Қазақстан қор биржасы енді 11:00-дегі сауда-саттық нәтижелерін жариялау тоқтатылатынын хабарлады, деп жазды inbusiness.kz.
"Қазақстан қор биржасы кез келген күнгі АҚШ долларының теңгеге орташа сараланған бағамы USDKZT_TOM қаржы құралының орташа сараланған бағамы болып табылатынын хабарлайды. Осы құрал бойынша сауда-саттық күнінің соңындағы жағдай бойынша – Нұр-Сұлтан уақытымен 17.00 де жарияланады", – деп жазылған хабарламада.
Ұлттық Банк шетел валюталарының теңгеге қатысты ресми бағамын анықтау үшін KASE сондай-ақ 15:30-дағы USDKZT_TOM орташа сараланған бағамын есептейді және жариялайды, оның негізінде басқа шетел валюталарына кросс-бағамдар есептеледі.
"Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, USDKZT_TOM бағамдары KASE сайтында күн сайын стандартты режимде 15:30 және 17:00-де жарияланатынын хабарлаймыз. Бұрын ақпараттық мақсатта жарияланып келген 11.00-дегі сауда нәтижелерін ұсыну тоқтатылады", – деп түсіндірді қор биржасының баспасөз қызметі.
Ал Kurs.kz мәліметтеріне сүйенсек, 5 сәуір сағат 12:15-те елорданың ақша айырбастау орындарында АҚШ валютасын сатудың максималды бағамы 471 теңге, Алматыда 472 теңге.
Сонымен қатар бұған дейін талқыланып келген валютаны сату және сатып алу бағамы бойынша ауытқулардың жаңа лимиттері бекітілді. Алдағы уақытта көрсеткіш бұрынғы 6 теңге шамасында емес, доллар үшін 15 теңге, еуро үшін 20 теңге болады.
"2022 жылғы 31 наурызда Ұлттық Банк Басқармасының қаулысымен қолма-қол шетел валютасын сатып алу және сату бағамдары арасындағы ауытқудың жаңа лимиттері туралы: АҚШ доллары үшін – 15 теңге, еуро үшін - 20 теңге түзету қабылданды", – деп жазылған хабарламада.
Жаңа көрсеткіш 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін жарамды болады деп жоспарлануда.
Қаулы әділет органында мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банктің хабарлауынша, ұсынылып отырған өзгерістер валюта нарығындағы алыпсатарлық қызметті азайтуға, сондай-ақ валюта бағамының құбылмалылығының артуына байланысты қаржы нарығына қатысушылардың тәуекелдерін тоқтатуға бағытталған.
Бүгінде қолданыстағы нормативтік акт бойынша долларды сатып алу-сату бағамы арасындағы ауытқу шегі 6 теңге, еуро – 7 теңге.
Құралай Құдайберген