ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микрокредиттік ұйымдардың жұмыс ережелерін өзгертеді, деп жазады inbusiness.kz.
Жаңа талаптарға зер салсақ, енді несие алу да, беру де қиындай түсуі мүмкін.
Қарыз алушылар үшін қандай шарттар өзгермек?
Бүгінгі таңда микроқаржылық ұйымдар клиенттердің несиені төлеу қабілетін өз қалаулары бойынша бағалайды. Нақтырақ айтқанда болашақ қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициентін (БЖК) әр ұйымда дербес әдіс арқылы есептеледі. Болашақта бұл талап болмауы мүмкін. Себебі жобада мұны алып тастау ұсынылған. Оның орнына ортақ формула енгізілмек.
Несие сомасын толығымен жабатын автокөлік, жылжымайтын мүлік және қомақты қаржыны кепілге қойып берілген несиелерді қоспағанда, борыштық жүктеме коэффициентін есептеу барлық микронесиелер бойынша жүргізілуі керек. Тағы бір өзгеріс борышкердің жылжымалы немесе жылжымайтын мүлкінің болуын ескермеу ұсынылып отыр. Сонымен қатар борыштық жүктеме коэффициентін есептеу кезінде клиенттің 3 айдан 12 айға дейінгі кезеңдегі ресми кірісі ескеріледі.
Микроқаржылық ұйымдарды қандай өзгерістер күтіп тұр?
Микроқаржылық ұйымдардың ең төменгі меншікті капиталына қойылатын талаптар кезең-кезеңімен 200 млн теңгеге дейін ұлғаяды.
МҚҰ-лар үшін міндетті ең төменгі меншікті капитал 100 млн теңге болып белгіленді. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап 150 млн теңгеге дейін ұлғаюы керек, ал 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 200 млн теңгеге дейін артады.
Бұл ретте, 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркеуден өткен МҚҰ-лар үшін ең төменгі меншікті капитал енді 70 млн теңгені, 2023 жылдың 1 қаңтарынан – 100 млн теңгені, 2023 жылдың 1 шілдесінен – 150 млн теңгені, 1 қаңтардан бастап – 150 млн теңгені құрайды. 2024 жылы – 200 млн теңгелік меже белгіленбек.
2020 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркелген және Астана, Алматы, Шымкент немесе облыс орталығында жұмыс істейтін несие серіктестігі үшін 2022 жылдан бастап капиталға қойылатын талап 50 млн теңгені құрайды. Басқа есеп аймақтарда тіркелген несие серіктестігі үшін биылдан бастап меншікті капиталға қойылатын ең төменгі талап 15 млн теңгені, ал 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 25 млн теңгені құрайды.
"Капитал резервіне қойылатын қазіргі талап бойынша 10 теңге шағын несиеге 2 теңге капитал қажет. Жаңа талаптар бойынша 10 теңге шағын несиеге 5 теңге капитал қажет", – деп жазылған жобада.
Бұған қоса, проблемалық қарыздардың өсуін шектеу үшін микроқаржылық ұйымның бүкіл портфелінің 20%-нан аспайтын шекті сома белгілеу ұсынылған.
Құралай Құдайберген