Енді кімге сенеміз? "Психологтарға" тықыр таянды

185

Мыңдаған психолог қайтадан сертификат алу үшін шапқылауы мүмкін. 

Енді кімге сенеміз? "Психологтарға" тықыр таянды Фото: canva

Қазір Мәжіліс психологтардың қызметін реттейтін жаңа заң жобасын қарап жатыр. Алғашқы оқылымда мақұлданып та қойды. Енді әлеуметтік желіде қаптаған "коуч", "психолог" атанғандардың бәрі түгелдей сүзгіден өтуі мүмкін. Дегенмен бұл сүзгіге кәсіби, шынайы мамандардың да ілігіп кету қаупі бары айтылуда.

Жасырары жоқ, қазір кім көрінген әлеуметтік желідегі парақшасында отырып, ақылы түрде адамдарға кеңес береді. Ал кеңес алып отырған адам оның арнаулы сертификаты бар ма, жоқ па, сұрап та жатпайды. Осылайша, адам жанын емдейді деген психология саласында да алаяқтар көбейді. Заң жобасының мақсаты – осының ақ-қарасын ажырату.

Құжаттың мәтініне қарасақ, енді елде психологтардың бірыңғай реестрі жасалып, олардың білімі мен кәсіби мәртебесіне нақты талаптар қойылмақ. Сонымен қатар психолог пен психиатр арасындағы шекара да заң жүзінде айқындалмақ екен.

Алайда мамандар кейінгі жылдардағы негізгі мәселе – мамандықтар арасындағы шекаралардың көмескіленуі екенін айтады. Көп жағдайда адамдар кімге жүгініп отырғанын нақты түсінбейді, арнайы білімі бар маманға ма, әлде кәсіби дайындығы жоқ, жай әлеуметтік желіде белсенді тұлғаға ма?

"Коуч мақсат қоюға, дамуға және нәтижеге жетуге бағыттайды. Психолог эмоциялармен, мінез-құлықпен және ішкі қайшылықтармен жұмыс істейді. Ал психотерапевт терең психикалық күйлер мен бұзылыстарды ғылыми негізделген әдістер арқылы емдеумен айналысады және әдетте, қосымша клиникалық дайындықтан өтеді. Бұл – кәсіби жауапкершіліктің әртүрлі деңгейлері. Егер осы рөлдер араласып кетсе, адамның қажетті көмекті ала алмау қаупі артады", – дейді Qazaq Expert Club сарапшысы, психолог Жадыра Сабирова.

Рас, талаптарды күшейту ең алдымен клиенттерді қорғауға бағытталған қадам. Халықаралық тәжірибеде мұндай жүйе бұрыннан бар. Психотерапия көбіне денсаулық сақтау жүйесінің бір бөлігі ретінде реттеледі, онда міндетті білім, тәжірибе және лицензиялау талап етіледі. Коучинг салыстырмалы түрде икемді сала болып қала береді, бірақ онда да өз стандарттары мен сертификаттау жүйелері бар.

Қазақстан психологтар одағының төрайымы Гүлзат Асанованың бұл заң жобасына өзіндік көзқарасы бар. Оның айтуынша, "жалған психологтар көбейді" деген уәж айтылғанымен, бұл мәселені нақты дәлелдейтін статистика немесе зерттеу жоқ.

"Қазір түрлі қысқамерзімді курстар арқылы "диплом" алу оңайлаған. Бірақ мұндай құжаттар маманның кәсіби деңгейін толық көрсете ала ма? Бұл да өткір мәселенің бірі. Себебі нағыз психолог болу тек теориялық біліммен шектелмейді. Мысалы, гештальт-терапия немесе когнитивті мінез-құлық терапиясы сияқты бағыттарда жұмыс істеу үшін дипломнан бөлек, бірнеше жылдық қосымша дайындық, жеке терапия, супервизия қажет. Бұл – халықаралық стандарттарға сай қалыптасқан жүйе", – дейді маман.

Кәсіби қауымдастықтарда бұл механизмдерді реттейтін этикалық комитеттер жұмыс істейді, шағымдар қаралады, қажет болған жағдайда мамандарға шектеу қойылады немесе сертификаты қайтарып алынады. Яғни, сала өзін-өзі реттеу тетіктерін қалыптастырып қойған. Сондықтан оны толықтай мемлекеттік бақылауға өткізу тиімді ме, әлде керісінше кәсіби қауымдастықтарды күшейту керек пе, анығы белгісіз күйде жатыр.

Заң жобасына қатысты тағы бір маңызды мәселе – қазіргі сертификаттардың тағдыры. Көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мамандар мен институттардың еңбегі қалай бағаланбақ? Мамандар құжатта психологтардың міндеттері нақты көрсетілгенімен, олардың құқықтары жеткілікті деңгейде қамтылмағанын байқаған. Мысалы, клиенттен жазбаша келісім алу, құпиялылықты сақтау, өз біліктілігін ашық көрсету сияқты талаптар бар. Бірақ мамандарды қорғайтын құқықтық механизмдер әлсіз.

Демек, заң бірнеше мәселені де туындатуы мүмкін. Заңда негізгі талап ретінде диплом мен ресми тіркеу қарастырылса, бұл кәсібиліктің шынайы өлшеміндей есептеліп кетпек. Тек формалды түрде ғана дипломы бар, бірақ тәжірибесі мен дағдылары жеткіліксіз мамандар заңды түрде қызмет көрсете бастайды. Ал бірнеше жыл бойы халықаралық стандарттар бойынша оқып, тәжірибе жинаған мамандардың еңбегі еленбейді.

Иә, мемлекеттік лицензиялау жүйесі енгізілсе, ол белгілі бір деңгейде тәртіп орнатады. Бірақ артық бюрократия туындайды. Құжат жинау, тексерістерден өту, тіркеу рәсімдері – мұның бәрі мамандарға қосымша жүк болады. Әсіресе, жас мамандар үшін бұл салаға кіруді қиындатып жібермек. Шығын артқан жерде қызмет бағасы өседі. Яғни, мамандардың қызмет құны да шарықтайды.

Бұл тұста мамандардың пікірін ескерусіз қалдыруға болмайды. Әркімде өз мүддесі үшін күрес. Жаңа заңның оң әсері де болатынын жоққа шығаруға болмайды. Ең алдымен, ол психологиялық қызметті ресми түрде мойындатып, оның мәртебесін арттырады. Бірыңғай реестрдің пайда болуы халыққа мамандар туралы ашық ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Бұл бастама бүгін емес, бұрыннан қажет еді. Бірақ оның тиімділігі бірнеше факторға байланысты. Бастысы, заң формалдылыққа емес, нақты сапаға жұмыс істеуге тиіс. Ал формалдылық басым болса, халықпен қатар, психологтардың да шапқылауына тура келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу