Енді жасанды интеллект қолданғандарға айыппұл салынуы мүмкін

270

Әр технологиялық жетістік қоғамға пайдасымен бірге зиянын да тигізіп жатады.

Енді жасанды интеллект қолданғандарға айыппұл салынуы мүмкін Фото: ЖИ

Қазір күннен-күнге жасанды интеллект жасаған суреттердің шын-өтірігін айыра алмай барамыз. Әлеуметтік желіде де осы қатардағы бейнежазбалардың көбейіп, шатастырып жүргендердің көптігін аңғардық.

Десек те, бұл түйткілді Қазақстан өзге елдер секілді заңмен реттеуге көшті. Заңға былтыр жыл соңына қарай "Қазақстанда жасанды интеллект арқылы жасалған кез келген контент арнайы белгімен жариялануы тиіс" деген норма қосылды. 16 қаңтардан бастап күшіне енді. Енді не өзгеруі мүмкін?

Мәселен, сіз кез келген әлеуметтік желі немесе ғаламторға жүктейтін фото, аудио, бейнежазбаңызды жасанды интеллект арқылы өңдеген болсаңыз, арнайы белгі немесе "ЖИ көмегімен жасалды" деген ескертпе қоюыңыз керек. Бұны жасырып қалу заңға қайшы әрекет саналады.

Бір жағынан бұл қадам алаяқтықтың алдын алуға бағытталғандай көрінеді. Өйткені желіде танымал адамдардың бейнесі мен дауысын пайдалану арқылы онлайн казино, букмекерлерді жарнамалағандар көбейді.

Ал белгі немесе ескерту қоймай, ЖИ контенттерін жариялай берсеңіз айыппұл төлеуіңіз мүмкін. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексте алғашқы заң бұзған жағдайда жеке тұлғаларға – 15 АЕК (2026 жылы 64 875 теңге), шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК (86 500 теңге), орта бизнеске – 30 АЕК (129 750 теңге), ірі бизнеске 100 АЕК (432 500 теңге) айыппұл салынады. Егер заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі екі есеге жуық өседі.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева жасанды интеллект көмегімен жасалған фото не видеоны қандай жағдайда таңбалау қажет екенін баяндаған. Оның айтуынша, дипфейк ұғымына қатысты сұрақтар туындаған. Депутат оның екі түрі барын айтады. Біріншісі, білім беру немесе басқа саладағы цифрлық контентте қолдану. Бұл жағдайда ЖИ көмегімен фото жасау барысында адамның келісімін алу және жеке деректерді қорғау туралы заң талаптарын сақтау қажет.

Екіншісі, алаяқтық және басқа да заңсыз мақсатта пайдалану. Бұл жағдайда ЖИ көмегімен жасалған өнім экономикалық шығынға әкелді ме немесе адамның беделіне нұқсан келтірді ме деп қаралады.

Әйтсе де алдағы жылдары ЖИ контентіне қатысты жаза ауырлауы мүмкін. Өйткені келешекте дипфейкке қатысты қылмыстық кодекске де норма қосу жайы талқыланып отыр.

Қазір жасанды интеллектіні қолдану бойынша курс сататын адамдар көп. Онлайн платформадағы контент пен ақпарат таратудың сапасы осы заңнамалардың арқасында өсуге тиіс. Осы күні ірі ЖИ-сервистер автоматты түрде логотип немесе арнайы белгі қоя бастады. Билік өкілдерінің айтуынша, болашақта бұл талап барлық жасанды интеллект платформаларына ортақ стандартқа айналуы мүмкін.

Бұрын шығындалып жасататын тойға шақыру, әлеуметтік роликтерді қазір оп-оңай ЖИ арқылы жасау трендке айналып кетті. Тіпті, білім, медицина саласындағы мамандар тек жасанды интеллектімен жасалған контентті таратып жүр. Тарихи оқиғаларды, бір өнімнің ағзаға қалай әсер ететінін ЖИ арқылы тамаша жеткізуге болады. Нарыққа тіпті ЖИ контентмейкерлер қосылды.

– ЖИ жасаған контентті көбіне инстаграмм желісіне жариялаймыз. Инстаграмда "ЖИ арқылы жасалды" деген арнайы батырма бар. Соны міндетті түрде басу керек. Осы батырманы басқаннан кейін ғана контентті жүктейміз. Жасанды интеллектіге қатысты жаңа заң қоғамға ауадай қажет. Өйткені өзіміз де ЖИ-мен жасалған адам бейнелерін шынайылықтан айыра алмай қалдық. Бұндай контенттерде заңға қайшы келетін кейбір дүниелер де айтылуы мүмкін. Жасанды интеллект бағдарламалары бірнеше топқа бөлінеді. Мысалы, Google Labs-да 18 жасқа толмаған балалардың бейнесін жасатқызбайды. Тек қана анимацияланған мультимедиалық түрін жасауға рұқсат беріледі. Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты танымал тұлғалардың шынайы бейнесін жасауға рұқсат етілмейді. Зорлық-зомбылыққа қатысты заттарды да жасауға болмайды, – дейді контентмейкер Мәншүк Әділхан.

Уақыт өткен сайын ЖИ саласы қарқынды дамып жатыр. Мүмкіндігімен қатар, күдік ұялатар тұсы көп. Міне, цифрлық кеңістік ақырындап реализмге айналып, қоғамның түйткіліне айналды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу