Мәжіліс педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді жұмысқа алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатты депутат Асхат Аймағамбетов таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасында бірнеше норма көзделген.
"Біріншіден, педагогтердің балалардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілігін тек оқу процесі барысында айқындау көзделген. Яғни, оқудан тыс уақытта, кешкі уақытта, каникулда ата-аналардың жауапкершілігі болуы тиіс. Бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысының да тамыз кеңесінде берген тапсырмасы бар. Екінші – педагогтерді олардың кәсіби қызметіне қатысы жоқ түрлі іс-шараларға тартуға жол бермеу. Үшінші – есептілікті бір мезгілде екі форматта, яғни қағаз және электронды түрде жүргізуге тыйым салу. Ол тек бір форматта ғана болуы тиіс. Төртіншіден, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске педагогтің құқықтарын бұзғаны үшін санкцияларды күшейту жөніндегі нақты нормаларды ұсынып отырмыз", – деді мәжілісмен.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті заң жобаларын қарап, қорытынды әзірлеуге дайын.