Енді салынып жатқан тұрғын үйді әкімдіктің рұқсатынсыз жарнамалауға тыйым салынады

295

Үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны және жарнаманы таратқаны үшін әкімшілік айыппұлды 2000 АЕК-ке дейін ұлғайтады.

Енді салынып жатқан тұрғын үйді әкімдіктің рұқсатынсыз жарнамалауға тыйым салынады Фото: canva.com

Мәжіліс құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаевтың сөзінше, үлескерлердің құқығын қорғау мақсатында бірқатар түзетулер енгізілген.

"Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамаға сәйкес, алдын ала шарттар, инвестициялау, брондау және т.б. шарттар жасасуға тыйым салынады. Құрылысы жүріп жатқан нысанды әкімдіктің рұқсаты немесе бірыңғай оператордың кепілдігі болмаған жағдайда жарнамалауға және екінші деңгейлі банктер ипотека рәсімдеуге тыйым салынады. Салынып жатқан тұрғын үйдің тапсыру мерзімдерін ұзарту қысқартылады. Үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны және жарнаманы таратқаны үшін әкімшілік айыппұл 2000 АЕК-ке дейін ұлғайтылады", – деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.

Бұдан басқа аталған заң жобасымен "Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы" АҚ мен әкімдіктердің де қызметіне түзетулер енгізілді.

Түзетулер аясында тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарттарын электронды форматта жасау мүмкіндігі және басқа да шаралар қарастырылған. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар шарттарды бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы есепке алуға міндетті болады.

"Бұдан бөлек, құрылыс компанияларына қойылатын талаптар оның тұрғын үй құрылысы нарығындағы жұмыс тәжірибесіне сәйкес төмендетіледі. Бұл норма құрылысшылардың үлестік қатысу механизмдеріне қатысу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді. Қаржылық есептілікті ақпараттық жүйелер арқылы ұсыну міндеттеледі. Сонымен қатар инжиниринг компаниялары үлестік тұрғын үй құрылысының барысы бойынша мониторинг нәтижелері туралы есепті ай сайын жергілікті атқарушы органға ақпараттық жүйелер арқылы ұсынуға міндетті болады", – делінген Мәжіліс таратқан хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу