620 мыңдай адам ғана тұратын Черногорияда (черногор тіліндегі тұпнұсқада Crna Gora немесе Қаратау) Түркияға қарсы наразылық күшейіп барады. Ел астанасы Подгорицада бұқаралық ауқымды қарсылық шерулері өтті.
Бірнеше жүз адам мигранттарға және түркиялықтарға қарсы саясатты қатайтуды талап етіп, Үкімет ғимаратының алдына жиналды. Айта кету керек, Черногорияда 14 мыңдай Түркия азаматы тұрып жатыр.
Ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл жолы митинг кезінде қоғамдық тәртіп бұзылған жоқ, айтыс-талас болғанымен, черногорлар мен түріктер арасында жанжал тіркелмеді. Соған қарамастан елдің әр түкпірінен жеткізілген тәртіп сақшыларының жасақтары қала орталығын күшейтілген бақылауға алды, кез келген бейберекетсіздікті жедел басуға дайын тұрды.
Халықаралық ақпарат агенттіктері бұл шиеленіске өткен сенбіде қоғамдық кең резонанс туғызған оқиға түрткі болғанын мәлім етті. Түркия азаматтарының бір тобы 25 жасар черногорға доқ көрсетіп, пышақпен тап берген.
Жергілікті БАҚ жазуынша, қақтығысқа жергілікті тұрғынның өзі кінәлі болған екен. Оған түркиялықтардың қоғамдық орында түрік әнін қосыла шырқағаны ұнамаған. Содан жас жігіт әннің шырқын бұзып, шаттанған топқа тиісе беріпті. Қызуқанды түрік азаматтары аталы сөзге тоқтамаған оған ақыры пышақ сілтеп, үркітпек болады.
Жағаласу барысында жігіт жараланады. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері тексере келе, жеңіл жарақаты оның өміріне қауіп төндірмейтінін куәландырған.
Бірақ бұл жағдай долы топқа тоқтау бола алмады, мұны өз өкіліне шабуыл ретінде қабылдаған жергілікті тұрғындар ертесіне, жексенбі күні топтаса көшеге шығып, жолай кездескен, түрік нөмірлері бар автокөліктерді қиратып, өртей бастады.
Онымен шектелмей, Түркия азаматтарына тиесілі, түркиялық инвестицияға салынған қоғамдық тамақтандыру орындарын, қонақүйлерді, сауда орындарын және басқа нысандарды бұзып, бүлдіруге кіріскен. Би-Би-Си жазуынша, ашулы топ тіпті ел астанасының орталығында үлкен түрік мейрамханасын талап, тонады.
"Өміріне және денсаулығына қауіп төнген Түркия азаматтары бітеу ғимаратты, жақсы қорғалатын казиноға кіріп, тығылуға мәжбүр болды. Полиция жергілікті тұрғынға пышақпен тап берді деген күдікпен 2 күдіктіні – Түркия мен Әзербайжан азаматын ұстап алды. Сондай-ақ, осы түркітілдес екі мемлекеттің паспортына ие өзге де азаматтарын тұтқындап әкетті. Билік өкілдері басқа ұсталғандардың елде заңды болуын растайтын құжаттарының мерзімі өтіп кеткенін хабарлады", – деп жазды ВВС.
Бастапқыда астанадағы тәртіпсіздікті жергілікті тәртіп сақшылары сырттай ғана бақылап, араласпапты. Бұзақылар жасайтынын жасаған соң полицейлер жасақтары сау ете қалып, түркітілдес азаматтарды шетінен ұстап әкетті.
Салдарынан, рейд барысында Түркия мен Әзербайжанның кем дегенде 45-тен астам азаматы тұтқындалды. Оларға елге заңсыз кірген деген күдік келтірілді. Ұсталғандардың бір бөлігіне әкімшілік айыппұл салынды. Басқаларына қатысты депортациялау туралы шешім қабылданды.
Құйтақандай ғана Қаратау елінің экономикасына мол инвестиция құю жөнінен Түркия – Сербия, Ресей және Германиядан кейінгі 4-орында тұр. Rex агенттігінің дерегінше, республикадағы коммерциялық мүліктің шамамен 60%-ы осы төрттіктің еншісінде.
Черногорияның өркендеуіне сүбелі үлес қосып отырған басты бір инвесторды аялау, сондай-ақ тырнақ астынан кір іздеп, тап берген жұртшылығына басу айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, жергілікті тентек-теліні жөнге келтіру орнына Үкімет бұзақылардың жетегінде кетті. Эскалацияға барып, Түркиямен арадағы визасыз режимді дереу жойды.
Елдің Сыртқы істер істер министрлігі 2025 жылғы 30 қазаннан бастап, Түркиямен арада біржақты түрде визалық режим енгізілгенін, бұдан былай Түркия азаматтары Черногорияға келу үшін елдің консулдығынан рұқсат-виза алуға міндетті екенін жариялады.
Балқантанушы Вадим Трухачевтің түсіндіруінше, бұл қадам сондай-ақ Черногорияда тұрақты немесе уақытша тұрып, қызмет ететін мыңдаған Түркия азаматының, соның ішінде бизнесмендердің елде болуын әп-сәтте заңсыз етті. Демек, бұл енді олардың шұғыл түрде және жаппай елден аласталатынын білдіреді. Олар виза ала алса ғана кері орала алады.
Өз халқына қайрылған Черногория Премьер-министрі Милойко Спайич сонау 2008 жылы инвесторларды кең тарту үшін Түркиямен арада енгізілген визасыз режимді тоқтататынын жариялады. Оның ұстанымынша, бұл "шетел азаматтарының елде болуын және қозғалысын қатаң бақылау тетіктерін қайта қарау және жетілдіру" үшін қажет.
Үкімет басшысы бұл тосын шешім "Черногорияда жүрген 14 мыңнан астам түркиялық азаматтың мүдделері мен мәртебесін ескеретініне" сендірді. Дегенмен, өз азаматтарының кемсітушілік пен қудалауға ұшырайтыны Түркияны алаңдатып отыр.
Анкара көршісінің елшісін түсініктеме беруге шақырып алды. Басты бір инвесторымен қақтығыстан ең алдымен өзі ұтылатынын Черногория біледі. Алайда әзірге кері шегініс жасамады, визасыз режимді қайтармады.
"Черногориядағы экономикалық белсенділікті сақтау және көрші елмен екіжақты байланыстарды нығайту үшін таяу уақытта біз Түркиямен белсенді келіссөздерді бастайтын боламыз. Біз қарым-қатынасымызды серіктестік пен тату көршілік рухында жалғастырғымыз келеді. Соның нәтижесінде қос тараптың да мүдделеріне сәйкес келетін ынтымақтастықтың ең үздік моделін түзуге тиіспіз", – деп, нақты істен гөрі бос пәлсапаға ұрынды премьер Спайич.
Дәл осы кезде Черногория Президенті Яков Милатович те позициясын көрсетті.
"Тұтас халыққа ұжымдық айып тағуға және стигматизациялауға жол бере алмаймыз", – деп пікір қалдырды ол әлеуметтік желідегі үндеуінде.
Кеше Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Черногория Премьер-министрі Милойко Спайичпен де, сондай-ақ әріптесі, қаратаулық сыртқы саясат ведомствосының басшысы Эрвин Ибрагимовичпен де телефон арқылы келіссөз жүргізді.
Reuters агенттігі Түркия СІМ-індегі дереккөзіне сілтеме жасап, Фиданның черногориялық биліктен осы елдегі мыңдаған түрік азаматтарының құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап еткенін хабарлады. Олардың жаппай депортациялануына Анкара төзбейді.
Жалпы, Черногория Ішкі істер министрі Данило Шарановичтің мәліметінше, қазіргі кезде елде уақытша немесе тұрақты тұруға ықтиярхаты бар шамамен 100 мың шетелдік тұрып жатыр. Шамамен әрбір жетінші шетелдік – Түркия азаматы.
Әйтсе де, Reuters дерегінше, кейінгі уақытта Черногорияға аттанған Түркия азаматтарының легі тез артып келеді. Өйткені Черногория шамамен 2 жылдан соң, 2028 жылы Еуропалық Одаққа мүше болуды жоспарлап отыр.
Еуроодаққа кіргенше, түрік азаматтары бұл елде бизнесін ашып немесе тұрақты жұмысқа орналасып үлгеруді көздейді. Еңбекқор түркиялықтардың жұмыс орнынан айырғаны, нарықта бәсеке құрып, өз компаниясын клиентсіз қалдырғаны жергілікті жұртшылыққа ұнамайды.
Әрине, Қаратау елі Түркиямен әскери қақтығысқа бармасы даусыз. Түрік басылымдары көрші елде толыққанды армияның да жоқтығын еске салып өтті. Черногорияда бүгінде әскери қызметте небәрі 2 885 әскери ғана бар. Тағы 2 800 жауынгер – резервте. 2025 жылы мемлекеттің әскери бюджеті 134 млн долларды ғана құрады.
Ал, Global Firepower жаһандық рейтингі бойынша 2025 жылы Түркия әскери қуат-күші жөнінен әлемдегі 9-шы орынға шықты. Түркия сондай-ақ НАТО-дағы АҚШ-тан кейінгі екінші қуатты әскерге ие.
Оның тегеуріні әрі қарай құрыштай бекуде. Reuters Түркияның Еуропадан жаңа, заманауи "истребительдерді" қаптатып сатып алып жатқанын мәлім етті. Таяуда Ұлыбритания Түркияға 20 жаңа Eurofighter Typhoon жойғыш ұшақтарын сату туралы келісімге қол қойды. Бұл қаһарлы "темір қыранды" еуропалық қорғаныс компанияларының бірлескен консорциумы өндіреді.
Жалпы құны 8 миллиард фунт стерлинг (10,7 миллиард доллар) тұратын келісімге Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармер қол қойды. Eurofighter Typhoon "истребительдері" Анкараға 2030 жылға дейін жеткізілуге тиіс.
Сондай-ақ, Стармер бұл келісімнің жиырма ұшақпен шектелмейтінін, одан әлдеқайда көп әуе көлігін сатып алу мүмкіндігін қарастыратынын нақтылады. Ал, түрік лидері осы 20 еуропалық әскери әуе көлігі сыртында Анкараның Оман мен Қатардан тағы 24 қолданыстағы жойғыш ұшақтарын сатып алатынына құлаққағыс жасады.
Бұдан бөлек, Түркия Еуропадағы жетекші әскери дрондар өндірушісіне айналды. Reuters-тің дерегінше, Түркияның әскери әуе флотын күшейту арқылы Еуропа өзінің шығыс шебін нығайтуға ұйғарды.
 
                                         
                                         
                                         
                                         
                                         
                                        