Енді Қазақстанда ешкімді сот шешімінсіз үйінен шығаруға болмайды

Бұл туралы биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда жазылған.  

Енді Қазақстанда ешкімді сот шешімінсіз үйінен шығаруға болмайды Фото: freepik

Онда тұрғын үй мен жеке меншік құқығын қорғауды күшейтетін нормалар бекітілген болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, бұдан былай ешкімді баспанасынан шығару немесе мүлкін тартып алу соттың шешімінсіз жүзеге аспайды.

Бұл норма тек пәтер иелеріне емес, тұрғын үйді заңды түрде пайдаланып жүрген адамдарға, соның ішінде жалға алушыларға да қатысты болып отыр. 

Жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Виталий Шалаевтың сөзінше, бұл өзгеріс жалға беру нарығын түбегейлі өзгерте алмайды, десе де тараптарды жауапкершілікпен әрекет етуге жол бастайды. 

– Меніңше, бұл түзету жалға беру нарығын өзгертуден бұрын, оны жаңа деңгейге көтереді. Бұдан былай ауызша келісімге емес, заң талаптарына сай жасалған шартқа сүйенген дұрыс. Пәтер иесі де, жалға алушы да өз міндетін орындаса, бұл өзгеріс оларға қосымша қиындық туғызбайды, – деді сарапшы.

Демек, жалға беру шартын мұқият әзірлеудің маңызы артады. 

– Қазірдің өзінде көп адам дайын үлгідегі келісімшартты пайдаланады немесе мүлде ауызша келісіп жатады. Мұндай тәсілдің тәуекелі жоғары. Келісімшартта екі тараптың құқықтары мен міндеттері, келісімді бұзу тәртібі және пәтерді босату шарттары нақты жазылса, кейін дау туындау ықтималдығы да азаяды, – дейді ол.

Виталий Шалаев бұл өзгерістер жалға беру нарығын ашық әрі құқықтық тұрғыдан реттелген жүйеге айналдыруға ықпал ететінін айтып отыр. 

– Бұл түзету келісімшарттың маңызын одан әрі арттырады. Уақыт өте келе нарық ауызша келісімнен заң талаптарына сай рәсімделген мәмілелерге көшеді. Бұл пәтер иесіне де, жалға алушыға да тиімді, – деді сарапшы.

Жаңа норма тек жалға беру саласына ғана қатысты емес. Ол жылжымайтын мүлік иелерінің құқықтарын да күшейте түспек. 

– Конституцияда енді адамның мүлкін сот шешімінсіз тартып алуға болмайтыны нақты жазылған. Бұл – адал меншік иелерінің құқығын қорғауға берілген қосымша кепілдік, – деп сөзін қорытындылады сарапшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу