мәжбүр болыпты. Тағы 1 МҚҰ сот арқылы мәжбүрлі түрде жабылды: өйткені лицензия алғалы қатарынан 6 ай бойы ешқандай қызмет көрсетпеген.
МҚҰ мәртебесін қалай тексеруге болады? Қарыз қамытын кимес бұрын компанияның заңды негізде қызмет ететініне көз жеткізу – қарыз алушының басты бір міндеті. Лицензиясы бар микроқаржы ұйымдары туралы ең нақты, өзекті ақпарат агенттіктің ресми сайтында жазылған.
Сонымен қатар, микронесиені рәсімдеу алдында қойылатын шарттарды: пайыздық мөлшерлемені, мерзімдерді және мерзімін өткізіп алған жағдайда қосылатын өсімпұлдарды мұқият, електен өткізе отырып бағалау маңызды.
Тәуекелді басқарудың 3 қорғаныс шебі
Бұл реформаның екінші серпінді бетбұрысы – МҚҰ-ларда тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу болды. Нұржан Бидайбектің мәліметінше, сектор мүлдем жаңа үлгіге – "үш қорғаныс шебіне" көшуде.
Бұл модель бизнес-бөлімшелер, тәуекелдерді басқару бөлімшесі, комплаенс қызметі, сондай-ақ ішкі аудит арасындағы функциялар мен жауапкершілікті нақты ажыратады. Бұл тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылаудың сапасын жаңа биікке көтеруге тиіс. Бұрын МҚҰ-лар үш-төрт бөлімшесінің міндеттерін көбіне бір бөлімге, тіпті бір қызметкерге жүктей салатын. Енді мұндай үнемшілдік пен қулыққа үзілді-кесілді тыйым салынады: бөлімшелер бір-бірінен тәуелсіз болуы тиіс.
Тәуекелдерді басқарудың бұл тегеурінді жүйесіне көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады:
- 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тиісті талаптар микрозаемның басым көпшілігін сырттан тартылған қаражат есебінен беретін микроқаржы ұйымдарына қолданыла бастады.
- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап тәуекелді басқарудың қатайтылған жүйесіне нарықтың барлық басқа қатысушылары ауысатын болады.
Бұл ретте Қазақстандағы МҚҰ-лар қарыз беруге арналған қаражат ресурстарын қандай көздерден жинайтынын еске сала кеткен жөн: олар компания қожайынының меншікті капиталы мен ұйымның тапқан пайдасынан; банктерден алынған несиелерден; өзге серіктестер құйған инвестициялар есебінен, сондай-ақ облигациялар шығару және мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қаржыландыруға қол жеткізу арқылы қалыптасады.
Қаржыландыру құрылымында ең үлкен үлес сырттан тартылған қарыздарға тиесілі: 60,8%-ын немесе 1,4 трлн теңгені құрайды. Сектордың меншікті капиталы 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 1,3 трлн теңгені құрап, бірінші тоқсанда 0,1%-дық символикалық шамада ғана өсім көрсетті. Салыстырғанда, 2025 жылғы өсім 21,9%-ды құраған еді. Бұған да салада басталған реформалар әсер етсе керек.
Агенттік 2026 жылы өзінің барлық қадағалау ресурстары мен пәрменін мынадай бес негізгі бағытқа шоғырландыруға уәде беріп отыр:
- МҚҰ-лардағы тәуекелдерді басқару жүйесін қадағалау процесіне толыққанды интеграциялау;
- Микроқаржы және коллекторлық қызмет саласында өзін-өзі реттеу институтын ресми іске қосу;
- МҚҰ қызметіндегі кез келген заңсыз тәжірибелердің алдын алу және тосқауыл қою;
- Тұтынушылық несиелендіру саласында қарапайым тұтынушылардың құқықтарының сақталуын қатаң бақылау;
- Тәуекелі жоғары ұйымдарға нысаналы тексерулер жүргізу.
Құрғақ статистиканың өзі нарықтағы трендтердің күрт өзгергенін айқын көрсетеді. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жалпы активтері 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 3,5 трлн теңгені құрап, бірінші тоқсанда 0,4%-ға сәл төмендеді. Салыстырсақ: бүкіл 2025 жылы нарықта 17,3%-дық өсім байқалған болатын.
Активтер құрылымында МҚҰ-лар көш бастап тұр: үлесі 1,7 трлн теңге (48,2%). Одан кейін несие серіктестіктері – 1,2 трлн теңге (33,3%) және ломбардтар – 0,7 трлн теңге (18,6%) тұр.
Микроқаржы ұйымдарының несие қоржыны 2026 жылдың бірінші тоқсанында 1,4%-ға өсіп, 3,1 трлн теңге межесін бағындырды (2025 жылы өсім 12,3%-ды құраған еді). Бизнеске берілген несиелердің үлесі 54,9%-ды құраса, халыққа берілгені – 45,1% ғана болды.
Бұл нені білдіреді? МҚҰ-лар қарапайым азаматтарға қарағанда, кәсіпкерлерді несиелендіруге әлдеқайда ынталы бола бастаған.
Қарыз алушылардың жауапкершілігі мен тәртібі өте жоғары деңгейде қалып тұр: бизнес те, халық та аяусыз айыппұлдарға, шарықтаған сыйақыларға душар болмау, сондай-ақ келесі жолы шұғыл несие керек болғанда, өтініші тезірек мақұлдануы үшін өздерінің несиелік рейтингін мінсіз сақтауға, төлемін уақытылы енгізуге тырысады.
Нәтижесінде, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша төлем төлеуінің тоқтатылғанына 90 күннен асып кеткен "улы" несиелердің (NPL90+) үлесі бизнес бойынша небәрі 4%-ды құрады (2026 жылғы 1 қаңтарда бұл көрсеткіш 3,9% деңгейінде еді).
Ал, жеке тұлғалар арасында NPL90+ үлесі 4,9%. Жыл басындағы 5%-бен салыстырғанда оң динамика бар.
Мамандардан қарыз алушыларға кеңес: кез келген микронесиені рәсімдемес бұрын сол компанияның лицензиясының бар-жоқтығын агенттіктің әлгінде көрсетілген ресми сайтынан міндетті түрде, мұқият тексеріңіз. Содан соң МҚҰ-ның келісімшартының әрбір әрпіне үңіліп, пайыздық мөлшерлемесінен бастап өсімпұлдың көлеміне дейінгі талаптарын сүзгіден өткізіп, жіті бағалаңыз.